Түлкібаста инвесторлар әк шығаратын зауыт салмақ

Түлкібас ауданында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әрбір ауылға инвестиция тарту, кәсіпкерлік саласын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Осы мақсатта аудан әкімі Н.Тұрашбеков Қытай елінен келген  кәсіпкер Лоджы Дунг пен оның бизнестегі серіктесі Яци Мин мырзамен кездесті.

Кездесу барысында  әктас өндіруде тәжірибесі мол кәсіпорын Түлкібас ауданынан әлемдік стандартқа сай әк зауытын салуға ниетті екенін айтып,  жобаға 10 млн АҚШ доллары болатын инвестиция құюға дайын екенін жеткізді.

 «Үрімші қаласында әктас шығаратын 3 бірдей зауытымыз жұмыс істеп тұр. Бұл бағытта біздің тәжірибеміз мол. Жоба құны – 10 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 7 млн. доллары зауытқа заманауи қондырғылар алуға жұмсалады.  Кәсіпорын тәулігіне 400 тонна оксид кальциін шығаруға қауқарлы болады», — дейді Лоджы Дунг мырза.

 Өз кезегінде аудан әкімі инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер мен жеңілдіктерді баяндап, өңірдің экономикалық–әлеуметтік ахуалын әңгімеледі. 

Егер жоба іске асса,  аталған зауытта жаңадан 110 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

Жұмыс сапарымен келген кәсіпкерлер мұнан бөлек, аудандағы әк тас өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі