Экспедиция Сырымның жерленген жерінен оралды

Жымпиты-Нүкіс-Гүрлен-Үргеніш бағытындағы тарихи-танымдық экспедициямен көршілес Өзбекстан, Қарақалпақстан мемлекеттеріне ауданның аманатын арқалап барған экспедиция елге оралды. Оның жетекшісі, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева болса, мүшелері – Жәңгір хан атындағы  тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов,  Сырым Датұлының сегізінші ұрпағы Руслан Зинуллин, Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектептің мұғалімі Кемел Ессұлтанов.  Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев экспедиция мүшелерімен кездесті. Кездесуге аудан жастары, ардагерлер қатысты.

Экспедиция Өзбекстанның Нүкіс қаласында Өзбекстан Ғылым Академиясында археологиялық зерттеу институтының ғалымдарымен дөңгелек үстел басында кездесіп,  бір сағат жарымға созылған жиында Сырым батыр жайында үлкен әңгіме, деректер қозғалды. Біздің Сырым ауданының арнайы сыйлығы табыс етілді. Экспедиция жетекшісі, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева жүріп  өткен жолдағы қызықтарын, Гүрленде жерленген Ғайып ата – Сырым Датұлының мазарына барып, зиярат еткендерін айтты. Экспедиция мүшелеріне Өзбекстан Ғылым Академиясының тарихшылары, тарих ғылымдарының кандидаттары Асқар Жұмашев, Сәбит Нұржанов есімді  азаматтардың зор көмегі тиіпті. Осыдан он жыл бұрын жерленген жері табылған Сырым батырдың мазары екі бөлмелі екен. Мазар құлыптаулы тұрады екен.  Келушілерге  арналып, кілем, көрпе төселіпті.  Бабаның рухына арналып «Ясин» сүресі оқылыпты. Сырымның зираты биікте орналасқан екен. Ал өзбектер қайтыс болған адамды төменге жерлейді екен. Зираттың да сұлбасы өзбектердікіне қарағанда өзгешелеу, қазақтың зиратына көбірек келеді. Сол жақта Міскін деген ауылда «Сырым руынанбыз» дейтін қазақтар бар екен. Міскінге бару үшін Қазақстан шекарасына қайта кіріп барып, екі жүз шақырым жол жүрген  экспедиция мүшелері ол жерде шежірені білетін қарияларды ауылда болмағандықтан кездестіре алмапты. Алайда, сұрастырып, біліп, электронды түрде хат жолдап, қол ұшын созуға ниет білдіргендер табылыпты.

Өзбекстан Респубилкасының Батыры, тарих ғылымдарының кандитаты, археолог-тарихшы Хайреддин Қожаниязов «Қазақ жатқан» деген қорымның барын айтыпты.  «Қазақ жатқан» деген қорым Нүкістен шамамен 60 шақырым жердегі Бируни ауданының аумағында  екен. Оны археологтар зерттеп жатыр. Біздің заманымызға дейінгі 2 ғасырдың куәсі болса керек бұл қорым. Қорымға  аштықтан қайтыс болған қазақтар жерленіпті. Австралия, Франция археологтарының зерттеуі нәтижесінде бұл жерден 19 қазақтың сүйегі табылған екен.

Экспедиция мүшесі, Жәңгір хан атындағы  тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов Қарақалпақстан азаматтарының қазақ халқына деген көзқарасы өте жақсы екенін, ол жақта Ғайып атаның қазақтың батыры Сырым екенін бәрі білетінін айтты. Біздің экспедиция мүшелерін көріп, батырдың жоқтаушылары бар екен деп қуанса керек. Сырымның зираты Ғайып ата  деп алыстан, ғайыптан келіп қайтыс болып, жерленгендіктен солай аталған көрінеді. Ғайып ата қорымында қазақ батырының жерленгеніне ешкімнің дауы жоқ екен. Ол жақтағы қазақ ауылдарында Қыпшақ, Қоңырат Әлім рулары кездеседі. Қазақстаннан барған бауырларымен құшақтасып көрісіп, елге дұғай-дұғай сәлем айтыпты.

Бір, өкініштісі Өзбекстанда Сырым Датұлын, Ғайып атаны зерттеп жатқан бірде-бір ғалым жоқ екен. Сырым туралы зерттеген бір ғалым жұмысын қорғап,  ол жақтан қоныс аударыпты. Содан кейін Сырым Датұлын зерттеу жұмыстарын ешкім қолға алмаса керек. 

Сырым Датұлының сегізінші ұрпағы Руслан Зинуллин  атасының басына барып, жатқан жерін көзімен көріп, зиярат етіп келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Бабаның басына бес жыл сайын барып тұрсақ деген ұсынысын білдірді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерболат Исанов  Сырым батырды зерттеген ғалымдар туралы, Сырымның жатқан жері Өзбекстан мен Қарақалпақстанның шектесетін Гүрлен ауданында екенін айтты. Сырым бабаның басына сапар  жиі ұйымдастырылып, ол жерге жастарды, оқушыларды апарса деген ұсынысын ортаға салды.

Ардагерлер Ерсайын Рамазанов, Сыдық Тажмұхан, Ахмет Батыршин, Гүлбақша Ерғалиевалар  пікірлерін білдіріп, экспедицияның атқарған  үлкен жұмысына  разы болып,  мұндай сапардың жалғасын тапқаны дұрыс болатындығын, Сырым батырды зерттеуді өзімізден бастау қажеттігін айтты.

Келелі әңгіме өрбіп, Сырым бабаның зираты – Ғайып ата қорымы екеніне көзді тағы бір жеткізген жиынды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Аудан басшысы Сырымды әлі де зерттеуді қолдайтынын білдірді, тиісті тапсырмалар берді. Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі шараларды өткізуге бір кісідей атсалысуымыз қажеттігін айтты. Экспедиция мүшелерінің сапарлары туралы ой түйген мақалалары республикалық, облыстық және аудандық газеттерге жарияланатын болды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА