Бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз!
Белгілі бір діннің мәнімен мағынасын түсіндіруге, уағыздауға арналған кітаптар мен шығармаларды – діни әдебиеттер деп атайды. Жалпы дін дегеніміз адамның таным – түйсігінің дүние мен жаратылысқа деген көзқарасын айқындайтын аса күрделі де маңызды әлеуметтік – мәдени институт, ерекше қоғамдық сана болып табылады.
Ислам дініндегі ең басты діни әдебиет – Алла Тағаланың Жәбірейіл періште арқылы сүйікті пайғамбары Мұхаммедке (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бөлік-бөлігімен уахи етіп отырған 114 сүреден құралатын қасиетті Құран Кәрім. Кейін оған Құран Кәрімнің мәнін қосымша түсіндіріп, мұсылмандарға бағыт-бағдар беретін ережелер мен шешімдер қосылды. Олар: хадис, иджма, қияс деп аталады.
Ислам философиясының түсіндіруінше, дін дегеніміз — әлемді байланыстыратын күш болушы — Алланың Тағаланың бар екендігіне сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін әркім өз жүрегі арқылы сезінуге тиіс. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі. Ал, Ислам дінінің қасиетті кітабы – Құран Кәрім барлық ғылымның қайнар көзі, адамды рухани кемелділікке жеткізетін Алланың сөзі болып табылады.
***
Орта ғасырларда араб елдерімен Ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салалары қауырт дамығаны тарихта белгілі ақиқат.Бұл құбылыс «Ислам Ренесансы» деген атауға ие болған еді.
Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, араб елдерінің, оның ішінде Орта Азия ғалымдары әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Жүйнекидің және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақтың Отырар жерінде дүниеге келген Әбу Насыр әл – Фарабидің жалғыз өзі 128-дей ғылыми еңбек жазды. Сол дәуірдегі ғалымдардың қай-қайсы да Жаратқан Иеміздің құдіреті күштілігін мойындады. Әл – Фарабидің аспан денелері, дүниенің пайда болуы туралы еңбектерінде Алла Тағала үнемі бірінші орында тұрды. Ол өзінің «Азаматтық саясат» деген трактатында: «Бірінші (Тұлға) жөнінде – бұл Құдіретті Алла деп сену керек» деп жазады.
***
ҮІІІ – ІХ ғасырда Ислам ғылымының ірі өкілдерінің бірі – Мұхаммед Хорезмидің жазған «Китаб әл – Мұхтасар» деген еңбегі ХІІ ғасырда Еуропа халықтарының тілдеріне аударылды. Хорезмдік бұл ойшыл үнділердің, парсылар мен римдіктердің математикадағы күрделі белгілерінің орнына бүгінгі қолданылып жүрген сан белгілерін ойлап тауып, алгебраның негізін қалады және Евклид пен Птоломей ілімдерін одан әрі дамытты. Хорезмидің «Астрономиялық кестесі» бүгінде әлемдегі теңдесі жоқ еңбек.
***
ХІІІ ғасырда Ислам ғылымының көптеген салалары латын тіліне аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тарады. Олардың ішінде әл-Фарабидің ғылыми еңбектері, музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, ме-дицина туралы ілімдері кең тараған еді. Оны таратқаны үшін монах Рожер Бекон шіркеу түрмесінде 14 жыл қамауда отырды. Осы орайда айта кететін бір жағдай, мұсылман емес елдердің көбінде кезінде ғылыммен айналысқан адамдар Исламнан басқа діндерде қатты қуғындалды. Мысалы, Италиядан шыққан философ Джордоно Бруно әлемнің ақыры болмайтынын дәлелдемек болғаны үшін жазаланып, 1600жылы тірідей өртеп жіберілді. Испаниялық философ Липель Сервет қан айналымын зерттегені үшін ХҮІІ ғасырда отқа өртеліп, өлтірілді. Галилео Галилей жердің айналатындығын дәлелдегені үшін көп уақыт бойы түрмеде отырғызылып, жазаланды.
