«ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ» ИДЕЯСЫН ІЛГЕРІЛЕТУДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бүгінгі күні біз көп жағдайда ілгеріледік. Жалпы, Қазақстанға әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасау маңызды екенін ескерсек, Президентіміздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам – әлеуметтік модернизацияны іске асыру бойынша 20 тапсырма беруі өте орынды болған. Біз, бұл мақалада осы еңбекте көрсетілген тапсырмалардың орындалуы туралы тарқатып айтып, жеке-жеке тоқталып өткіміз келеді.
2015 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту және Индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламаларының іске асырылуын ескере отырып, бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам — Ұлт жоспарының «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету» 88-қадамды орындау мақсатында «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, орындалып жатқаны белгілі.
Алдымен Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан мынадай мысал келтіре кетсек: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады».
Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлечуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қадамына қарай 20 қадам» атты мақаласы жұмыспен қамту орталықтарына да жаңа міндеттер жүктеді. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын бұрынғыдан да жақсарта түсу жайын да айтқан болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы көпшіліктің көңіліндегісін дөп басқандай болды. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ қоғамындағы барлық азаматтарды еңбекпен, жұмыспен қамту қазіргі ең басты міндеттердің бірі екенін ерекше атап көрсетті.
Қазіргі таңда еңбек мәселесі алдыңғы кезекте шешілуі тиіс екенін атап көрсеткен Елбасы бұл идеяны Қазақстанның жергілікті елдімекендерінен жолданған хаттардан алғанын айтады. Сондай-ақ, жаңа өндірістерді, білім мен ғылымның жаңа жүйелерін, орта тапты дамыту арқылы үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болатыны баяндалған. Онымен қоса, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Алайда «Әлеуметтік жаңғырту жолындағы айтарлықтай кедергі әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табылады» деген сөздер бізді ерекше толғандырғанын жасырмаймыз. Яғни Елбасының «Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді» – деуі біраз жайдың басын ашқандай болды. Кейде адал еңбегің, атқарған жұмысың еленбей, тасада қалып қоятыны жасырын емес. Осындай жағдайда күйінесің, ашынасың, қоғамға ренжисің. Алайда нағыз еңбек түптің түбінде бағаланатынына аса мән бере бермейміз. Шынтуайтында, қолға алған әр істі соңына дейін жеткізу, әрі оны ұқыпты, тиянақты етіп жасау қажеттігі қазақ даналығында көп айтылады. Дәл осы қағидамен өмір сүрген кез келген жан одан жаман болмайды. Өмір сүру керек, жан бағу қажет. Бірақ айламен емес, амалмен жүруге тиіспіз ғой. Бұл біздің ең бірінші кезекте «адам» екенімізді білдірмей ме? Абайдың отыз сегізінші қара сөзіне үңілейікші: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады…», «Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады…», «Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, Алла Тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер». Біз айтсақ, дәл осылай ақ-қараны ажыратып, ара-жігін ашып бере алар ма едік? Қазақта сөз айтса я жазса Абайға жүгінеді дейміз. Ендеше, осындай сөздерден ғибрат ала білмесек, айтқанымыздан, жазғанымыздан неғайбіл. Адамаралық қарым-қатынас, білімге, өнеге деген құштарлық, еңбекке деген адалдық туралы сөз еткенде адамгершілік, кісілік қасиет туралы айтпай кету мүмкін емес. Себебі, не жағдайда болсын, турашылдық тек адами қасиеттен бастау алады. Егер шынайы болмысың кіршіксіз болса, бұл игіліктерге әйтеуір бір жетерің сөзсіз. Сол себепті де, егер әлеуметтік инфантилизм дертінен арыламыз десек, алдымен өзіміздің ішкі жан дүниемізді тазалайық дегіміз келеді.
«Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» еңбегінде Ел Президенті Әлеуметтік жаңғыртудың біртұтас моделін жасаудың маңыздылығына тоқталып өткен болатын. Ол жаңғырту үдерістері эволюциялық қағидаттан бастау алуы тиіс екенін қадап айтты. Ортақ жауапкершілік, әріптестік қатысу («Бұл жерде биліктің міндеті – мемлекет, қоғам мен жеке адам мүддесінің рационалды тепе-теңдігін қамтамасыз ету»), ынталандыру («Иә, мемлекет көмектеспеуге болмайтын жерлерге көмек қолын созатын болады. Бірақ азамат өзінің қолынан келетін шаруаны өзі атқаруы тиіс. Және бұл әділетті болмақ!»), кәсібилік – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қатысты негізгі міндеттер болып табылады. «Әлеуметтік жаңғырту «тіптен де мемлекет» үшін жасалмайды, ол әрбір нақты азаматқа қызмет етіп, пайда әкелуі тиіс» (Н.Назарбаев).
Жалпы, Үкіметке берілген жиырма тапсырманың біріншісі Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың Жалпыұлттық тұжырымдамасы жобасын жасау қажеттігінен басталды. Ол бірінші кезекте әлеуметтік заңнамаларды жаңартудан бастау алатыны сөз болды. Екінші тапсырма да осы бағытқа сәйкес өрбіді. Біз негізінен, ең басты, маңызды тапсырмаларға тоқталып өтсек. Мәселен, 3-тапсырмада жұмыспен қамту саласын дамыту, 5-тапсырмада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Кәсіптік біліктіліктің ұлттық жүйесі болуы қажет екенін тапсырды. Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу, сонымен қатар өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажеттігі 6-тапсырмада айтылды. Сондай-ақ, 10-тапсырмада «Тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары: қолжетімділік пен жайлылық», ал 11-тапсырмада білім беру мекемелерін оңтайландыру, оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту және білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру туралы Үкіметке тапсырма берілді. 13-тапсырмада ҚР Білім және ғылым министрлігіне оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізуді тапсырды. Осы тапсырмада Қазақстан тарихы оқулығына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтып, денсаулық сақтауды жаңғырту және саламатты өмір салтына қатысты денсаулық сақтау саласына көңіл бөлудің қажеттігін атап көрсеткен болатын. 19-тапсырмада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне «2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдасын» деген талап қойды. Ал 20-тапсырмада ҚР Үкіметі «2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқару жүйесінің, жоспарлау, үйлестіру, сараптамалық жолбасшылық, үкіметтік емес сектормен әріптестік және басқа да мәселелерді қоса алғанда, тиімділігін арттыру жөнінен кешенді ұсыныстар әзірлеп, енгізсін», «2012 жылдың соңына дейін азаматтық қызметті заңдық реттеу мәселесін зерттесін», «2013 жылдың 1 шілдесіне дейін Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлесін» деген талаптар қойды.
Президенттің мұндай мәселеге тоқталуына бірқатар себептер негіз болды. Ол кәсіби білім беретін оқу орындарының мамандарды тәжірибе жүзінде қаншалықты қажеттігін ескермей дайындауынан, білім стандарттарын әзірлеуде басқару, экономика, бизнес, өнеркәсіп пен өндірістің ерекшеліктерін ескермеуінен, ғылыми-зерттеу жұмыстары мемлекеттік бағдарламаларда көзделген маңызды салаларда жүргізілмеуінен, ғылыми кадрлар дайындауда жүйесіздік орын алуынан туындап отыр.
Елбасының аталған мақаласы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздікті жоюға бағытталған. Зиялы қауымның арасында «бұл мақала ертерек шығуы керек еді» деген сөздер де бар. Алайда, мұндай мақаланың ертерек шығуы мүмкін емес еді. Себебі, оған қанаты әлі де қатаймаған жас мемлекетіміз, сондай-ақ, толық қалыптаспаған қоғамның құқықтық санасы мүмкіндік бермеді. Елбасының бұл мақаласы қоғам мен мемлекеттің келешегін ойлаған мыңдаған ғалымдардың көңілінен шықты. Сондықтан, Елбасының бұл мақаласын өз орнымен, уақтылы шыққан құжат және ол бүгінгі таңда қарқынды орындалып келе жатыр деп танимыз.
Сәуле СЫДЫҚОВА, А.ОРЫНБЕКОВ
Қарағанды Қазтұтыну Одағы
Экономикалық университетінің оқытушылары