Ресей қанты несімен «тәтті»?
Қазақстан нарығында кім қожайын?
Қазақстан биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының алғашқы бес айында қантты Ресейден өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100 есе артық сатып алды. Нарықтың біржақты бағыт ұстануы, сөз жоқ, еліміздегі тәттінің бағасына кері ықпалын тигізбей қоймасы анық. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің қантты өзімізде өндірумен айналысуға құлықсыздық танытуы, айналып келгенде, Қазақстанды тауар өткізу нарығына айналдырып тынды. Ал ол нарықты «ақшаны кім төлесе, ән-күйге сол тапсырыс береді» дегендей, Ресей импортерлері қожайын ретінде билеп-төстеп отыр. Себебі бағасы арзан Ресей қанты біздің әдеттегі тауар қоюшыларымыз Бразилия, Куба, Украина өндірісшілерінің тауарларын нарықтан ығыстырып шығарды. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында жоғарыда аттары аталған үш мемлекет бізге 229 мың тонна қант қойған болатын. Тіпті жағдайды тиімді пайдаланып қалған Эстонияның өзі бір мөшек қантын бізге 262 еуро бағасымен өткізіп, қолын майлаған-ды. Бірақ уақыт өзгереді ғой. Содан да болар, биылғы жылы жоғарыдағы үш елден тек жалғыз Бразилия ғана бізге бар-жоғы 75,8 мың тонна ғана қант қойды. Ал Куба мен Украинаның нарықта өзі түгілі көлеңкесі жоқ. 2016 жылы Ресей қызылшадан бұрын-соңды болып көрмеген рекордтық өнім алғаны есімізде (51 миллион тонна). Осылайша, күтпеген жерден осыншама тәттіге белшеден батқан солтүстіктегі көршіміз өзінен артылғанының бәрін экспортқа шығарған, әсіресе Қазақстанға. РФ Федералдық кеден қызметінің деректері бойынша, 2017 жылдың басынан мамыр айына дейін Қазақстан Ресейден құны 37,5 миллион доллар тұратын қант өнімдерін импорттаған (өткен жылы осындай мерзімде бар болғаны 465 мың доллардың тауары сатып алынған, айырма 80 есеге жуық). Тоннасымен есептесек, сатып алу көлемі 117 есе артқан, яғни 540 тоннадан 63 тоннаға дейін.
Биылғы жылы көршіміз былтырғыдай ырғын өнім ала алмайтын сынды. Аграрлық нарықтың конъюктурасы институтының болжамына қарағанда, 2017 жылы қызылша қантын өндіру 6 миллион тоннадан аспайтын тәрізді. Бұл да аз емес, өткен жылғыға (6,2 млн. тонна) жетеғабыл. Осының 5,5 миллион тоннасын ішкі нарық жесе, қалған 500 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Қазақстанға дәл осы жарты миллион тонна өнім жеткілікті, өйткені біздің нарық жылына осындай салмақты ғана игереді. Бірақ Кедендік одақта бізден басқа өздері өнім өндірмейтін Армения мен Қырғызстан да бар ғой. Біраз тоннаны Белоруссия қосуы мүмкін, бірақ ол бізге аздық етеді. Ендеше, бізге Бразилия мен Кубадан бағасы қымбат қантты қосымша сатып алуға тура келеді. Ал ол бөлшек саудадағы бағаның аспандап кетуіне тікелей ықпалын тигізері кәміл.
Әр гектардан алынған өнімді өткізу бағасы жөнінен қант қызылшасы ең түсімді өнім түрі болып табылады. Ресейдің оңтүстігінде әр гектардан түскен өнім бағасы 150 мың рубльге дейін жетеді. Бірақ ол үшін аталған өнімді өсіріп-баптаудың технологиясын қатаң сақтау керек болады. Бұл ауыл шаруашылығындағы көп қаржы талап ететін, өңделуі мен өсіруі өте күрделі өнімдер қатарына жатады. Сондықтан оған агрономиялық қолдау көрсетпей, оны өсіріп-өндіру мүмкін емес. Мәселеге осы қырынан келсек, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі егістік алқаптарында жұмыс істейтін агрономдардың шамасы бұған жетер-жетпесін тап басып айту қиындық келтірері сөзсіз. Екінші жағынан, қызылшаны өсіру технологиясы бойынша, оған әдеттегідей үш емес, төрт егістік алқабы керек. Өйткені бір жер телімінде қызылшаны өсірсе, келесі жолы оны осы егіс алқабына үш жылдан кейін ғана отырғызуға тура келеді. Мұндай ауқымды суармалы жер телімі біздің елде екінің бірінде жоқ. Әдетте шаруалардың қолындағы жер телімі 10-15 гектардан аспайды. Тауарлық өнім өндіру үшін фермерлерге бірігу қажет. Бірақ бұған бізде жағдай жоқ. «КазАгроИнновация» арнайы бригада құрып, елдің түкпір-түкпіріне шығып, ондағыларды кооператив құруға үгіттеумен айналысуда. Бірақ олар әлгі кооперативті құрғанның өзінде, шаруалардың қандай заңға сүйеніп жұмыс істейтіні белгісіз. Өйткені «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң әлі де бір қайнауы ішінде жүрген шикі құжат, себебі онда оған қатысушылар арасындағы күрделі қарым-қатынасты қалай реттеу керектігі ескерілмеген. Мәселен, біреуінде тұқым себетін егістік жері бар болса, екіншісінде трактор, үшіншісінде комбайн бар. Олар бірге жұмыс істеуі керек. Егер трактор не комбайн сынып қалса, оны жөндеуге кім ақша төлейді? Мұндай ауы мен бауы бітпеген ұсақ-түйек мәселелер жеткілікті.