Мұсылмандар арасында ғұламалардың қуғынға ұшырағандары болған да шығар. Алайда, Ислам дінінде ғұламаларды жазалау мәселесі жоқ, керісінше, біздің қасиетті дінімізде ғалымдар пайғамбарымыздан кейінгі Алла Тағала ісін алға апарушылар ретінде бағаланып, оларға құрмет көрсетілді. Мұсылман елдерінде кейбір ғалымдар қуғындалса, бұл Ислам дінінің үкімімен болған іс емес, ол сол елдің билеушілері тарапынан болған адами үкім ғана.
***
Өз заманында Әбу Райхан Бируни Құран Кәрімде айтылған су тасқынына байланысты көптеген зерттеулер жүргізсе, ағылшын археологы Леонард Ч. Вулли (1880-1960) қазба жұмыстары арқылы бұл жойқын су тас-қынының болғанын дәлелдеді. Атақты саяхатшы-теңізшілер, ХҮ-ХҮІ ғасыр-ларда өмір сүрген Христофор Колумб пен Васко до Гама Ислам ғалымдарының ғылыми еңбектерін пайдаланып, жер шарын аралады.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой Құран Кәріммен терең танысқаннан кейін Ислам дінін мойындап, «Мені Мұхаммедтің үмметі деп есептеулеріңді өтінемін», — деді. Карл Маркстің өзі Құранды араб тілінде оқып, оның ұлылығы мен тәрбиелік мәнін өте жоғары бағалады. Немістің атақты ақыны Гёте: «Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз», — деп жазып кетті.
***
Ислам дінінің осындай ғылым, білім, руханияттағы маңызы Кеңес дәуірінде дұрыс бағаланбады, ол қоғамда Ислам ғалымдарының ірі ғылыми жаңалықтары мен жетістіктерін тек материалистік жағынан ғана жақтау орын алып, дінге қатысты жақтары жасырылып, қайта оны дінге қарсы қоюға бағыт ұсталды. Сол атейстік идеологияның зардаптары бүгінгі тәуелсіздік заманында ғана жойылуда.
Құранды түсіну үшін адамға энциклопедиялық білім керек. Ислам дінді де, ғылымды да бір — бірінен ешқашан ажырата қарастырмаған. Өйткені қазіргі заманда ғылым қаншалықты биік жетістікке жетсе де, дінмен одақтас болып келеді. Тіпті ғалымдар кейбір нақты ғылыми жетістіктерді тереңірек түсіндіру үшін Құранның аяттарына жүгінеді.
Әлемге әйгілі ғалымдардың өздері мойындап отырғанындай, Құран Кәрім – Алла Тағаланың сөзі, ол – бар ғылымның бастауы, дінсіз – ғылым соқыр. Олай болса, ғылым – Алла Тағаланың сипаты, шынайы діннің кепілі.
***
1969 жылғы 20 шілдеде Америка Құрама Штаттары ұшырған «Аполлон – ІІ» экипажының ғарышкерлері Андрин, Коллипс, Армстронг адамзат тарихында тұңғыш рет Айға барып қонды. Олардың ішінде экипаж командирі Нейл Армстронг адамзат баласының ішінде ең бірінші болып Ай топырағына аяқ басып, «Бүркіт айға қонды» деген атпен тарихта аты қалды.
Осы ғарышкерлер жерден көтерілгенде парақтары ортасынан ашылған кітапқа ұқсас денені көрсе, ертеңіне ерекше бір дауысты естиді. Нейл Армстронг айға аяқ басқанда жаңағы дауысты тағы да естіп, қайран қалады. Ол дауыс, мынандай сөздермен бірнеше рет қайталанады: «Әшһәду әл-лә иләһә илла Аллаһ». Бұл дауыстардың бәрі магнитті таспаға жазып алынады.
