«Вконтакте» — анам, «Facebook» — әкем
Бүгін мектептен шаршап келдім. Көңіл күйім жоқ. Жақсы көріп жүрген қызым мені басқа біреуге айырбастап кетті. Күткен жоқпын. Ішім алай-дүлей. Не істерімді білмедім. Үйге жетуге асықтым. Себебі «анам мен әкем не дейді екен» деп асықтым. Есіктен кіре салып, дастархан басына да бармастан өз бөлмеме жүгірдім. Жасырары жоқ, көзімнен жас шығып келеді. Маған ақыл айтатын адам керек. Менің сырымды түсінетін жан керек. Мен бәрін сыртқа шығарып тастауым керек. Себебі мен бұл мәні жоқ өмірден шаршап кеттім. Иә, білем, жасым әлі он бесте болса да, мен оны түсініп келемін. Өмір сүру қиын екен. Махаббат неге сондай қатыгез…
Анамнан ақыл сұрау үшін WiFi-ды қосып отыра қалдым. Ақылын шетінен оқи бастадым. Анамның көзімен қарасам, өмір сүру сондай жеңіл секілді. Арасында шынайы сезім өліммен өлшенеді дейді. Не істесем екен? Жоқ, бұл ақылы ауырлау екен. Әрі қарай не дейсіз, ана?! Көңілім орнына түсе бастады. Анама рақмет, осындай ақылдарын айтып отыратын. Әкем не дейді…
Әкеме қарап едім, толып тұрған мәселе. Тіпті ақыл айтудың орнына уақыты жоқ. Қоғамдық мәселені талдап әлек. Анамның ақылдарын естіген де, көрген де жоқ. Себебі анам мені қазір ғана өлімге итермелеп қоя жаздады ғой. Құдай-ау, осындай да әке бола ма?! Күні-түні анама жақын болып жүргенім осыдан екен ғой. Шыны керек, 24 сағат анамның қасындамын. Оның күнде жазатын ақылдарын оқып тұрамын. Кейде тым еркін өмір сүргім келеді. Бір жолы байқамай әкеме қарсы шығамын деп, таяқ жеп алдым. Қазір әкемнің ақылдарын абайлап оқитын болдым. Тыңдайын десем, қорқамын.
Анама қарап ойланбаймын. Керегімді аламын. Әкеме қарап ойланам. Себебі өте ауыр. Керегімді алайын десем, әңгімелері қорқынышты. Не істемек керек?
Орнымнан тұрып, жасымды сүрттім де, ас үйге келдім. Көңіл күйім тоқ. Керегімді алдым. Махаббатсыз да өмір сүруге болатынын түсіндім. Рақат, ә! Ас үйге келсем, екі адам отыр… Бұлар кімдер?
Марғұлан Ақан