Сенат төрағасы мұғалімдердің жалақысын көтеруді ұсынды

Ұстаз кәсібінің төмен мәртебесі білімді дамытуды тежеп отырған фактор болып саналады. Қазіргі уақытта білім беру қызметкерлері жалақысының деңгейі ең төмен еңбекақының қатарында қалып отыр. Үкімет осы орайда мұғалімдердің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет. Бұл туралы орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдауда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ұстаз кәсібінің төмен мәртебесі мектептегі білімді дамытуды тежеп отырған фактор. Қазіргі уақытта білім беру қызметкерлері жалақысының деңгейі ең төмен еңбекақының қатарында қалып отыр. Ол орташа республикалық деңгейдің 66 пайызын құрайды. Үкімет экономикалық жағдайға орай мұғалімдердің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет. Бұл – өте маңызды. Өйткені мектептегі реформа педагогикалық жоғарғы оқу орындарына байланысты», — деді ол.

Осы орайда ҚР Сенатының төрағасы ұстаздардың әлеуметтік жағдайына мән беруді шақырды.

«Мұғалімдерді мемлекеттік наградалармен, сыйақылармен ынталандырып, олардың еңбегін бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау қажет. Материалдық және моральдық ынталандыруды дұрыс жолға қоймасақ, біз мұғалім кәсібінің мәртебесін жоғарылата алмаймыз», — деді ол.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам арасында мұғалімнің мәртебесі төмендеп кеткенін ашына айтты.

«Қазіргі уақытта талапкерлер көп жағдайда педагогикалық жоғарғы оқу орындарына оңай түсуге болатын оқу орны» деген қағидат бойынша таңдайтыны жасырын емес. Өйткені педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсуге қажетті балл саны басқа мамандықтармен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Мұндай жағдай келешекте оқытушылар құрамының сапасына тікелей кері әсер ететіні анық. Ал бұл толығымен керісінше болуы тиіс», — деп түйіндеді сөзін Сенат төрағасы.