Астанада Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері дүрілдеп өтті

Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО — 2017» көрмесі аясында 24-27 тамыз аралығында елорда төрінде Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері өтті. «Орысы ормандай, қазағы қадау-қадау» аққайыңды өлке, Астанадағы думанға мол әзірлікпен келді. Кезектегі мәдениет күндерін өткізуге 400-ден астам адам қатынасқан екен. Бұл туралы 21 тамыз күні ОКҚ-де өткен «Астанадағы Солтүстік Қазақстан облысының күндері» тақырыбында баспасөз конференциясында облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі Мадияр Қожахмет баян еткен болатын. Аталған шараға Мадияр Қожахметтен өзге Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев пен Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Әдемі-ау» би  ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Расима Сучкова қатысты.

Мадияр Қожахмет Астананың сегіз алаңында 11 күн бойы Солтүстік Қазақстан облысының  мазмұны бай  шаралары өтетіндігін айта келе:

— Мәдени шараларға 400-ден астам адам қатысады, олардың ішінде Солтүстік Қазақстанның даңқын асырған мәдениет қайраткерлері, облыстың үздік шығармашылық ұжымдарының қатысушылары, әншілер, әртістер, сәндік-қолданбалы өнердің шеберлері бар. Біздің мәдени бағдарламамыз экспозициялық-көрмелік және театрлық-концерттік бағытта  көрсетілетін болады. Көрме үшін республикаға белгілі шебер және біздің жерлесіміз Мәди Қажы қолдан жасалған сирек кездесетін және бірегей музыкалық аспаптар әзірледі, олардың ішінде ескі технологиямен әзірленген жетіген, адырна,  шаң қобыз бар. «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде солтүстік өңірдің сәндік-қолданбалы өнерінің танымал шеберлерінің ауқымды көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көрмеге әртүрлі  материалдардан жасалған бұйымдар қойылады. Сегіз қанатты киіз үйде «Атамекен. Әкелер жері» атты тарихи  мұражай көрмесінің 700-ден астам жәдігері  орналасады. Мұнымен қоса Солтүстік Қазақстан облысы барлық өңірлердің ішінен алғашқы болып Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында  Солтүстік Қазақстанның қасиетті  жерлері туралы айтып, көрме өткізетіндігі, латын хәрпіндегі бірегей құжаттарды, қазақ-орыс қатынастары туралы материалдарды, СҚО-ның мұрағатында сақталған 1800 жылғы  мешіттер мен шіркеулердің сақталып қалған тіркеу кітапшалары, —  деді.

«Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, бұдан кейінгі уақытымызды Астананың белгілі аумақтарындағы той-думанға арнадық.

 «Аққайыңды аймақтың» Астанадағы сауығы

21 тамыздан 31 тамызға дейін 11 күн ішінде «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде арнайы жабдықталған киіз үйлерде солтүстікқазақстандық суретшілер мен қолөнер өнер шеберлерінің шеберлік-кластарын өткізумен, көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.  «Этноауыл» кешенінің үлкен қақпасынан кірген бойда сол жақ шетін ала тігілген ақ шаңқан үйлерде орналасқан әр түрлі жәрмеңке келушілерді өзіне баурады. Мұнда келушілер ұлттық музыка аспаптары мен ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарды, құрақ көрпелер мен кестелі бұйымдарды, бағалы металдардан жасалған әшекейлерді, саз балшықтан жасалған түрлі кәдесыйларды арзан бағамен сатып алып жатты. Теріскейден келген жәрмеңкенің өзгелерден бір ерекшелігі — мұнда дайын бұйымдардан гөрі, шеберлер жұрт алдында өнерлерін көрсетіп, бұйымдар жасайтындығы. Өздерінің өнер туындыларын көрмеге қоюмен қатар, келушілердің көз алдында бұйымдардың қалай дайындалатындығын да көрсетіп отырған шеберлерге жұрт тамсана қарап, қызықтап жатты. Ольга Ермак (тастарды пайдалана отырып, сутуаж әшекейлерін дайындайды), Әлия Бельденова (ұлттық стильдегі интерьер қуыршақтар жасайды), Елена және Борис Козловы (ағаш қабығынан бұйымдар жасайды), Дауенова Кағира (тігін ісі: көрпе, дастарқандар, қыз жасауын тігудің шебері), Светлана Холопова (киізден бұйымдар жасайды), Болатбек Калдыров және Қанат Айдарханов (ағаш шебері: астау, ожау, кесе жасайды) және басқалары, Солтүстік Қазақстан облысының арнап тіккен сегіз үйінде «Атамекен» көрмесінің көрігін қыздырды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын кейбір азаматтар бұйымдардың қалай дайындалатындығын көздерімен көріп, «тегін шеберлік-кластан» өтіп жатты.

