Зәмзәм суының пайда болуы

…Ибраһим пайғамбар әйелі Сара және Мысыр патшасы сыйға тартқан күңі Ажармен бірге бақытты ғұмыр кешіп жатты. Бұл кезде Ибраһимнің жасы алпысты алқымдап қалған еді. Алайда әйелі бала таба алмайтын болатын. Ибраһим өзінің қасында серік әрі мұрагер болатын ұлы болғанын қатты армандайтын. Әйелінің де балаға деген құштарлығы зор еді.

Бір күні Сара күйеуіне: «Уа, Ибраһим! Осы сен неге Ажармен көңіл қоспайсың? Бәлкім, Алла Тағала сол арқылы сәби берер», – деп ұсыныс айтты. Бірақ Ибраһим: «Дұрыс қой. Бірақ мен сендердің араларыңда қызғаныш оты тұтанып кете ме деп қорқамын», – деген уәжін білдірді. Алайда Сара күйеуіне өзінің ұсынысын күн сайын оңашада айта берді, айта берді. Өйткені ол өзінің себебінен күйеуінің ұрпақсыз қалуын қаламайтын.

Ақырында Ибраһим өзінің күңі Ажармен көңіл қосып, екінші әйелдікке алды. Бір жылдан соң араларында Исмаил атты сәби дүниеге келді. Ибраһимнің қуанышында шек болмады. Бірнеше жылдардан бері күткен тілегі орындалып, ұлды болды. Сол үшін Раббысына мың сан мадақ айтып, шүкіршілік қылды.

Бірақ көп өтпей оның отбасында өзі бұрыннан қауіптенген нәрсе орын алды. Әйелі Сараның бойын қызғаныш биледі. Ол Ажарды да, оның ұлы Исмаилды да жақтырмайтын болды. Оларды көз алдында көргісі де келмеді. Ақырында өзінің сезімін бағындыра алмаған ол күйеуі Ибраһимнен Ажар мен оның баласын көз көрмес алыс жерге апарып тастауын өтінді.

Бір күні Ибраһим Ажар мен Исмаилды алып, ұзақ сапарға аттанды. Шам елінен шығып, оңтүстікке қарай бағыт алды. Біраз күндер өткен соң сусыз қу медиен шөл далаға ат басын тіреді. Ибраһим көлігінен түсіп, жан-жағына қарады. Бұл кішігірім таулардың арасындағы бір үлкен аңғар болатын. Ағын су да, қылтиған шөп те жоқ айнала құм. Тіпті аң-құс, тірі жәндік те көзге көрінбейтін, ешбір тіршіліктің нышаны да байқалмайтын нағыз сахараның ортасы. Ажар да түйеден түсіп, айналаға көз жіберді. Меңіреу таулар, құмнан басқа ештеңе жоқ. Ибраһим біраз үнсіз тұрды да, көкке қарап, күбірлеп дұға оқыды: «Уа, Раббым! Мен ұрпағымды ел-түзсіз жерге, қасиетті үйіңнің қасына тастап кетіп барамын. Олар осы жерде өсіп-өнсін. Өзіңе құлшылық қылып, намаз оқысын. Бұл жерге құт-береке дарытып, өзіңнің кеңшілігіңмен басқа жұрттан артық еткейсің. Адамдардың жүрегі баруға құлшынып тұратын киелі мекенге айналдырғайсың. Тілегімді қабыл ала көр. Жанұямды бір өзіңе ғана тапсырдым».

Осылайша Ибраһим ұлы мен әйеліне деген қимас сезімін сыртқа шығармай, олардың беттерінен сүйіп қоштасты. Сосын көлігіне мініп, қайтуға бет алды. Ажар жыламсырап: «Уа, Ибраһим! Бізді мына елсіз далаға тастап бара жатсың ба?» – деп етегіне жармасты. Ибраһим салмақты кейпін бұзбай: «Мен сендерді Раббыма қалдырдым», – деді. Ажар көзінің жасын сүртіп, Алланың әміріне көнгендей болып: «Олай болса Ол бізді жоғалтпас. Алла жар болсын саған», – деп қоштасты.

Сонан кейін Ажар құндақтаулы баласы Исмаилдың жанына келді. Күн аптап ыстық болатын. Айналада ешқандай көлеңке де жоқ. Сәби де, оның анасы да қатты шөлдеді. Ажар су іздеп көрмекші болып орнынан тұрды. Әрі-бері қарағанымен, жан-жақтағы таулардан басқа ештеңе көрінбеді. Жақын маңдағы Сафа тауы жақтан бұлдыраған сағымды байқады. Ажар оны су екен деп ойлап соған қарай жүгірді. Бірақ бұл таудың қасынан ештеңе таппады. Әбден шарасы таусылып, шөлдеген оған екінші тұстағы Мәруа тауында су бар сияқты көрінді. Дереу сол тауға қарай жүгірді. Бірақ бұл да су болмай шықты. Осылайша оның көзіне сағым су болып елестеп, екі таудың арасында әрлі-берлі жеті рет жүгірді. Бірақ бұл қарекетінен ештеңе шықпады. Жақын арада су жоқ. Кішкентай сәбиі шөлден қаталап, жылап жатыр. Өзі де әбден шаршады. Ақырында Ажар байғұс баласының қасына оралды. Тағдырдың жазуына мойынсұнып, Алладан медет тіледі. Сәбиі Исмаил болса шырылдап жылап жатты.

Осылайша біраз уақыт өтті. Кенеттен бір керемет оқиға болды. Алла Тағаланың жәрдемі келді. Сәбидің аяғының астындағы жерден шым-шымдап мөлдір су шыға бастады. Ажар Алланың бұл кереметіне шүкіршілік етіп, судан өзі де ішіп, сәбиіне де берді. Жоқ жерден ризық бергеніне Жаратқанға мадақ айтты.

Сонан соң судың жерге сіңіп кетуінен қауіптеніп, топырақты қолдарымен ысырып: «Ей, су! Мына арнаны толтыр, толтыр» – «зәммә, зәммә», – дей жүріп, арна қазды. Кейіннен бұл бұлақ Зәмзәм бұлағы атанып кетті.

Сөйтіп, Алланың құдыретімен бұрын-соңды тіршілік нышаны болмаған бұл жерден су шығып, тіршілік басталды. Алыстан қалықтап құстар келе бастады. Сайын сахарадан су іздеп шөліркеген жан-жануарлар осы бұлақтан шөлін қандырып кететін болды. Осы өңірді мекендеген көшпелі арабтар алыстан құстардың ұшып барып жатқанын көріп, мұнда су бар болар деп топшылады. Түйелерімен келіп, бұлақ басында отырған балалы әйелден жақын маңға қоныстануға рұқсат сұрады. Ажар оларға рұқсат берді. Осылайша бұрынғы меңіреу шөл далаға жан бітті. Ажар мен оның ұлы Исмаил Зәмзәм бұлағының жанында жаңа көршілерімен бірге тату-тәтті өмір кешіп жатты…