Ұлттық спорт ойындары қалай ойналады?

Біз осы мәселе жөнінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚазСТА-ның Ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі Ерғали Мұхитдиновпен тілдескен едік.

— «Ұлттық спорт пен ойындарымызды толық түгендей алдық па?» — деуге келсек, шама келгенше түгендеуге тырысып келеміз. Оған дәлел «Ұлы Дала ойындары» фестивалі жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Онда ұлттық спорттың он бес, он алты түрінен спортшыларымыз бақ сынайды, жыл сайын бағдарламаға ежелгі ойынның бірлі-жарымы қосылып отырады. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан, технологиясы көнеріп кеткен ұлттық ойындарымыз да жаңғыртылып жатыр. Мәселен, қазір шөген ойынының даму қарқыны жақсы.

Шөген — түркі тілдес халықтардың арасында кеңінен танылған спорттық ойын. Еуропада бұл ойынды атты хоккей, поло десе, Азияда шоған, шөген, човган деп атайды. Бір кездері ұмыт болған шөген ойыны бүгінде жанданып отыр. Тіпті, арнайы федерация құрылып, бағыты мен бағдары айқындалып келеді. Таразда өткен Қазақ халқының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында поло ойынына алаң салынып, алғаш рет халық алдында ойнатылды да. Шөген Федерациясының негізін қалаушы Сәрсен Құранбек жыл сайын осы ойынды дәстүрлі түрде ұйымдастырып жүр. Тақымы мықты, қолы епті жігіттер поло ойнауға жергілікті жылқы жарамайды деген қасаң пікірді де жоққа шығарып, қазақы тұқымды жылқыны баптап шөген ойнауға үйретіп келеді. Сонымен қатар, балаларды жастайынан атқа отыруды, шөген ойнауды үйретуді қолға алмақшы. 2014 жылы желтоқсанда Қазақстан шөген федерациясы халықаралық поло федерациясына мүшелікке қабылданды. Осы уақыт аралығында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласында өңірлік федерациялар ашылып, клубтар құрылды. Егемендік алғалы бері еліміз ұлттық спортымыздың, салт-дәстүріміздің, ұлттық жәдігерлеріміздің келешегіне алаңдап, олардың тарихтың қойнауында көмескіленіп қалмауына барын салып жатыр. Солардың бірі — көкпар.

Этнографтардың айтуынша, көкпар ұлттық ат спортының атауы «көк бөрі» сөзінен шыққан. Тұрмыс-тіршілігін аң аулап, мал бағумен өткізген ата-бабамыз, малға шапқан көк бөріні соғып, өлігін ат үстінде сүйрелеп, бір-бірінен ала қашып мәз-мейрам болысады екен. Содан кейін ол ұлттық ойынға айналып, Орта Азия халықтарының сүйікті ойынына айналып кетті. 1949 жылы көкпар жарысының ережесі бекітілді. Ойын өтетін алаңның көлемі қатысушылардың санына сәйкес болуы керек. Егер әр командада 5 адамнан болса, алаңның ұзындығы 300 метр де, ені 100 метр, ал 10 адамнан болса, 500×200 метр; 15 адамнан болса 700×300 метр, 20 адам болса, 1000×500 метр болуы керек. Әдетте, көкпарда басы кесілген серке ойнатылады. Көкпар жаппай тартыс, дода тартыс деп екіге бөлінеді. Қазір көп жерде дода тартыс ойнатылып жүр, ал жеке тартыс әлі іске қосылмаған, әдісі де ұмытылған сияқты. Жеке тартыстың талабына келсек, екі жақ екі-екі тартысушылар шығарады. Сайланған төрт жігіт көрерменге өздерінің күш-қайратын көрсетеді. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, төрешілер белгілеген жерге апарып тастайды. Тартысқа шыққан жігіттер серкеге таласа-тармаса жетіп, жерден іліп алу амалын жасайды. Серке қайсысынның тақымында кетсе, сол ала қашады. Осыдан кейін тартыс қыза түседі. Көкпар тарта алмайтын қарттар мен балалар қызу ойынды тамашалайды. Біраздан соң серкенің терісі сыпырылып, еті көріне бастайды. Ойын осылай қыза түседі.

Аударыспақ деген керемет ойын бар. Бұл тек қазақ халқының емес, қырғыз халқының арасында да кеңінен тараған сайыс. Ол ептілікті, тапқырлықты, күштілікті талап етеді. Аттың құлағында ойнап өскен екі жігіт жекпе-жекке шығып, бір-бірін аттан аударып тастауға тырысады. Бұрынғы кезде той-жиын аударыспақсыз өтпейтін, бүгінде шопандар тойында, мерекелерде ойнатылып жүр.

Ал қыз қуудың ережесі қазір бір жүйеге келтірілді. Елімізде қыз қуудың алғашқы спорттық жарыстары 1923 жылы өткізілген болатын, содан бері мерекелік жиындарда өткізіліп жүр. Ойынның шарты қарапайым. Қыз бен жігіт жұп болып жарысады. Тегіс жерге сайыс мәресінің арасындағы бұрылыстарға жалауша қадалады да, қыз жігіттен 15 метрдей алда тұрады. Төреші белгі берген соң, жігіт қызды қуады. Егер белгіленген жалаушаға дейін қызға жетіп, бетінен сүймесе, жігіттің жеңілгені. Қыз кері қарай жігітті қамшылап қуады. Қыз бен жігіт жарыс барысында өздерінің тапқырлығын сынайды, ат үстінде шеберлігін шыңдайды.