Олар жерге оралысымен магнитті таспаға жазып алынған әлгі дауыс тыңдалып, оның жұмбағын шешпек болып, бірнеше қалаға барады. Осы мақсатпен Нейл Армстронг Мысыр астанасы Каирге келгенінде айда естілген дауысты көшеде естіп, қатты таң қалып, оның нендей музыка екенін сұрағанында мысырлықтар оның азан дауысы екенін айтады. Кейін үлкен конференцияда Нейл Армстронг сөз сөйлеп, онда былай дейді:
— Мен ғарышқа Бисмиллаһисіз шығыппын. Бисмиллаһиді қазір айтып жүрмін. Айда азан дауысын естігенім ғылыми дәлелденген ақиқат. Енді мен мұсылмандарданмын.
Иә, Алла Тағаланың құдіретінде шек жоқ. Нейл Армстронгтың айда азан дауысын естігеніне ұлық Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)мына бір хадисі нақты куә: «Сіздер азан шақырсаңыздар Алла тағала рахмет қылып жеті қат аспан есіктері ашылып, азан дауысы Алланың хұзырына ашық тоқтаусыз жетіп тұрады».
***
Осы тақырыпта айтылар сөздің салмағын бұл шағын мақала көтермейді. Адамның ауаның ағыстары бұлттардың қоюлануы, күн күркіреп, найзағайдың пайда болуы, жаңбыр жаууы, жерде дәннің өсуі, күндіз бен түн, аспан-галактика-кеңеюі, бұлардың белгілі бір осьте айналуы, жер бетіндегі жұптар, теңіз бен мұхит құпиялары, бал арасы мен құмырсқаның таңғажайып әлемі, құстардың қалай ұшатындығы, жануардың желініндегі сүт, адамның құрсақта пайда болуы, даму сатылары т.б. айтып тауысқысыз мың сан мәселелерді өзіне тән ерекше стиль арқылы өте көркем, әрі ғажап түрде баяндалған.
Құранға терең үңіліп қарар болсақ ондағы мәліметтердің маңыздылығын, ескірмейтіндігін көреміз, бұған қоса әрдайым ғылым салалары әбден дамығанда ғана анықталатын ең соңғы межені көздегенін байқаймыз.
Қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің:
«Бір Құдайға сиынып,
кел балалар оқылық!»-деп, оқудың жанына жаратушы иеміз Алла Тағаланы да қосуы, ақын Мұқағалидың:
«Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дін бірге бар!»-деуі де бекер болмаса керек-ті.
Ислам діні ешқашан ғылымға қарсы болмаған. Тіпті әрдайым қолдап отырған. Сондықтан дінді жақсы түсініп, Құранға құлақ асқанда ғана мұсылмандар ғылымда шарықтап, мәдениетте өркендеген. Әлемге ғасырлар бойы ұстаздық еткен. Алайда Құран қағидаларынан алшақтап, өзгелерге ес-түссіз еліктеп, өз тектерінен адасып, қастерлі ұғымдарды аяқасты еткен кездері еріксіз кері кетушілік бой көрсеткен екен.
Сондықтан да, кемеңгер А.Энштейн: «дінсіз ғылым – соқыр, ғылымсыз дін — ақсақ» екенін дәлдесе, қазақ ақыны М.Мақатаев: «дін – ғылымының анасы» деп жырлап – Ұлы Абай атамыз:
Әуелі Аят, Хадис — сөздің басы
Қосарлап бәйтсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз
Неге айтқан Пайғамбар мен оны Алласы — деп сөздің басы Аят, Хадис екенін оның қисынын (логикасын яғни ғылыми мәнін) уағыздап:
Алланың өзі де рас,
Сөзі де рас
Рас сөз ешқашанда жалған болмас!-депті.
Баршамызға Раббым сол расты толық түйсінуге нәсіп етсін! Әмин!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