«Әкелер жері» Солтүстік Қазақстан облыстық мұражай бірлестігінің қоры,  қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетімен таныстырды. Көрмеде Солтүстік өңірдің аңшылық құрал-жабдықтары, ат әбзелдері, батырлардың қару-жарағы, музыкалық аспаптар, ер және әйелдер киімі, ас үй бұйымдары, суретшілер суреттері жұрт назарына ұсынылды.

Бас қаланың тұрғындары мен қонақтарына арналған сауық 24 тамызда Астана қаласы әкімдігі жанындағы алаңда Солтүстік Қазақстан облысы туралы деректі фильм және «Есіл өңірінің жұлдыздары» мерекелік концертімен басталды. Осылайша жалғасын тапқан тамылжыған тәтті әуендер мен мың бұралған билер қаланың әр түкпірінде жалғасты.

26 тамызда «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде «Сегіз Сері» қазақ халық аспаптар оркестрі, «Балқадиша» вокалдық тобы, «Айнар», «Самғау», «Әлем» эстрадалық топтарының қатысуымен концерттер өтті.

26-27 тамыз күндері асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас,  жамбы ату,  аударыспақ, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар да келушілерге тамаша көңіл күй сыйлады. Солтүстік Қазақстан облысының «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіндегі мәдениет күндерінің  шарықтау шегі 27 тамыз күні сағат 21.30-да өткен «Қызылжар елі — Жемчужина Казахстана» гала концерті еді. «ЭКСПО — 2017» көрме кешенінің «Амфитеатр» алаңындағы концертті тамашалауға келген халықтың қарасы мол болды. Солтүстік Қазақстанның тумалары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов пен Дәурен Ғлымовтың қатысуымен өткен гала концертке республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, Сочиде өткен «Новая волна — 2017» халықаралық   балалар әнінің байқауында  еліміздің намысын  қорғаған Әмина Жапар қатысты.

Кезектегі ауқымды шара аясында солтүстіктің театр ұжымдары да елорда көрермендеріне өз қойылымдарын ұсынды. 25 тамызда Н.Погодин атындағы драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры залында, Астана көрермендеріне Н. Гогольдің «Ночь перед рождеством» атты қойылымын сыйлады. Сол күні С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театры Астанадағы өнердің ордасындай болған «Қаллеки театрында» орыстың классик шығармасы «Ревизорды» сахналады.

Облыс мұрағатындағы тарихи айшықтар

2017 жылдың 24 тамызында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві бірлесіп «Қазақстанның жаңа тарих белесі» атты тарихи-құжаттық көрмесін өткізді. Мұрағатының көрме залында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының сирек кездесетін және бірегей  материалдар көрмесінің алғаш рет таныстырылымы өтті. Бірнеше бөліктерден тұратын көрмеде: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Солтүстік Қазақстанға іс-сапарлары», «Тәуелсіздік туын көтерген Абылай хан», «Петропавл қаласының тарихы сәулет ескерткіштер фотосуреттерде», «Солтүстік Қазақстан облысына — 80 жыл», «Қызылжардағы Алаш қайраткерлері», «Солтүстік Қазақстанның айтулы есімдер галереясы», «Қызылжардағы киелі жерлер», «Латын әрпімен жазылған архив құжаттары» келушілер назарына ұсынылды. Архивтің директоры Сәуле Маликова жиналған жұртқа атақты Мағжан ақынның қолжазбасы туралы айтты. «Көрмеде мешіттер мен шіркеудің метрикалық кітаптары, Қазақ хандығының тарихы мен XVIII ғасырдағы шетел архивтерінің құжаттары мен құжат көшірмелері, «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» қызметіне қатысты бірегей құжаттар ұсынылады. Бұдан бөлек алғаш таныстырылатын құнды материалдардың бірі — ақын Мағжан Жұмабаевтың осы уақытқа дейін құпия сақталып келген қолжазбасы. Бұл құжат бұрын құпия сақталып келген. Алайда одан «аса құпия» таңбасы алынып тасталды. Құжат 1922 жылдың 20 тамызы күні облыста аштық болған кезде жазылған», — дейді Сәуле Маликова.

Қызылжар елі бүгінде Алаштың айбоз ақыны Мағжан Жұмабаевпен мақтанады. Күллі Алаш жұртының сүйікті перзентінің артында қалған еңбектері қазақ елі егемендігін алғаннан бері үздіксіз жинақталып, кемелдену үстінде. Күні бүгінге дейін өлімінің өзі алуан түрлі жорамалданып келген Мағжан ақынның қолжазбасы осы көрмедегі ең таңдаулы, ғажайып жәдігер десек, қателеспейтін едік.

