Менің таңдауым – есею!
Бірде профессор лекциясын бастамай тұрып бізге жаңадан келген шәкіртін таныстырды. Сол сәтте мені иығымнан біреу түрткендей болды. Басымды жұлып алып қарасам, аласа бойлы, тарамыстай тартылған кемпірді көрдім. Маған қарап күлімдеп тұр. Оның күлімдегені айналаны жап-жарық етіп жібергендей. Мен де жымидым.
— Сәлем, сұлу қыз! Менің атым Роза, мен 87 жастамын, — деді ол. – Сенің жаныңа отырсам бола ма?
Мен сол жымиған күйі сәл ығыстым да оған орын бердім.
— Әрине, отырыңыз. Осыншалық пәк күйіңізде университет қабырғасынан не іздей келдіңіз? – деп менің де әзілдескім келіп кетті.
— Бай жігітті жолықтырып, көп бала туып берсем деп келдім, — деді ол маған көзін қысып.
— Ал, шындығында?
Роза маған ұнаған үстіне ұнай берді. Осынша жасқа келгенде мұнда не іздеп жүр деген сауал мені мазалады.
— Шындығымды айтсам, өмір бойы жоғары білім алуды арман еткен едім, — деп жауап қатты ол.
Лекциядан соң екеуміз студенттер асханасына барып түстендік. Сол күннен бастап екеуміз екі ай бойы бірге тамақ ішіп, жұбымыз жазылмай жүрдік. Роза біздің ортамыздың гүліне айналды. Әрбір сауық кешінде жайнап жүреді. Барлық студенттер онымен жақсы тіл табысатын. Ешкімнен оны жақтырмайтын қылық байқаған емеспін.
Семестр аяқталған. Қоштасу кешінде Розаға сөз сөйле дедік. Мінберге бара жатқанында оның қолынан сөйлеймін деп жазып алған парақтары түсіп қалды. Сасып қалған Роза парақтарды жинап алмақ болды. Бірақ түгел жинай алмады.
— Кешіріңіздер. Соңғы кезде қаңғалақ болып барам. Күйеуім үшін сыра ішуді тоқтаттым. Сондықтан вискиден тез масайып қалам, — деп әзілдеп жатты ол. – Мен мына шпаргалкаларды жинай алатын емеспін. Сондықтан не ойлайтынымды айтуға рұқсат етіңіздер.
Жұрт күлкісін тыйғанша, ол жөткірініп алды да сөзін бастап кетті:
— Есейген екенбіз деп ойнағанды доғармаймыз. Біз ойнағанды доғарған кезде барып есейеміз. Сіздің жетістігіңізді, жастық шағыңызды, бақытыңызды бірнеше құрамдас бөлшек құрайды. Күліп жүріңіздер! Күн сайын өмірден күлетін бір қызықты табуыңыз қажет. Сізге арман керек! Армандауды доғарған сәтте – сіз өлесіз. Айналамызда тірі өліктер қаптап жүр. Оны бірақ өздері еш сезбейді. Қартаю мен есеюдің арасы жер мен көктей. Егер жасыңыз 19 болса, бір жыл бойы диванда жатқаннан басқа түк бітірмесеңіз, ертең жасыңыз 20 келеді. Егер мен бір жыл бойы түк істемей диванда аунап жата берсем, менің жасым 88 келеді. Үлкен болудың еш қиындығы жоқ екен. Қартаю үшін ешқандай сиқыр мен дарынның қажеті жоқ. Дарын деген өз бойыңнан өзгерте аларлық жаңа мүмкіндікті көре білу. Ештеңеге өкінбеңіз. Қарт адамдар әдетте жасаған ісіне өкінбейді. Олар қолы жетпеген істеріне өкініш білдіреді. Өлімнен тек осындай өкініші көп адамдар ғана қорқады.
Сөзін француздардың, «Ізгі тілекпен, Роза!» деген тіркесімен аяқтап, кемпіріміз өз орнына отырды. Бәріміз де естіген сөздерді іштей қорытып жаттық.
Бір жылдан соң Роза жоғары білімді маман болып шықты. Өмір бойғы арманы орындалды. Қартаюдан ешкім қашып құтылмайды. Ал, есею – әр адамның өз таңдауы!
Аударған Шынар Әбілдә