Жарты ғасыр гүл атқан Өріккүл

Ұлы ғұлама Жүсіп Баласағұн: «Кісіге екі дүниеде бірдей пайдалы үш нәрсе бар: біріншісі — игілікті іс, әдемі мінез, екіншісі — әділдік, үшіншісі — ұят. Адам осы үшеуі арқылы бақыт табады», — деген екен.

Иә, адамзат баласы бақытты көктен тілеп, алыстан іздемейді. Оны төккен тер мен еткен еңбектен тауып, жемісін көреді. Бүгінгі әңгіменің кейіпкері де үлкен алдындағы инабаттылығын берік ұстанған, әдемі мінез бен игілікті істерді қатар иемденген, қашанда ақ сөйлеп, әділін айта білетін, жаны жайсаң адам.

Көркем мінезіне көркі де сай жарасым тапқан жанмен алғашқы кездескен сәтім де есімде. Одан бері де бірталай жыл артта қалыпты-ау!.. Үлкенге құрмет, кішіге ізеттілікпен қарайтын, ішкі-сыртқы мәдениеттілігі мен парасат-пайымы астасқан, ұжымдағы сыйлы да беделі жоғары әріптесіміздің есімі — Өріккүл Сандықбаева. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде (қазіргі Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті) тарих пәнінен дәріс беретін әріптесіміз Өріккүл Дүйсенқызы осы жылдар бойы сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарды. Өзім осы оқу орнында ұстаздық еткен жылдары бір кафедрада қызметтес болдық. Адал еңбек пен төккен тердің арқасында ғылымға қосқан үлесі де аз емес. Қазіргі таңда философия ғылымдарының кандидаты, ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының доценті Өріккүл Дүйсенқызының ұжымға сіңірген еңбегі еленіп, құрметке де ие. Адамның адамшылығы алған марапат пен алғыс хаттар санымен өлшенбек емес, адамға одан да жоғары көрік беріп тұратын, одан да биіктетіп, мерейін өсіретін нәрсе —  адамның болмысы, жақсы қасиеті. Жақсы адамның белгісі — тәлімі мен тәрбиесі, көргенділігі мен көркем мінезі, кісілігі мен кішілігі қашанда бірінші орында тұрады. Бірнеше жыл бір ұжымда қызметтес бола жүріп, ұстаз бойындағы өзім таныған жақсы қасиеттерінен кейінгі жастар үлгі алса, қанекей! Сөз орайы келгенде айтпағым, кәсіби білікті, жауапкершілігі жоғары, өз мамандығына үлкен талаппен қарайтын ізденімпаз, еңбекқор Өріккүл Дүйсенқызы факультет шеңберінде өткізілетін қоғамдық іс-шаралардың қандайы болсын, асқан белсенділікпен атқарады. Ол «факультет қайраткері» деген атақ та артық етпейтін, ұжымда ойып алар орныбар ұлағатты ұстаз.

Кеше ғана желкілдеп жүрген жап-жас әріптесім әрі сыйлы сіңлімнің қырмызы сұлу қырық жасы да қыр астында қол бұлғап қалып қойғанын, өрімдей көрінетін «Өріктің гүлі» де елу деген жастың жағасына жүзіп жеткенін байқамай қалыппыз.

Ер жасы — елуге толған Өріккүл Дүйсенқызының бойынан ұстазға тән ұлағаттылық, анаға тән терең мейірімділік, дос-жаран, туыстарға деген жылылық пен ізеттілікті сезініп, елуді еңсерген жасымен құттықтай отырып, алдағы ғұмырында да биіктен, тек шыңдардан ғана көріне берсін, қанаты талмасын, отбасы әрдайым қуанышқа толы болсын деген тілегім бар. «Өріктің гүлі» жыл он екі ай құлпыра берсін, бұйырса, саясында немерелері жемісін жеп, шаттанып жүрсін дегім келеді.

 

Рыскен Әбішева,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Сорбонна-Қазақстан институтының аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты