Мақта талшығы экспортталады

Үкіметтен жасалған жеңілдіктердің арқасында елімізде жұмысын жандандырып жатқан кәсіпорындар аз емес. Солардың бірі — «Мырзакент» мақта тазалау зауыты. Бұл зауыт биыл АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алып орнатқан қондырғысы арқылы мақта талшығын дайындауда рекордттық көрсеткішке қол жеткізуі мүмкін.

Атап айтқанда, талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған. Жобада пайдаланылған инновациялық технологиялар ТМД елдерінде теңдесі жоқ өндіріс болып табылады.

«Зауытымыздағы инвестициялық жоба 2013 жылы өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданып, индустриалды картаға еңгізілген болатын. Сөйтіп, аталмыш жобаны 2014 жылы іске қостық. Бүгінде зауыттың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 120 адам мерзімді жұмыс орнымен қамтылған», — дейді зауыттың бас инженері Асылбек Жамалов.

2014 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорын биылдың өзінде 60 мың тонна мақта талшығын әзірлеуді жоспарлап отыр. Тәулігіне мұнда 40 тонна мақта талшығы өндіріледі. Дайын өнім Шымкенттегі мақта тоқыма зауытына жөнелтіледі. Зауыт қажеттілігінен артылған талшықтар Чехия мен Үндістан мемлекеттеріне саудаланады екен.

Шалқар БЕК,

Оңтүстік Қазақстан облысы.