Жылқы қазақтың тұрмыс-салты мен салт-санасының ажырамас бөлігіне айналып кеткен. Ертеде жігіттің атта  отырысынан-ақ оның болмысын таныған. Жігіттің ұтқыр әрекетін, ептілігін сынайтын ұлттық спорттың бірі – теңге ілу. Қазақ — ырымшыл халық. Егер бір ауылға келін ұзақ жылдан кейін келіп түссе, беташар тойдан кейін «арты тағы той болсын» деп ырымдап теңге ілу ойынын ойнатады. Сонда жас келін өзінің алқасының немесе шолпысының күмістерін орамалға түйіп, бір қарыс қазылған шұңқырға салып қояды. Ал ат үстіндегі жігіттер жүз, жүз елу метрден келіп, шұңқырдағы орамалды іліп әкетуі керек. Мәреге жақындаған кезде аттың шабысын бәсеңдетуге немесе тоқтауға болмайды. Егер сол жүйіткіген күйінде теңгені ілсе, жаңа түскен келіннің сыйы деп қабылдайды. Жеңіске жеткен жігіт теңгені өзіне алып қалмай, қалаған адамына береді. Бұл ойын бір кездері ұмыт қалған. Қазір ұлттық ойындар фестиваліне еніп, қайта жаңғырып келеді.

Жамбы ату — көнеден келе жатқан спорт түрі. Жамбы — алтын, күмістен жасалған бағалы бұйым. Ал пішіні ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болады. Сондықтан «тайтұяқ», «қойтұяқ», «жамбы», «бесік жамбы», «түйекөз жамбы», «қойбас жамбы» деп атайды. Ертеде бұл құнды бұйым ақша орнына жүрген деген де аңыз бар. Ал ойынның өзіне келсек, көшпенді халқымыз мергендік, жауынгерлікті жетілдіру үшін ойлап тапқан. Жамбы ату халық арасында мергендерді анықтап, олардың дәрежесін анықтау үшін қажет болған. Ал сол мықты садақшылардан арнайы топ жасақтап, жаугершілікке, соғысқа дайындаған. Жамбының «Айқабақ ату», «Алтын қабақ»  деген түрлері бар. Айқабақ алтыннан жасалады, алтын қабақ болса көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылып жасалады. Ойынның жалпы шартына келсек, жамбыны ұзын сырықтың басына іліп қояды да, атпен шауып келіп, садақпен атады. Садақшылардың өте жоғары деңгейдегі жарысы үлкен мерекелерде ойнатылатын болған. Кейде садақшы жаяу жүгіріп те атады. Ал садақ — сонау көшпелілер заманынан бері ата-бабамыздың иығынан түспеген қымбат мұрасы. Оның түрлі атаулары бар. Оның құрамында екі иіні, екі басы мен белі, жағы, тобықшағы, кірісі болады. Түрлеріне, құрылымына қарай  «Қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қайың садақ», «сарыжа», «адырна», «көн садақ» т.б. Жебенің де қырықтан астам түрі бар. Еліміз егемендік алған жылдары жамбы ату ұлттық спорты ойнатыла бастады. Ең алғаш, жаңылыспасам, Жамбылдың 150 жылдығы тойы қарсаңында өтті. Қазір бұл ойынның жалпы ережесі бекітілді. Бұл спорттың дамуы елімізде кенжелеп жатыр. Қазақта ат үстінде де, жерде де тең ойнатылатын спорт түрлері жетерлік.

Баланы атқа отырғызудың тәрбиелік мәні тереңде. Ат үстінде ойын ойнату, біріншіден,  баланың өзіне деген сенімін арттырса, екіншіден ептілікке дәріптейді. Ат үстінде де, жерде де өтетін сайыстың бір түрі — салыспақ. Бұл ерте кезде ел арасында кең тараған ойын болатын. Ойынға қатысушыға сойыл, қамшы, шоқпар, күрзі, таяқ сияқты қаруларды ат үстінде қалай ұстау керектігін үйретеді. Оларды сілет жерге тастаудың да, үйірудің де, ұрудың да жазылмаған тәсілдері бар. Сайысшылар ат үстінде жүріп жалт бұрылу, сойыл-шоқпармен, күрзі, қамшымен өзін-өзі қорғай білу амал-айлаларын үйренеді. Бұл, біріншіден, жасөспірімнің дене мүшесін шыңдаса, екіншіден, баланы төзімділікке дағдыландырғаннан шықса керек.

Ал алыспақ  — ат үстінде де, жаяу балаларға да арналған спорттық ойын. Бір-бірін аяқтан шалу, қайқайту, асылу, бұрау, қайыру арқылы сан түрлі тәсілдерді үйренеді. Алдын-ала күресуге машықтанады.

Тартыспақпен айналысқан бала ат тізгінін ұстау, аттың оқыс қимыл-қозғалыстарына төтеп беру, алдын ала аттың мінезін танып отыру секілді, физикалық та психологиялық та тәсілдерді үйренеді. «Ілдірмек», «тастамақ», «шанышпақ», «атыспақ» деген ойындардың түпкі көздегені бір. Ол — баланы жастайынан атқа еркін отыруға, ептілікке үйрету.

Сұхбаттасқан: Ермек Сахариев