Қ.Тоқаев: БҰҰ Жарғысына қайшы келетін шараларға қарсы тұруға тиіспіз!
Кеше Мәскеуде «Еуразия өңірі ХХІ ғасырдағы ортақ игілігі жолындағы парламентаралық ынтымақтастық» тақырыбында Еуразия мемлекеттері парламент спикерлерінің бірінші кеңесі болып өтті. Оған Қазақстанан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, баяндама жасады.
«Біз, Еуразия мемлекеттері, БҰҰ-ның әлемдік істердегі өзекті рөліне қолдау көрсетіп, БҰҰ Жарғысына қайшы келетін кез келген шектеу шаралары мен әскери акцияларға қарсы тұруға тиіспіз. Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастық пен саудаға баса назар аударудың маңызы зор, бұл біздің халықтарымыздың түпкі мүдделеріне толық сай келеді. Осы орайда Қытайдың Жібек жолы экономикалық белдеуі стратегиясы ерекше маңызға ие бола түсуде. Қазақстан Президенті құрлықтағы ірі интеграциялық жобаларды бір арнаға түйістіру мақсатында Үлкен Еуразия идеясын талқылауды ұсынып отыр. Қазақстан өз тарапынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы мен «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде бүкіл Еуразия аумағын көліктік дәліздермен байланыстыру мақсатында автомобиль және теміржол магистральдарын салуды, логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды көздейтін ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Болашақта әлемдік экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналуы мүмкін жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық Экономикалық одақтың қызметіне бірқатар мемлекеттердің қызығушылығының артып келе жатқанын ерекше ризашылықпен атап өту қажет», – дейді Қ. Тоқаев.
Сенат төрағасы жаңа технологиялар мен роботтар дәурені алға шығатын экономиканың жаңа тұрпатына жастарымызды қазірден бастап дайындау керек екенін айтты.
«Бұл салада артта қалып қою мемлекеттерімізді қиын жағдайларға душар етпек. Оның үстіне, қазірдің өзінде әлемдегі 410 млн жұмыссыздардың 75 миллионнан астамын 25 жастан аспаған жастар құрап отыр. Сондықтан парламенттік дипломатияның рөлі еселеп өсу үстінде. Жаһандық тұрақсыздық дәуірінде, мемлекеттер арасындағы өзара сенімсіздік кеңінен орын алып отырған кезеңде халықтар арасындағы ізгі ниетті байланыстар мен ынтымақтастықты нығайту жөніндегі маңызды міндетті орындау заң шығарушы биліктің қолынан келетін іс екені анық. Парламент депутаттары экстремистік қатерге, әсіресе діни ортадағы қауіпке қарсы өздерінің шешуші сөздерін айтуға міндетті. 31 мамырда Астанада түрлі елдердің парламентшілері мен бүкіл әлем конфессиялары өкілдерінің қатысуымен «Діндер терроризмге қарсы» атты конференция өтеді. Бұл осындай бағытта өтетін Еуразиядағы алғашқы форум. Оның мақсаты – өркениеттердің диалогі мен өзара іс-қимылын нығайту», – дейді ол.
Форумға қатысушыларға Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі таратылды.
ЕлАна-ақпарат