«Атамның аманатын арқалап жүрмін»-Зейнеп Ахметова

«Мұсылман болу үшiн араб болудың қажетi жоқ. Арабтан үйренетiн ештеңемiз де жоқ. Өзiмiздiң салтымыз бар, өзiмiздiң дәстүрiмiз бар. Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейiн ешқашан басына орамал салмаған. Менiңше, адамдардың көбi қоғамда өздерiнiң ерекшелiгiн көрсету үшiн осылай iстеп жүр. Мен өз басым, кiшкентай қыз баланың басын тұмшалап, орамал немесе хиджаб салып қойған дұрыс емес деп есептеймiн. Өйткенi, ол ертеңгi күнi өзi таңдауы керек. Баланың iшкi жан дүниесi, Құдайды iздеуi, Алланы түсiнуi, соның барлығы келген кезде ол өзi таңдау жасайды. Бiздiң қоғамда екi көзбен көрiнетiнге сенемiз, ал тылсымға сене бермеймiз. Сыртқы көрiнiс, сыртқы елiктеу. Дiндi ұзын, қысқа көйлек киген секiлдi «модаға» айнылдырып алған»

Бұның барлығы қазақтың тұтастығын, қазақтың ынтымағын бұзу үшiн iстелiп жатқан дүние.

«Әйтпесе, атам заманнан келе жатқан салт 25 жылдың iшiнде дұрыс болмай қалды, оның барлығы дiнге қарсы болып қалды дегенге қарсымын. Қазақ салтының дiнге қарсы ештеңесi жоқ. Ата дәстүрiмiзден алыстасақ, құрдымға кететiн жерiмiз сол болады»

– Қыз бала қызғалдақ гүліндей нәзік қой. Ал, қызғалдақтың ғұмыры қысқа болады. Аз ғана уақыт құлпырып, жайнап тұрады да, бір сәтте солады. Қыз-ғұмыр да – сондай келте. Біздің дана халқымыздың қызды аз күнгі қонақ деп әтуерлейтіні, жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорға мінгізіп, төрге оздыратыны сондықтан. Жат жұрттыққа жаралған перзентін осылайша қадірлеген біздің қазақ.

Орта Азия халықтары арасында, тіпті, мүми мұсылман халықтары арасында дәл біздің қазақтың қыздарындай бұла өскені, әтуерлі болғаны жоқ. Қазақтың қыздары айтысқа да түскен, күреске де шыққан. Жауға да шапты. Сонау жаугершілік заманда басына дулыға киіп, кеудесіне қалқан, қолына найза ұстап, ағаларымен, әкелерімен бірге қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Алысқа бармай-ақ, Қабанбай бабамыздың жары Гауһар батырды алайық. Өзінің бірнеше ұлы бола тұра, жарымен бірге жүріп, тіпті, Қабанбай батырдың оққағары болды емес пе?! Кешегі Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымды алыңыз… Әрідегі ел басқарған Зарина апаларымыз, Тұмар ханым… Берідегі Әлия мен Мәншүкті айтыңыз. Міне, қазақтың қыздары осындай болған. Сондай-ақ, қыздардың атымен аталып кеткен рулар қаншама. Мысалы, Қызай. Қызай – Бәйдібек бабамыздың немересі ғой. Мұрын, Сыбан. Осылардың барлығы – қазақ қыздары. Осынша даңқты қыздарымыз бола тұра, біз – қыздың жолы жіңішке деп, қыздарымызды төбемізге көтерген халықпыз.

Меніңше, қыздың жолы емес, келіннің жолы жіңішке. Келін – жат жұртқа келген кешегі қыз бала. Қызғалдақ-ғұмырын қиып, басқа жұртқа, бөтен елге келді. Басқа ата-ананың тәрбиесін көрді. Шаңырағы бөлек, салт-дәстүрі, тіпті, ішетін тамағы да бөлек елден келді. Кешегі бұла өскен қыз баланың бір күнде келін атанып, жат жұртқа үйренісіп, бейімделіп кетуі деген өте қиын. Міне, осы кезде жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сын сөз де көп. Түк көрмегендей, жас келіннің киген киімі мен жүрген жүрісін сөз қылып, ұнамды қылығы болса, сүліктей қадалатын көзімізді сүземіз. Біздің ең үлкен қателігіміз – осы. Келіннің жолын ауырлататын – өзіміз.

– Мен айтар едім, келінге ененің қолдауы қажет. Жолдасы жұмысбасты болуы мүмкін. Жұмыстан шаршап келіп, жарына көңіл аудара қоймауы мүмкін. Осындай сәтте, ене келінге қолдаушы болуы шарт. Ене болу кез келген әйелдің қолынан келеді. Ақырып- бақырғанның бәрі – ене. Ал, келінге Ана бола білу керек. Көп енелер қалай істейді? Олар келін келді, болды деген пиғылда болады. Екі қолын қусырып, ана шаруаның барлығын келін істеу керек дейді де, бір-ақ күнде патшайымға айналады. Ол дұрыс емес. Бөтен үйдің шаруасын жаңа түскен келін қалай меңгеріп кетеді? Жас келін үшін бұл үйдің салты да, дәстүрі де жат. Тіпті, ыдыс-аяғының қайда, қалай тұратынын білмейді ғой. Сен әуелі үйрет, жаңа ортаға бейімде, жаңа жұрт, жаңа дәстүрді түсіндір. Өзгенің баласын өз балаң етіп ал әуелі. Содан кейін ғана келіннің қызығынан дәмету керек.

