Сайрамдағы «сүт бұлағы»
Тамақ өнеркәсібі Сайрам ауданының тұрақты экономикалық дамуында аса маңызды орын алады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі өңдеу өнеркәсібінің ең қарқынды дамып отырған секторы болып табылады. Осыны ескерген Сайрам ауданының әкімдігі тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы жеті айында 9559,4 миллион теңгеге тамақ өнімдері өндірілген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 18,2 пайызды құраған. Салада табиғи түрде 725 тонна сүт өнімдері, 51596 тонна ұн, 60 тонна шұжық өнімдері мен 720,4 мың литр өзге де алкогольсіз сусындар өндірілген.
Осындай тамақ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорынның бірі сүт өнімдерінің бірнеше түрін өндіретін, 2007 жылы іске қосылған «Компания Натур Продукт» серіктестігі. Кәсіпорын бүгінгі таңда «Хан» сауда маркасымен сүт өнімдері: айран, ірімшік, йогурт, құрт, сары май шығарады. Тәулігіне 20 тонна сүт өңдеуге қауқарлы өндіріс орында 32 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бүгінгі таңда кәсіпорынды кеңейту мақсатында өндіріс қуаттылығын арттыру үшін тәулігіне 70 тонна сүт өңдейтін құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары басталған. Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндірісті кеңейту мақсатында Ақсу ауылында тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлауда.
Шалқар БЕК,
Оңтүстік Қазақстан облысы.