Білім саласындағы реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтату қажет!
Білім беру саласында терең жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өтіп жатқан «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарына жатады. Соңғы жылдары мектептеріміз үнемі реформалар жүргізу режимінде жұмыс істеуде. Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмаймыз. Жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін нәтижелерге әлі де қол жеткізген жоқпыз. Мектептегі білім беру жүйесінде жасалған жаңалықтар көп жағдайда қоғамды айтарлықтай толғандырады», — деді Сенат төрағасы.
Осы ретте ол аталған жайттың басты себебі ретінде түсіндіру шараларының жеткіліксіз деңгейде жүргізілуіне, білім беру жүйесіндегі жаңалықтардың тиісті деңгейде жүзеге аспауына және педагог мамандардың сапасына тікелей байланысты болып отырғанын баса айтты.
«Мүмкін бұл маңызды саладағы реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар. Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік? Алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды. Осы орайда қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың жастардың оқу, тәрбие жұмыс түзелмей жұрт ісі түзелмейді» деген қағидасын қашанда есте ұстағанымыз жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.