Мақтанғаным емес, менің келінім орысша тәрбиеленген, қаланың қызы болды. Бірақ, шыққан тегі мықты. Өскен-өнген елдің перзенті. Мен сол баланы тәрбиелеуге зор мән бердім. «Ананы істе, мынаны істе!» деп бұйырмай, «Кел, балам, мынаны істеп жіберейік» деп, бірге жүріп-ақ, тәрбиелеп алдым. Көп нәрсе үйреттім. Ене мен келін сырлас құрбылардай болуы керек.

Келінін жамандайтын енелерге айтарым: «Сенің келінге қандай еңбегің сіңді? Ол – біреудің баласы. Біреу туып, шамасы келгенше тәрбиелеп, сенің қолыңа дайын күйде берді. Ал, оны ары қарай тәрбиелеп, өзіңе ізбасар ете алмасаң, кімге өкпелейсің?» деймін. Ал, енесін жамандайтын келіндерге: «Баласы жақсы. Онымен бір жастыққа бас қойып, бірге өмір сүруге ниет еттің. Сол өзің сүйген, ұнатып тұрмыс құрған адамның анасы қалай жаман болады? Сенің жолдасыңды тоғыз ай, он күн көтеріп, омыртқасы талып, дүниеге әкелген адам қалай ұнамайды?» деймін.

Сонан кейін, біздің сатира театрлары енені әзірейіл, келінді келеке ететін қойылымдарға үйір болып алды. Осы дұрыс емес. Тіпті, сол әйелдердің рөлін еркек ойнап жүріп, келін мен енені келемеж етеді-ау… Ана үндінің фильмдерін қараңыз. Өздерінің салт-дәстүрін қалай дәріптейді?! Киімдері қандай! Солар күнделікті өмірде солай киініп, солай жүр дейсің бе?! Жоқ, әрине. Бірақ, фильмдері ұлттық идеология шеңберінде жасалып тұр. Ал, бізде ше? Бізде де қазақ киносына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, біз сол ақшаға шайпау ене, тексіз бала, кесір келіндерді дәріптеп жүрміз. Неге сол кино арқылы өзіміздің салтымызды, парасат-парқымызды дәріптемеске?!

«Астана» телеарнасында «Ел аузынан» деген хабар бар. Эфирде бір сағат бойы жұлдызсымақтардың жеке өміріндегі өсек-аяңды өзек етеді. Олардың мінген көлігі, киген киімі, тоңазытқыштағы тағамы. Осы кімге керек?

Бақытжанға тұрмысқа шыққанда мен 22 жаста едім. Бірақ, мен Атаның қолына емес, Бақытжанның нағашы әпкесінің қолына келін болып түстім. Бәкеңнің анасы мен келін болардан бір жыл бұрын дүние салыпты. Жылын беріп қойған. Ол кезде Атаның басқа отбасы бар. Ал, Бақытжан кішкентайынан нағашыларының қолында өскен. Ашығын айтқанда, Ата соғыс жылдарын қосқанда, үйге 14 жылдан кейін оралған. Оған дейін жылына бір алатын демалысында 10-15 күнге келіп кететіні болмаса, Бақытжан нағыз әкенің тәрбиесін алатын, әкенің тегеурінді қолын ұстап, мұқалмас қайратын сезінетін уақытта әкесінің жанында болмаған. Кейін Атамен бірге тұрған апай қайтыс болды. Ол кісінің бұрынғы күйеуінен балалары бар еді. Олар ішті-жеді, Атаның абыройын пайдаланды. Енді шешелері қайтыс болған соң, Ата керек пе оларға?! Сол кезде Атаға күтім керек болды. Бақытжан әкесіне өкпелеңкіреп қалған. Барғысы келмеді. Шерхан, Кәкімжан ағалар Бақытжанды үгіттеп жүрді. Ағаларға қосылып мен үгіттей бастадым. «Әкесі жақсы адамның шешесі көп болады» деп жүргенім сол кезде (күлді). Мен бірден айттым: «Атаның қолына барамын» деп. Бақытжанның қарсылығына қарамадым. «Сен бармасаң, бармай-ақ қой. Мен Ержанды аламын да, Атаның қолына барамын» дедім. Сөйтіп, телестудияда істеп жүрген қызметімді тастап, Атаның қолына бардым. Құдай-ау, Атаның жүзін көруге, қолын алуға мүмкіндігі болмай жүрген адам қаншама. Исі қазақтың ардақтысы, Алаштың айбыны болған адамның қолына су құйып, шәйін қайнатып берудің қасында, қызмет деген не, тәйірі? Барлығын тастадым да, Атаның бабын табуға, қолында тұруға тәуекел еттім. Әйелі мен баласы кетіп бара жатқан соң, Бақытжан қала ма? Ол да келді бізбен бірге. Алғашында екеуінің тіл табысуы қиындау болды. Бірте-бірте үйреністі.

