«Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе»
Бұрынырықта киімі өрім-өрім бір қайыршы ауыл кезіп жүріп, үнемі «Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе» деген сөзді қайталай беретін көрінеді. Сол ауылда көрінгенмен ұрсыса кетуге дайын көкбет, долы әйел де тұрады екен. Сол әйел бір күні есігінің алдына келген қайыршыға таба нанға у қосып береді де: «Жақсылықты да, жамандықты да көріп қойғанмын. Мә, сөзің де, өзің де құры!» — деп, миығынан күліп қайыршыны есігінен сыртқа шығарып жібереді. Ауылдан шыға берген жолда қайыршы алыс жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан екі жолаушыға жолығады. Азып-тозған егде кісі мен жас жігіт қайыршыдан бір үзім нан сұрайды. Қайыршы «маған нан табысталады» деп, әлгі әйел берген нанды екіге бөліп береді. Нанды жеген екеу сол сәтте тіл тартпай өледі. Біреуден біреу сұрап, көрген білгенін естіген жұрт бұл әлгі қайыршының ісі екенін біледі.
Ауылдың биі қайыршыны алдырып: «Сен неге біздің жолдастарымызды өлтірдің? Өздері жолдан шаршап-шалдығып ауылға енді жете бергенде өлімге қиятындай бұлардың не қиянатын көрдің?» — деп сұрайды.
Қайыршы барлық болған жағдайды баяндап береді. Сол сәтте бір топ адам әлгі долы әйелді сүйрелеп алып келеді. Ауыл биі: «Не істегеніңді қара!» — деп, өлген жолаушыларды әйелге көрсеткенде әйел шашын жұлып, бетін тырнап, айқайлап жылай бастайды. Өйткені бұл екеуі осы әйелдің сапарға кеткен күйеуі мен ұлы еді.
«Жақсылық қылсаң өзіңе, жамандық қылсаң өзіңе» деген сөзді кеш түсінген әйел өмір бойы өзін жазғырып, жылап өтіпті.
Ақиқатында ойланбай айтқан теріс пиғылды сөзіміз де, біреуге ойланбай жасаған қиянатымыз да түбінде өзімізге, не болмаса жақындарымызға, қала берді ұрпағымызға қайтып келіп, қасірет тартқызары сөзсіз. Сондықтан да әрбір жасаған іс-әрекетіміз бен сөзіміздің кесірі айналып өзімізге, ұрпағымызға келетінін естен шығармайық.
Маликаның хатынан, Қызылорда қаласы