Мұхит асқан жусан (Әңгіме)

Қарақат көздері жайнаңдаған Бобби есімді балақан сол бір таңғажайып түсті тағы да көрді. Жанына жақын, көктемнің самалындай жып-жылы. Ол биік үйлердің бірінде тұрады. Бұлардың үйлерінен де биік үйлер бар. Әнеки, терезеден көздері жалт-жұлт жанған Нью-Йорктің үйлері бұған таңдана қарап тұр. Бобби терезелерді олардың көздері деп ұғады. Сол көздерден саумалдай төгілген жарық мұның шағын ғана бөлмесін жап-жарық етеді. Қап-қара кірпі шаштары тікірейген, тәмпіш танауы, абыржыған алқоңыр жүзі, тіптен оң жақ бетіндегі тамшыдай сіріңке өңді меңі де ап-анық көрінеді. Боббиге әрі барса алты-жеті жасты әрең бересің. Абыржып тұрғаны рас. Оны абыржытқан әлгі түсі ғой. Қайта-қайта сол көрініс маза бермейді.

…Сап-сары құмы сусыған сахара ма деп ойлайды. Көгілдір аспан. Әппақ бұлттар жүзіп жүр. Күлімдеген күн. Тырбия өскен бұталар. Бұл жалаңаяқ. Жап-жалаңаш. Қолында, жо-жоқ астында шыбық-тай. Оң қолымен оның басын қыса ұстап әрі-бері шапқылап жүр. «Шүу, шүу!»– дейді шіңкілдеп. Түтіні бұрқыраған самауыр. Аржағында үй. Үй болғанда дөп-дөңгелек. Ақ киімді жылы жүзді әже бұған мейірлене қарайды. Әй, әй, аяғы шалынысқан бұл жалпасынан түсіп еді, әудемдегі әлгі әже жанына жетіп келді. Бұған бөтен сөздерді емірене айтады.

– Құлыным! Ботам!– Жып-жылы сөздер. Жұдырықтай жүрегін жылытқаны соншама аяғының ауырғаны да сап басылды. Әлгі әже мұны ыстық құшағына алып, тік көтерді. Жаңағы жып-жылы сөздерді қайталайды.

– Құлыным! Ботам!– Бобби сол сөздерді әженің айта бергенін қалайды. Әжесі мұны көтеріп биік құм төбенің басына шықты. Қайдан алғаны белгісіз қолында тырбық көкшіл өсімдік бар. Өзі иіскейді, бұған да иіскетеді. О-о, қандай ғажап иіс! Иіскеген сайын жаны жадырайды. Біртүрлі ащылау иіс. Бірақ жанына жағымды. Әжесі бұның қолына әлгі өсімдікті берді. Бұл болса иіскейді, құшырлана иіскейді. Ра-ха-ат! Кенет беттерінде маскалары бар құс-адамдар әжесін аспанға көтеріп ұша бастады. Міне, қызық, Бобби өзінің әлгі исі бұрқыраған өсімдікке айналғанын сезді. Боббидің жаны шырқырап қоя берді. Бақырып жіберді.

– Әже! Әже-е!

Оянып кетті. Бобби қарақат көздерін жарқ еткізіп ашқанда өзінің ұйқы бөлмесінде жатқанын білді. Осы түсі бірнеше рет қайталанды. Тіптен бір-екі рет әке-шешесі де жүгіріп жетті. Боббилерінің мұнысы оларды қатты абыржытты. Бобби оларға түсін айтып берді. Олар да «Әже» деген сөздің мәнісін түсінбеді. Жан-жаққа хабарласты. Әсіресе Боббидің туған жері мұхиттың аржағындағы Қазақстаннан мән-жайды анықтағысы келді. Әже деген сөздің мағынасын ұқты. Ұқты да таң қалды. Әке Джек пен ана Эмми Боббиы туралы, оның тегі жайлы толық білмегеніне қатты ұялды. Боббидің түсінің мазмұнын жазып, оның атамекеніне жіберді. Оның жауабы қашан келетіні белгісіз еді.