Бірақ, Атаның көңіліне жағу маған да, Бақытжанға да оңай болмады. Оның үстіне, менің Атам секілді қалыпқа сыймайтын адамға жағу деген. Алайда, Ата екеуміз тез тіл табысып кеттік.

– «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген қанатты сөз бар атам қазақта. Егер, мен текті жерде тәрбиеленбеген болсам, ата-анамның өнегесін сіңірмеген болсам, уызыма жарымаған болсам Атаға жағуым да, көңілін табуым да екіталай еді. Анам марқұм нағыз қазақы тәрбие берді. Әйтпесе, мен төрт ұлдың ішінде жалғыз өстім. Ерке болдым. Десем де, анам қыз бала тәрбиесіне қатал болды. Өле-өлгенінше қазақы салт-дәстүрдің үкісін қисайтпай өтті. Соның арқасында мен ашық күнде найзағайдай жарқ ете қалатын мінезді, адуынды Атаның бабын таптым.

Әрине, оңай болған жоқ. Ата кейде айқайлап жібереді. Кейде біреу үшін сөз естіп, жазықсыз болсам да, екі ортада шыжықтай шыжғырылып қалатын кезім болады. Сондайда есікті тарс жауып, бұл үйден біржола кетіп қалғым-ақ келеді. Бірақ, бойымдағы қазақы тәрбие, анамның сүтімен сіңген төзім алып қалатын. Атам кейде үндемей, тым-тырыс бола қалады. Мұндай күйі ұлы дауылдың алдындағы тыныштықтай көрінеді маған. Жабық есіктің қорқынышты болатынын сол кезде сезіндім. Үйде бәріміз жүріп, үнсіздіктің белең алуы өте қорқынышты болады екен. Сондай кезде біреу «Ассалаумағалейкум!» деп кіріп келсе ғой деп тілеп отыратынмын.

Осылайша қинала жүріп, бойымдағы тәуекелшілдік пен батылдықтың арқасында мен үш Момышұлының басын бір шаңыраққа қостым.

– Бақытжан өте сабырлы, салмақты болды. Ал, Атам шапшаң. Шарт ете қалады. Бірақ, қайтымы тез еді. Менің өзіме айқай салып, алай-түлей болады да, біршама уақыттан кейін кешірім сұрайды ғой. Құдай-ау, осынысы ұлылық қой енді. Қай ата келінінің алдында кешірім сұрап еді?! Ал, біздің Бәкең өте сирек ашуланады, бірақ, қайтымы қиын болды.

– Әкесі тірі бола тұра, әкенің тәрбиесін көрмей өсу кімге болса да қасірет қой. Әкеге деген өкпе Бәкеңнің кеудесінде шемен болып қатып қалған еді. Десем де, Бақытжан Атаны кешіре білді. Кейін әкесі туралы үш кітап жазды. «Восхождение к отцу», «Во имя отца» және «Сыновья великого волка» деп аталатын үш кітап. Сондай-ақ, Атам 70 жасқа толғанда төрт газетке төрт түрлі эссе жазды. Әкесі туралы. Елдің бәрі таң қалды. «Апыр-ай, мына Бақытжанға не болған? Көзі тірі әкесіне ода жазып» деп. Мен де түсінбедім. Өзінен сұрадым себебін. Сонда: «Әкемнің көңілінде күдік бар. Мынау мені кешірді ме, кешірмеді ме деген. Сондықтан, көзі тірісінде менің кешіргенімді біліп кетсін» деді ауыр күрсініп.

– Атамен бірге тұрған сәттеріңіз күрделі болғанға ұқсайды. Төзіміңіз түгесіліп, бұл шаңыраққа келін болғаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

– Мен Ата аманатын толық орындап болдым деп айта алмаймын. Өйткені, осы күнге дейін айтып, жазып жүргенімнің барлығы – Атамның аманаты.

Атам Мағжанның өлеңдерін жатқа оқитын. Мен Алаш көсемдері туралы Атамнан естідім. Бірақ, бұл туралы ешкімге тіс жаруға болмайтынын да Атамның қабағынан ұққанмын.

Соның бәрін хатқа түсіріп, ұрпақ кәдесіне жаратуды мақсат етіп келемін. Мұның барлығы – Атамның аманаты. Күні бүгінге дейін орындауға тырысып келемін. Әлі күнге дейін Атаның аманатын арқалап жүрмін.

 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері

Зейнеп АХМЕТОВА