Қызылжар — тарихи қала, бұл жерде Хан Абылайдан да ескерткіш қалған. Алаш арыстарының ізі жатқан қасиетті мекен ежелден қазақтың атақонысы есептеледі. Қызылжардың іргесіндегі «Ботай қыстағы» туралы айтсақ, тіпті алысқа кетеміз. 1752 жылдан бастап іргесі қалана бастаған «Әулие Петр» қамалы уақыт өтке келе «Петропавл» атанды. Осы қамалдың айналасында бой көтерген «Қызылжар» қаласында қазақтардан өзге татар, орыс халықтары өмір сүрді. Бір тарихи деректерде 1759 жылдан бастап Абылай ханның бастамасымен әр жылы тұрақты түрде жәрмеңке өткізіліп тұрған деседі. Арада қанша уақыт өтіп, қазақтар өз жерінде өгейдің күйін кешіп жүрсе де, қаланың «Қызылжар» атауын өшірген жоқ. Сол рухы асқақ елдің арасынан талай би-шешендер мен абыздар, ақын-жыраулар, даңқты қолбасылар мен батырлар шықты.   Қожаберген жырау, Тоқсан би, Біржан сал, Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Толыбай сыншы, бертінгі тарихта аты аңызға айналып кеткен ақиық ақын Мағжан Жұмабаев,  қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Иван Шухов,  күміс көмей әнші Ермек Серкебаев   республикамызға ғана емес, бүкіл түрік әлеміне танымал. Қазақ әдебиетінің көшін өрге сүйреген Сафуан Шаймерденов те, көзі тірісінде-ақ «әдебиет серісі» атанған Сәкен Жүнісов те, тек «Жез киікпен» ғана емес, жүздеген әннің сөзін жазған ақын, мемлекет қайраткері  Кәкімбек Салықов та, қарапайым қазақ ауылының тәрбиесін көріп, үш тілде бірдей көсілген, қазақ әдебиеті классиктерінің 150-ден астам шығармасын аударған, сөйтіп, «нағыз қазақ» атанған Герольд Бельгер де, Қарағанды университетіне есімі берілген академик, ғалым, жазушы, аудармашы Евней Букетов те Қызылжар өңірінің тумалары. Осындай бай тарихы мен тарихи тұлғалары бар қала, көрме аясында өзінің бай мұрағатымен де мақтана алатындығын паш етті. Шыны айту керек, Солтүстік Қазақстан облысының бұл қадамы өзге облыстарға үлгі болса, қанеки!

«ЭКСПО — 2017» көрмесіне орай Астанада өткізіліп жатқан облыстардың мәдени күндері қаланың көркіне көрік қосқан шаралардың бірі болып жатыр. Әр облыс өзіндік даралығымен көзге түсуді, өзінде барды жұртқа көрсете білуді мақсат тұтары анық. Осылардың ішінде «Қазақстанның солтүстік қақпасынан» келген қызылжарлықтардың жұрт назарына ұсынған тарихи құжаттар көрмесі бөгенайы бөлек жоба ретінде есте қалды.

Астықты аймақта биыл да егін бітік

Өндірісі өрге басып келе жатқан Солтүстік Қазақстан облысы — жайқалған астығымен де,  сұлу табиғатымен де ерекшеленетін аймақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, дарындылар мен таланттылардың «отаны» Солтүстік Қазақстан, соңғы кездері Елбасы жолға қойып келе жатқан «шетел инвестициясын тарту» бағытында да өнімді жұмыс атқарып келе жатқан облыс. Еліміздің астық қамбасына қомақты үлес қосып, «Қазақстан астық экспортындағы көшбасшы мемлекет» салауатына демеу беріп отырған алтын дәнді аймақ, ауыл шаруашылығымен қоса, өндірістің өзге салаларын да дамытуға талпынып келеді. Облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту және тиiмдi, сенiмдi және ұзақ мерзiмдi инвестициялық байланыстарды орнату, сол сияқты өңiрде инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың өзектi мәселелерiн шешу жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

Солтүстіктің игі бастамалары туралы айта берсек, бір мақаланың көлеміне сыймасы анық. Біз өз кезегінде астықты аймақтың мәдени өмірін тілге тиек еттік. Әрі өңірдің дамуға бет алған тың жобалары туралы қысқаша тоқталдық. Қамбасы дәнге, даласы әнге толған қасиетті өлкенің алар асулар көп болғай!

Ерқазы Сейтқали