Біздің заманымыздың қаһармандары
Жүрекжұтқан
Ресей батыры Серік Сұлтанғабиев
Қалай десек те, көрші елде қазақтың қара домалақ баласы көзсіз ерліктің үлгісін көрсетіп, Ресей мемлекетінің ең жоғарғы атағына ие болып жатқаны үлкен мәртебе. 2015 жылы Кремль төрінде өткен салтанатты марапат тапсыру рәсімінде қазақ офицері Серік Сұлтанғабиев өзіне тиесілі «Алтын Жұлдызды» Ресей президентінің қолынан алуы қазақ жұртшылығы үшін күтпеген жайт болды және көпшіліктің қызығушылығын тудырғаны анық.
Негізінен, Ресей Федерациясы ішкі істер әскерлері қызметінің полковнигі Серік Сұлтанғабиев бұл жоғары атаққа лайықты ерлікті 2014 жылдың 25 қырқүйегі күні көрсеткен болатын. Ал, сол жылғы 24 қарашада әскери міндетін орындау кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін оған «Ресей Федерациясының Батыры» атағы берілгендігі туралы президент жарлығы шықты. Енді өзіне тиесілі «Алтын Жұлдызды» бір жыл өткен соң — 2015 жылы 10 желтоқсанда Кремль сарайында Ресей Федерациясы президентінің өз қолынан алды. Қалай дегенде де, бұл үлкен абырой.
Қазақ офицері мұндай жоғары атақты қандай ерлігі үшін алды? Оның жүрекжұтқан ерлігі қалай жасалды?
Екатеринбург түбіндегі Лесной қалашығында қоныстанған № 3275 әскери бөлімнің жауынгерлері өздеріне тиесілі арнайы орында қару-жарақты қолданып үйрену бойынша кезекті жаттығу сабағын өткізіп жатқан-ды. РГД-5 гранатының сақтандырушы мұрындығын ағытып, шалқайып лақтырмаққа ниеттенген кіші сержант Алексей Телегин күтпеген жерден ұрыс қаруын қолынан түсіріп алды. Қару-жараққа жақындаған қарауындағылардың әр қимылын қалт жібермей жіті бақылап тұрған бөлім командирі бір мезетте ойланып жатпастан, жолбарысша атылып барып өміріне өлім қаупі төнген жауынгерін итеріп жіберіп, гранатты дереу өз денесімен жаба құлады. Бұл — небәрі төрт-ақ секундта орын алған оқыс оқиға. Осы қас-қағым сәттің өзі сардарға өз сарбазын ажалдан құтқаруға толығымен жетті. Осының бәрі көзді ашып-жұмғанша болды. Иә, полковник сол сәтте-ақ ажал құшуға тиіс еді, бірақ үстіндегі бронды кеудешесі мен каскасы оны туралап келген өлімнен аман алып қалды. Сонда да одан тартқан азабы аз болған жоқ. Жарылған гранатаның жарқыншақтары бірнеше жерден — әсіресе басынан қатты жарақаттады, көздерін зақымдап, бет-аузын от шарпыды.
Болған оқиғадан кейін алдымен Лесной қалашығындағы емдеу орнында, сосын Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында орналасқан Ресей ІІМ-не қарасты бас госпиталда ұзақ уақыт емделген Серік ұшы-қиырсыз көптеген операцияларды бастан кешірді. Дәрігерлер қанша жерден барын салғандарымен, оның бір көзінің жанарын орнына келтіре алмады. Бұған қоса бір аяғын сылтып басатын болып қалды.
Бұл ерлікті жасағанда Серіктің жасы 41-де болатын.
Енді батырдың ғұмырбаянынан бірер сөз. 1972 жылы 25 қарашада дүниеге келген Серік Ғазизұлы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданына қарасты Введенко ауылының тумасы. Жоғарыдағы кейіпкерлеріміз сияқты көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі Ғазиз — малшы, шешесі Балдырған — сауыншы, қарапайым еңбек адамдары. Батыр болуды армандамаса да, офицер болуды бала кезінен мақсат тұтқан қазақтың қара домалақ баласы мектептен кейін бірден Челябі жоғары танк училищесіне түседі. Өйткені, офицер қызметі — қажырлы, рухы темірдей берік, кез келген сәтте дұрыс шешім қабылдай алатын, ел тыныштығын қорғаушы жауынгер. Жауынгер тек Отанын қорғап қана қоймау керек, сонымен бірге кез келген адамгершілік шекарасын да көздің қарашығындай күзетуі тиіс. Сондықтан офицер өзінің азаматтық парызы мен міндетін орындау барысында қан майданның алғы шебіндегідей басқалардың өмірін қорғап қалу үшін өз басын қауіп-қатерге тігуге тура келеді. Міне, кез келген әскери мектеп өз түлектерін осындай ерлік істерге үйретеді. Түлектер өздерінің аса жауапты да қатерлі мамандықты меңгергенін сезіне біліп, жауынгерлік ерлік істерге өзін іштей дайындайды, ой-жүйесін соған шынықтырады, сосын шынығып, шымыр болып өседі. Челябі жоғарғы танк училищесі өз түлектерін дәл осындай істерге баулығаны сөзсіз. Енді мына қызықты қараңыз: 1991 жылы Серік оқуды ойдағыдай бітіріп жатқан кезде, үлкен өкінішке орай, «ортақ отанымыз» болып есептеліп келген КСРО тарайды. КСРО-ның күтпеген жерден тарауы өз жақсылықтарымен бірге, біршама қиындықтар да туындатқаны мәлім. Бұл қиындық, әсіресе қарулы күш мәселесінде — офицерлер құрамы мен қару-жарақ бөлінісі жағдайында көп байқалды. Аталған мәселе Ресейдің әскери оқу орындарында білім алып жүрген қазақ офицерлерін де айналып өткен жоқ. Осы себептен Челябі жоғары танк училищесін аяқтаған Серік ойда жоқта Ресей армиясы қатарында қалып қойды. Дәл осы жылы Қап тауында бірнеше орыс-шешен қақтығысы басталып кеткен болатын. Сөйтіп, ол Ресей армиясының қатарында өзінің әскери борышын өтеу барысында Шешен Республикасындағы өзара қақтығысқа қатысып, жауынгерлік шыңдалу жолынан өтті.
