ҚАЗАҚТЫҢ ТӨЛ ТАРИХЫ, ӨНЕРІ МЕН МӘДЕНИЕТІ ТАҒЫ БІР ЖАҢҒЫРДЫ  

 

     Жуырда елордада «Дешті қыпшақтың ортағасырлық тарихы» тақырыбымен І ғылыми-теориялық халықаралық конференция өткен болатын. Оған еліміздің және алыс-жақын шетелдерден келген ғалымдар қатысса, олардың арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Александр Гаркавец, италиялық ғалым, РһD докторы Андреа Картени, Әзербайжан, Грузия, Литва мемлекеттерінен келген өкілдерді ерекше атауға болады.

      Астана әкімдігінің қолдауымен «Тілеп» қайырымдылық қоры Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қайырымдылық қорымен бірлесіп ұйымдастырған бірегей шара барысында қоғам қайраткері, жиһанкез Сапар Ысқақовпен тілдескенімізде қазақстандық ғалымдар Еуропа архивтерінен қазақ тарихына қатысы бар XIV-XVIII ғасырлардағы 10-нан астам картаны тапқанын айтқан еді.

-«Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы 2017 жылы Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдавия, Словения, Беларусь, Литва, Польша, Германия, Франция, Венгрия, Италия, Рим (Ватикан) елдері арқылы өтті. Экпедиция ұлттық мәдениетіміздің сақталуына үн қатысып, тарихымызды түгендеп, өркениетімізді танытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, көп ұзамай телеарналарда 30-40 сериядан тұратын бабаларымыздың басқан ізі мен болған жерлері туралы деректі фильмдер циклі көрсетілмек. Онда дүниежүзіне белгілі мүйізі қарағайдай ғалымдардың сұхбаты беріледі,-дейді С.Ысқақов.

13 қыркүйек күні Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде және 14 қыркүйек күні «Тілеп Қобыз сарайында» өткен халықаралық конференцияда қыпшақ этникалық қауымдастығының қалыптасуы, қыпшақтардың өзге халықтармен этно-мәдени байланысы, өзге елдердегі сәулеттік, мәдени-тарихи мұралар арқылы өткен тарихымызды танытатын тақырыптар қозғалды. Ғалымдар қазақтардың орта ғасырлардағы тарихы толық зерттеле қоймады дейді. Мәселен, Грузиядан табылған қойтастар – бабаларымыздың ізі сол жақта да жатқанының дәлелі. Елбасының өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жолға қойған осы кезеңде Дешті-қыпшақ дәуіріндегі тарихымызды түгендеп алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл – конференцияға қатысқан ғалымдардың келешекке жасаған жоспарларының кіріспесі ғана.

Бұдан кейін ауқымды шара бес құрлықтың 36 елінен 100-ге жуық өнерпаз қатысқан «The spirit of Desht-I-Kipchak» атты этникалық мәдениеттің халықаралық фестиваль-сайысымен жалғасты. Үш күн бойы «Халық әні», «Халық биі» және «Музыкалық аспаптарда орындау» аталымдары бойынша іріктелген өнерпаздар «Астана» концерт залында өткен гала-концертке қатысты. Фестивальдің негізгі шарты қазақ халқының фольклорлық шығармаларын орындау болатын. Италиядан келген опера әншісі Алессандро Галдони Хакім Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындағанда  концерт залында жүрегі елжіремеген жан қалмады. Сөзсіз бас жүлдеге лайық өнер көрсеткен талантты әнші «Халық әні» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, марапаттау кезінде өзінің қазақтың күміс көмей әншісі Майра Мұхаммедқызымен ән салу арманы екенін айтып қалды. Қазылар алқасының мүшесі әнші Майра Мұхаммедқызы да оның өтінішін жерге тастамай, екеуі бірге Д.Вердидің «Травиата» операсынан үзінді орындады. Осы аталым бойынша үшінші орынды Түркияның әнші қызы Эрсой Айбен иеленсе, ІІ орын «Жігіттер, жаман істі кәсіп етпе» термесін тамаша шырқаған венгриялық әнші ару Фоди Агнеске, І орын Шәмшінің «Ақмаңдайлым» әнін орындаған қырғыз елінен келген Айпері Құлбаеваға бұйырды.

Сонымен қатар, «Халық биі» аталымында өнер көрсеткен би ансамбльдерінің өнері қалың көрерменге тамаша көңіл-күй сыйлағанын айта кетейік. Бұл номинацияда Грузиядан келген «Горец» ансамбілінің шоқтығы өзгелерден биік саналып, бас жүлдені жеңіп алса, Сымбат Хайлати (Қытай), Назгүл Қаскеева (Қазақстан), «Жігіт» ансамблі (Қарашай-Шеркеш) жүлделі орындарды еншіледі. Ал, «Музыкалық аспаптарда орындау» аталымында бас жүлдені елімізге белгілі «Номад» ансамблі жеңіп алса, бірінші орынды қазақ музыкасында ерекше орын алатын композиторлардың әні мен халық толғауларын сыбызғыда сызылта ойнаған Башқұртстан халық әртісі Ишморат Ильбаков иеленді. Қазылар алқасының шешімімен Қарақалпақстаннан келген Нұрмұхан Жұбатқанов екінші орынға лайық деп танылса, үшінші орын Қуат Шілдебаевтың «Қара кемер» күйін қобыздың қоңыр үніне салып орындаған мұхиттың арғы беті АҚШ-тан келген Рэн Элхайға бұйырды.

Төрт тәулікке созылған ауқымды шараның жабылу салтанатында еліміздің өнер жұлдыздары Бауыржан Исаев, Шаһаризат Сейдахмет, Әсел Медекешова, «Белес» тобы және «Қарақат» мектеп-студиясының шәкірттері жиналған көпшілікті бір серпілтсе, танымал балет бишісі Досжан Табылды қойған «Қыпшақ» биі гала-концерттің нүктесін қойып, оған фестивальдің барлық қатысушысы атсалысты.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