Джек пен Эмми бірін-бірі сүйді. Үйленді. Жағдайлары жақсы. Жинаған байлықтары өздеріне жетіп артылады. Бір жаман жері он шақты жыл бірге тұрса да сәбилері болмады. Бұл екі жанды мұңға батыратын. Ақыры бір күні ақылдасты. Бүкіл Америкадан бала таппады. Кезекке тұрып еді, құрығанда он шақты жылда бір-ақ келеді екен. Таныстарын жағалады. КСРО деген зұлым империя тарағанын білетін. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттер бар екен. Соның ішінде Қазақ деген ел бұларға ұнады. Барды. Халқының тұрмысы нашар, кедей тұрады. Өзі аз халық болса да жетімдерін шетінен сатып жатыр. Жетімханалары көп. Асықпай аралады. Бірде қарақат көзді екі жастан енді асқан баланы көрді. Екеуіне де ұнады. Бұларға қарап сәби мәз болып күледі. Қазақша аты– Бөрібай. Оны Бобби деп ауыстырды. 9515-інші нөмірлі бала болып тіркелді. Яғни осыншама сәби шетелдерге сатылған…

Сүйкімді бала Боббиді олар өз балаларындай жақсы көріп кетті. Ағылшын тілін де Бобби тез игерді. Алғыр бала компьютерді өзінен-өзі үйреніп алды. Музыкаға да жақсы. Пианиноны кәдімгідей тартады. Екеуі де жұмыс істесе де, Боббилерін ойлап жүретін. Кешке дейін зорға шыдайды. Міне, соңғы кезде Боббилері түс көретінді шығарды. Одан кейін ауырып қалды. Түсінде көрген өсімдікті иіскегісі келетінін жиі айтатын. Ол қандай өсімдік? Мықты дәрігерлерге көрсетті. Олар қанша тексергенмен оның нақты диагнозын қоя алмады. Нәзік жүректі Эмми бір күні:

– Джек! Боббиымыздың ауруының емі сол өсімдік. Біз қайткенде де соны табуымыз тиіс. Әйтпесе Боббиымыздан айрылып қаламыз,– деп жылады. Ана жүрегі алдамайды. О-о, міне, тамаша! Бұлардың хатына жауап келді. Бобби– Бөрібайдың ата-бабалары Қызылқұм деген шөлде өсіп-өнген екен. Дөңгелек үй– ол қазақтың киіз үйі. Әке-шешесі машина апатынан опат болған. Бобби әжесі Қаламқастың қолында қалыпты. Бір жарым жасқа келгенде ол кісі де қайтыс болып кетеді. Бөрібайды жетімдер үйіне өткізген. Ал ол түсінде көрген өсімдіктің аты– жусан.

Жусан… Жусан… Джек пен Эмми оны бүкіл Америкадан таппады. Ол тек Қазақ жерінде өседі! Ол жаққа хат жазғанмен бір-екі айсыз келе қоймайды. Ал Боббилері күн сайын сарғайып әлсізденіп барады. Әке-шешесі ұшаққа билет алды. Мінеки, қазақ жері. Сырдария деген өзеннің аржағындағы Қызылқұмға олар машина жалдап әрең жетті. Қоңыр күз. Тұз жапқан кең даламен Қызылқұм сахарасына да жетті-ау. Бұлардың білгені жусанның қазақ жерінде он жеті түрі өседі екен. Оны дәрілік шөп ретінде қолданады. Ол құнарлы мал азығы, дәрілік бояуыш, тағамдық, витаминді эфир майлы өсімдік.

Мінеки, құмда тұр шынашақтай адам. Қолында жусан. Құшырлана иіскейді. Иіскеген сайын сөнуге айналған жанарларында от маздай түсті. Бобби өмірге қайта келгендей. Әке Джек пен ана Эмми мәз. Джек жүгіріп барып өсіп тұрған жыңғылдың бір бұтағын кесіп әкеліп Боббиге берді. Ол шыбыққа ырғып мініп шаба жөнелді. Сақ-сақ күледі.

– Әже! Әже-е!– дейді ол шіңкілдей айқайлап.

– Бобби! Борибай! Кулыным! Ботам!– деп оның әке-шешесі де мәз бола күліп балаларымен қоса жүгіріп барады…

  Ертай Айғалиұлы