Қазақ-өзбек бизнесі қарқын алмақ
Кешегі аптаның аяғында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрші Өзбекстанға ресми іссапармен барып, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыру мәселесін талқылаған игі іс-шаралар өтті. Айталық, осы іссапар барысында екі елдің 500-ден астам кәсіпкерлері қатысқан маңызды қазақ-өзбек бизнес-форумы болса, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан өңір басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған 150-ден астам мемлекеттік және қаржылық ұйымдар мен кәсіпкерлер қатысты. Бизнес-форум кезінде В2В форматында келіссөздер жүргізіліп, ондағы қатысушылар өзара іс-әрекеттер жақын болашақта өз нәтижесін береріне сенім білдірді.
Ташкент қаласында өткен бизнес-форум шеңберінде Қазақстанда өндірілетін өнімдерінің көрмесі өтті. Оған 90-ға жуық отандық компанияның өнімдері қойылған. Қазақстандық тауарөндушілер көрмеге тамақ және өнеркәсіп, инженерлік, машина жасау, фармацевтика және құрылыс заттары мен химия, металлургия IT салаларындағы 500-ден астам өнімдерін алып барды.
«Өзэкспоорталық» көрме кешенінде қойылған көрмеге Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар ірі кәсіпорындарының өнімдері қойылды. Атап айтқанда, кілем өнімдерін шығаратын «Бал Текстиль» фабрикасы, ұн және сүт өнімдерін өндіруде көшбасшылардың қатарындағы кәсіпорынның бірі — «Алтын Дән» ЖШС-гі, цемент өндіретін «Шымкент цемент» және «Стандарт цемент» зауыттары мен ТМД-да бірінші ашылған вакумдық пробиркалар мен екіжақты ине шығаратын «ЭкоФарм Интернешнл» компаниясы, терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқалық 200-ден астам дәрі-дәрмек шығаратын «Химфарм» зауыты, медициналық жабдықтардың 17 түрін шығаратын «Marai E7 Group» ЖШС-нің өнімдері қойылды. Сонымен қоса, көрмеде «АтаСтрой» құрылыс компаниясы Сарыағаш ауданындағы Жібек-Жолы шекара бекетін модернизациядан өткізу жобасын таныстырды. Құны 18 млн АҚШ доллары болатын жоба жүзеге асса, тәулігіне 30 мың адам емін-еркін екі ел шекарасынан өте алады», — деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Нұр МЕКЕН, Оңтүстік Қазақстан облысы