ШАҚАБАЙ — ҚЫЛЫШ
Абылай хан дәуірінде жасаған Абақ Керейдің Жәнтекей атасынан тараған Сәменбет батырдың немересі Шақабай батыр Есентайұлы — қазақ халқының жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыс шапқыншыларына қарсы ұлт-азаттық соғысында ерлiк көрсетiп, аты аңызға айналған, есiмi 12 рулы Керейдің жан саны жағынан жартысынан астамын билейтін, Жәнтекей елінің ұранына айналған айтулы тұлға. Оның есiмi өз заманында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Керей ер-Жәнiбек, Шапырашты Наурызбай сияқты батырлармен қатар аталып, атақты Абылай ханның өзі аса жоғары бағалаған батырдың бірі болған. Ол туралы халық арасында мынадай өлең жолдары да бар:
Жәнібек — найза,
Шақабай — қылыш!
Жаназар — қалқан,
Байқотан — құрыш!
Шақантай — шоқпар,
Жобалай — ырыс!
Нұралы — намыс,
Томан би — тыныс!
Бегімбет — қоныс,
Өмірзақ — өріс.
Жалпы, халық арасында Шақабай батырдың қылышкерлігі мен қамшыгерлігі аңыз болып айтылады. Жоғарыдағы ескілікті тіркестерден «Шақабай — қылыш» деген сөзден-ақ, әлгі халық көп айтатын аңыздардың ақиқатын аңғаруға болады. Ауызекі тарихтан басқа Шақабай батыр туралы жазба деректерге де жүгінсек. Керейдің және бір батыры Байтайлақ туралы бір мақалада «Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек, келелi кеңес» атты кiтабында Пекин қаласындағы №1 мұрағатынан табылған құнды деректерге сүйене отырып, «Абылайдың орда маңында Керейден Жәнібек бастаған, Байтайлақ, Шақабай және Жантай сынды 30 адам болды» деген деректі журналист Жарқынбек Жұмәділ өзінің «Шарапатты батыр Шақабай Есентайұлы» атты мақаласында келтіріпті. Сондай-ақ, Шақабай батыр жайлы «Қазақ Кеңес энциклопедиясының» 4-томында Жантекей сөзіне анықтама беріп: «Жәнтекей — Орта жүздегі Керей тайпасына кіретін Абақ Керей руының бір атасы. Қазан Революциясына дейін Өскемен, Зайсан уездерін мекендеген. Жәнтекей ұрпағының ұраны — Шақабай» деп жазылған.
Тарихи деректерде Шақабай батыр Есентайұлы 1688 жылы туып, 1778 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат деген жерінде 90 жасында дүниеден өткенін жазады. Бала кезінде елгезек және өжет болған екен. Бір тойда бәйге атына мініп шабандоз болған Шақабайдың аты бірінші болып келеді. Көмбеге таяғанда бала Шақабай: «Шақабай! Шақабай!» — деп ұрандап барып, сөреден өтеді. Осыдан соң ол мінген ат үнемі бірінші болып келеді. Осыдан бастап «Шақабай!» — деп оның өз атын ұрандауы жұрттың назарын аударған. Есейе келе Шақабай өзінің ерлігімен, ақыл-парасатымен күллі Жантекей руының ұранына айналады. Ол Керей қауымына Ер Жәнібектен бұрын танылған. Өзінен 26 жас кіші Жәнібекті жас кезінде баулыған ұстазы, ел билегенде ақылшысы болуы оның көрнекті тұлға екенінің куәсі. Жоңғарлармен болған соғыстың бірінде Шақабай 1720 жылдары Уақтың Еренші руынан шыққан батыры кіші жүз Балта, орта жүз Бөгенбай батырлармен тұстас қолбасшы болған Бармақ батырдың мыңдығына қарасты Жантекей жүздігін басқарған. 1728-1740 жылдар арасында Бұланты, Аңырақай, Балқаш, Аякөз және Тарбағатай шайқастарында жекпе-жекке шығып, жаудың бірнеше батырларының басын алып, Қабанбай мен Бармақ сынды қолбасшылардың ықыласына бөленген. 1750 жылдары Аякөз, Лепсі, Тарбағатай, Ертіс бағыттарында өрбіген шайқастарына белсене араласқан Шақабай батырды қазақ сарбаздарының қолбасшысы Қабанбай батыр Ертіс бойындағы Дербеттерге қарсы соғысқа жұмсайды. Шақабай батыр осы соғыста ойраттардың бір бөлігіне ойсырата соққы беріп, Ертіс бойындағы Бөгенбай батыр түменінің шабуылына қолайлы жағдай туғызады. Бұл жылдары 65 жасқа келген Шақабай батыр қырық жыл бойы ат үстінен түспей, ақ найзасын қолынан тастамай, өз халқының тәуелсіздігі мен болашағы үшін күллі ғұмырын арнаған күрескер баһадур екенін көруге болады.
Шақабай батырдың ел басқару ісіндегі жанкешті қызметі де ел есінде. 1720 жылдардың басында Керейдің қолбасшы, ел ағалары Сәменбет, Самырат бастаған аға буындар бақиға аттанып, ел басына күн туған Ақтабан шұбырынды заманында Шақабай батыр ел билігін қолына алып, ел ағасы ретінде танылды. Бұл жылдары Ер Жәнібек сияқты ер-азаматтар саяси аренаға көтеріле қоймаған, ал Шақабайдың орда бұзар отыздан асқан кезі болатын. 1724 жылы Сыр бойына тықсырылған Абақ пен Уақтың игі жақсылары бас қосып, Жоңғар шапқыншылығынан жалтара көшу, жауға қарсы қарулы қол жинау, елді қолайлы мекендерге орналастыру жөнінде үлкен кеңес құрады. Осы жауапкершілігі мол істерге басшы болу керей Шақабай батыр мен уақ Баян батырға жүктеледі. Олар Сыр бойынан Арқа, Нұра, Есіл бойын барлап, ақыры Ор өзенінің басқы сағасына жеткен Арғын, Найман, Керей, Ашамайлы, Уақ ауылына қосылу туралы пікірді ұсынады. «Жер алыс, сарбаздардың ат азыған қамдауға қолайсыз» деп, бұл пікірге Бармақ батыр қарсы болғанымен, билер алқасы осы пікірді қуаттайды. Осы жылдары Жәнібек «Ер Жәнібек» атанып, Керей елі Абылайдың оң тізесінен орын алу ниетін білдіргенде Шақабай батыр Керейдің игі жақсыларын ертіп, Жәнібекке ақылшы, серік болып, хан ордасына бірге барып, елінің мұң-мұқтажын Абылай сұлтанға паш етеді. Бұл оқиға шамамен 1740 жылдарға сай келеді.
1753 жылы Көкбектіде болған Абақтың ру басшылары мен билер кеңесінде Жантеке руына Шақабайды ресми түрде басшылыққа ұйғарады. Сол кездегі саяси жағдайды жете түсінген Шақабай батыр Абақ Керейлер өз алдына дербес орда құрып, Керейден Әбілпейіз ұлы Көгедайды хан көтереміз деген пікірлеріне қарсы болған. Оның пікірін Молқы батыры Машан да қолдаған. Шақабай батырдың бұл көрегендігі қазақ халқының тұтастығын сақтауға байланысты дұрыс шешім еді. Қиын-қыстау заманда Абақ Керейдің елдігін сақтап қалуына, сондай-ақ, қазақ халқының тұтастығын сақтаудағы Шақабай батыр еңбегі Керей руын айтпағанда, бүкіл қазақ арасында ерен тұлға болғанын аңғартады.
Үстіміздегі 2017 жылы мамыр айында Астана қаласында Шақабай батырға арналған Халықаралық ғылыми конференцияның өткізіліп, онда Шақабай батырды «100 жаңа есім» жобасына енгізу жөнінде шешім қабылдауы осы ойымызды дәлелдей түседі. Қазіргі Шақабай әулеттері негізінен Шыңжаң ұйғыр автономиялы районның Алтай аймағы, Санжы хұйзу автономиялы облысы, Құмыл аймағы, Үрімжі қаласында, Гәнсу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында, сондай-ақ, Қазақстан, Түркия, Аустрия, Германия, Моңғолия халық республикасы, Франция қатарлы елдерде де аздап қоныстанған.
Батыр 1778 жылы дүниеден өтіп, Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының орталығы саналатын Ақсуатта жерленген. Батырдың басына ұрпақтары ескерткіш тасын орнатты. Ескерткіш орнатудағы Дәуітхан ұлы Бақабектің еңбегін ерекше айтып кеткен орынды. Батырдың зиратына барып құран бағыштау әдетке айналып, жалғасуда.
1991 жылы Стамбул қаласынан Құланбай қажы Жарқымұлы Нәзір Венадағы қызы Жамилә екеуі арнайы келіп, аталарының басына барып, құран бағыштап қайтты.
Сөз арасында Шақабай батыр ұрпағы Құланбай қажы жайлы бірер сөз. Қажы атамыз Шақабай батырдың ұрпағы Халықбайдан тарайды. Одан Жарқымбай, одан Саудагер, одан Мәнкей, одан Зарқұм, одан Құланбай қажы. Атаның Шұғайып, Саруархан, Бабурахман, Жамилә, Әлима және Мақпула атты ұрпақтары Стамбулда, Берлинде және Вена қаласында тұрады. Құланбай қажының 1939 жылы Алтайдан Гансу жеріне қарай бет алып, Үндістан арқылы Пәкстанға көшуі, одан 1953 жылы Түркияға келуі өзінше бір тарих.
Шақабай батырдың Ақсуатта жерленгені туралы және бір дерек көзін Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Зайсан ауданының құрметті азаматы Тілеуберді Сайдулдин «Абақ Керейдің әр руы жарты ғасырға созылған ұзақ соғыста аттың жалы түйенің қомында жаңа ұрпағын өсіріп, жорықтарда қол бастап ерлігімен еліне тұлға болған батырларының соңынан ерген қуатты қауымға айналған еді» деген пікірімен бөлісе келе, Абақ Керейдің әр руынан шыққан баһадүр батырларының өмір сүрген жылдары мен қайда жерленгені туралы дерек қалдырады.
Біз тілге тиек етіп отырған Шақабай батыр Есентайұлы туралы халық арасында көп деректер сақталған. Қытайдағы жазушы әрі тарихшы Шаміс Құмарұлының, Моңғолиядағы жазушы, тарихшы Солтан Тәукейұлының еңбектерінде кездеседі. Сол көп деректердің негізгісі Шақабай батыр Есентайұлы 1688 жылы туып, 1778 жылы 90 жасында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында дүние салғанын растай түседі. Батырдың қабірі Тарбағатай тауының солтүстік етегі, Дондағұл тауымен, Шақабай қызыл тауы аралығындағы Елекең сазы деп аталатын байырғы ата мекенінде деп келтіреді. Ақсауыт елді мекенінің халқы күні бүгінге дейін сол жердегі ескі дөңгелек зиратты «Шақаң атаның зираты», жанындағы тауды «Шақаң қызылы» деп атап, қасиетті орынға балап келген. Батырдың жатқан жері белгілі болғанымен, туған жері жайлы талас бар, бір деректерде Қызылорда облысындағы Сырдария бойы делінсе, енді бірде Тарбағатай өңірі делінеді. Қалай айтсақ та, қазақ үшін қасық қаны қалғанша қылыш үйірген батыр бабалармыздың қай-қайсысын болсын ұлықтау — бейбіт замандағы бүгінгі ұрпақтардың борышы. Тарихта өткен ерен ерлердің батырлығы мен ізгілігін ұлықтау, олардың өшпес өнегесін тарих бетіне мәңгілікке қалдыру, сол арқылы өскелең ұрпақты отаншылдыққа баулу зиялы қауым өкілдері мен ел алдында жүрген азаматтардың міндеті. Қазіргі егеменді ел болып отыруымыз осындай батырлар мен Абылай хан секілді ел басқарған бабаларымыздың, сондай-ақ, Алашорда басшыларының еңбегінің жемісі екенін түсініп, мақтан тұтуымыз керек.
Беркін Әкебаев,
Республикалық «Алтын қалам» әдеби байқауының жүлдегері