Кейін… тағы да соғыс. Бұл жолы екінші орыс-шешен соғысында қан кешті.
Тумысынан білімге құштар қазақ баласы бұл кезде Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Жоғарғы Әскери академиясына түсіп, білімін шыңдап жатқан еді. Оны 2009 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, Ресей Федерациясы Қарулы Күштер құрамында Солтүстік Капказ әскери округында қызметін одан әрі жалғастырды. Алдымен арнаулы маторлы полк командирінің орынбасары, кейіннен Челябі қаласындағы полк штабының (ППС) бастығы қызметтерін атқарады. Ары қарай жас офицердің жауынгерлік тағдырына күрт бетбұрыс болады. Бар саналы ғұмырын Ресей Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтеп келген Серік күтпеген жерден Ішкі істер министрлігіне қарасты ішкі істер қызметіне ауысып, бірден № 5425 полиция батальонына басшылық етеді.
Ал, оқиға болатын 2014 жылдың 5 мамыр күні ол Свердлов облысына қарасты Лесной қалашығында орналасқан № 3275 құпия мемлекеттік нысандар мен арнаулы жүк тасымалдарын күзететін полктің командирі қызметіне тағайындалған еді.
Осы бір қарапайым қазақ офицерінің күтпеген жерден жасаған жанкешті іс-әрекеті адамдардың таңданысын тудырып, таңдайын қақтырды. Қалай дегенде қиын-қыстау шақта гранатаны өз денесімен жауып, жолындағы қарулас жолдастарын сақтап қалуы нағыз қаһармандық еді. Ерлік, адамгершілік, асқақ рух жалпы адамзатты құтқаруға деген құлшыныс қазақ баласының өз жаратылысы екенін Серік өз ісімен осылай дәлелдеді. Басқалар үшін өз ғұмырын қиюға даяр тұратын, шешуші сәтте бірден-бір дұрыс шешім қабылдай алатын қазақтай мәрт халық бар екенін әлемге тағы бір паш етті.
P.S. Мен неге осы жігіттердің ерлік істерін таңдап алдым? Неліктен оларды ерлік ісін көзімнің майын тамызып қағазға түсіріп отырамын?
Себебі бұл асылзада жігіттердің істеген ерлік істері соғыста жау дзотын кеудесімен жапқан немесе гранатасын уыстап шынжыртабан танкінің астына түскен жанкештілерден бір де кем емес. Бар айырмашылық — матросовшылар бұл ерлікті майдан алаңында жасады, ал біздің қаһармандар бейбіт заманда бастарын бәйгеге тікті. Ұқасатық — екі жағдайда да өзгенің өмірі үшін өздерін өлімге шалды. Ал адам баласының болмысындағы адамгершілік категориялардың ішінде бұдан ізгі қасиет, бұдан өткен ұлы құндылық болуы мүмкін емес.
Рас, біз бүгінде мамыражай, бейбіт өмірде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ «өмір дегеніміз — күрес» демекші, бейбіт өмірде де ержүректілік пен батырлықтың жоғары үлгісін көрсетуді талап ететін шешуші сәтке кез келген адам кез келген уақытта тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек? Ең алдымен өзінің ар-ұяты алдында дұрыс шешім қабылдай білу керек. Шешуші қас қағым сәтте шешім қабылдай білу — адамгершіліктің түп негізі.
Шынында да, қазақ — болмысы батыр, ержүрек, жаратылысы — жасампаз, құтқарымпаз халық. Қазақтың үлгі тұтатын ерлік шежіресі, киелі топырағы бар. Қазақ өкше басар ұрпағына не қалдырады десек, ата-бабадан қалған ерлік шежіресі мен ұлттық тәлім-тәрбиесін қалдырады дер едік.
Мұндай елдің батырлары мен құтқарушылары көп, келешегі кемел болады.
Ішімнен соған тәубе етемін.
Болат Шарахымбай