Экспорт көлемі артты

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Кентау трансформатор» зауытын республикада білмейтін жан кемде-кем шығар. Себебі, экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналған қаладан ашылған зауыт бірнеше жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Оның үстіне, аталмыш зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еткенімен қоймай, жұмысшыларының көбін баспанамен қамтамасыз етті. Бүгінде зауытта 1011 кентаулық өз нәпақасын табуда. «Alageum electric» компаниясына қарасты зауыт әкімшілігі тұрғындарға жұмыс тауып берумен ғана шектеліп жатқан жоқ. Зауыт жанынан колледж ашылып, кентаулық жастар сол оқу орнында білім алуда. Даярланған кадр трансформатор зауытында жұмыс істейтін болады.

Кәсіпорынның өнімдері сапалы болғандықтан ішкі нарық сыртқы нарыққа тәуелді емес. Өйткені, аталмыш зауыт өнімі көптеген елдердің өніміне қарағанда өте сапалы.

Тұрақты тұтынушылардың қатарында «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ секілді ірі компаниялар бар. Сонымен бірге, зауыт өнімін көрші елдерде алуда. Жақында Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей секілді елдердің компаниядан алатын өнімінің көлемі 40 пайызға жетті.

С.САЙЛАУ,

Оңтүстік Қазақстан облысы