Ресейде жердің жетіспеушілігін агроөнеркәсіптік кооперативтер құрумен шешті. Әр зауыттың айналасында қызылша өсірумен айналысатын шаруашылық конгломеранті құрылады. Зауыт арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек іске асырылады. Зауыт болса, фермерлерге тыңайтқыштармен, тұқымдармен, жанармай және техникамен көмектесіп, агрономдар өнім өндіру технологиясының сақталуын бақылайды. Ал Белоруссияда кеңшарлар мен ұжымшарлар сақталып қалған, олар мемлекет тарапынан миллиардтаған субсидия алып отырады. Бізде бәрі керісінше. Еуразиялық комиссияның деректері бойынша, 2010-2014 жылдар аралығында елдегі қызылша егістіктері көлемі 9,3 есе қысқартылды, яғни 11,2-ден 1,2 мың гектарға дейін. Қант қызылшасы өндірісі 2014 жылы 4 есе қысқарып, 21,1-ден 5,2 мың тоннаға дейін құлдырап кетті.
Біздің зауыттарымыздың ақауы неде?
Қазақстанда бар 18 қант зауытының 2014 жылы тек алтауы ғана жұмыс істеді. Жаңартудан солардың екеуі ғана өтті. Салыстырмалы түрде алсақ, Беларуссияда төрт зауыттың бәрі жұмыс істеп тұрса, Ресейде 74 зауыттың 71-і, Қырғызстанда 4 зауыттың біреуі жұмыс істейді. Осының салдарынан тәтті у саналатын қанттың бағасы Кеден одағына кіретін елдердің ішінде Қазақстанда ең жоғары. 2010 жылы Кеден одағы елдерінің Қант одағы құрылғанда, қанттың 1 тоннасы Беларуссияда 600 долларға дейін, Ресейде 850 долларға дейін, Қазақстанда 900-1000 долларға дейін тұрды. Еуразиялық комиссияның құжаттарына сенсек, біздің өкілдер келіссөздер барысында саланың қирауын ішкі тұтыну бойынша қант шикізатын алымсыз импорттау бойынша жеңілдіктер алу үшін тиімді пайдаланған көрінеді. 2017 жылға алымсыз тауар әкелу квотасы 405 мың тонна болды. Ал Беларуссия мен Ресей импорттаушыларында мұндай жеңілдік жоқ, сондықтан биржадағы бағаға сәйкес, әкелінген әрбір шикізат тоннасына 140-тан 250 долларға дейін алым салығын төлейді. Біздің үкімет бұл айырмашылықты «қантты сырттан алуға тәуелділікті төмендету үшін түскен табыс пайдасын қант қызылшасы өндірісін дамытуға, қант зауыттарын жаңғыртуға бағыттаймыз» деп уәде еткен-ді. Бірақ қаражат ақыры бөлінбеді. Комиссия сарапшылары: «Қазақстанның көлемі бойынша белсенді әрі ештеңемен шектеусіз еркін қойма тәртібін пайдалануы Қазақстаннан ЕАЭО-ға мүше басқа елдердің нарығына тасымалданатын дайын өнімдер бәсекелестігі жағдайында кәсіпкерлік іс-қызмет жүргізуді енгізуде тең емес жағдайдың қалыптасуына ықпал етеді», — дейді. Қазақстандық кондитерлік бұйымдарды ЕАЭО елдеріне қою төрттен бір есе артып, 18,8 миллион долларға дейін, шоколад 1,8 есе артып, 24,3 миллион долларға дейін, қант қосылған сулар 5 есе артып, 5,9 миллион долларға дейін жетті. Қазақстаннывң осындай саясат ұстануы салдарынан 2014 жылы Достастық мемлекеттері өз бюджеттеріне 105 миллион доллардан астам кірістен қағылды.
Биылғы жылдың ақпан айында азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі бойынша Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінде өткен кездесуде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов: «Біздің ел өзін қантпен 3 пайыз қамтамасыз етеді. Қалғаны — импорт. Яғни 500 мың тоннаның тек 15 мыңын ғана өзіміз өндіреміз. Бөлшек саудадағы бағаны бақылауда ұстау үшін ең кем дегенде өнімнің 60 пайызы өзімізде өндірілуі қажет», — деп мәлімдеген. Десе де, қазіргі таңда біздің нарық мүлде реттелмеген, сол себепті үнемі бағаның толқуына жол беріледі, мұның арты орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін. Міне, нақ сол кезде нарықты ырықтандыруға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияның шамасы расында да жетпеуі ғажап емес. Сірә, шикізат қоюшылар әзірше алдарына мұндай мақсат қоймаған сынды. Ал ондай мақсатты қойса, не болары бір Аллаға аян демеске амал жоқ.
Ермек Сахариев