«АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН ЖАННЫҢ АУЫРМАЙ ӨЛЕТІНІН» ДЕПУТАТ БОЖКОНЫҢ БІЛМЕГЕНІ ҚАЛАЙ?

Газет халықтың жаршысы болғандықтан, қоғамдық ойдан бейтарап қала алмаймыз. Бүгіндері әлеуметтік желілер ақпарат таратуда алдыңғы лекке шықты. Кез келген өзекті мәселе сол жерде «тұтанып», қоғамға жайылатыны белгілі. Бұл бір жағынан «Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын» боқтампаз шенеуніктерге, бос сөзге үйір басшыларға «Үй артында кісі бар екенін» естеріне салуға таптырмайтын құрал болып тұр. Әйтпесе, «Күлдіремін деп бүлдіретін, жұбатамын деп жылататын» «данышпандар» не істемей жатыр. Күлкіге қарық қалған министр, тұрғындарына мазақ болған әкім, параға құныққан жол сақшысы т.б жағымсыз әрекеттер әлеуметтік желіге «азық» болып жүр. Жасыратыны жоқ ол жақта да отыратындар ала-құла болғанымен, көбінің көзі ашық, көкірегі ояу. Сондықтан да болар белсенді. Билік тарапынан айтылған әр сөзге терең мән беріп, артық-кемін саралап отырады.

«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген тәмсілге сүйенсек, оғаш қылығымен халықтың ашу-ызасын тудырған қайраткерлер көп. Өнерімен елді тамсандырған әзілкеш Бауыржанның қонақ үйдегі дөрекі мінезі мен былапыт сөздеріне атақ-абыройы қорған бола алмады. Бет-пердесі ашылды. Досқа таба, дұшпанға күлкі болды.   Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады.   Әріге бармай-ақ қоялық, елдің ашу-ызасын туғызған даулы оқиғалар Парламентке де сабақ болса керек еді. Өйткені Мәжілісте табаны күректей 10 жылдан артық отырған «ең көне» экс — депутат Мұхтар Тінікеев Қарағанды облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойды ұрып, балағаттаған видеосы оның абыройын тас — талқан еткені есімізде. Сол кезде көпшілік халық біз сеніп отырған депутаттар осындай қадамға барса, ертеңіміз не болмақ?- деп  өкпе-наздарын жасырмай жазып жатты. Негізінен ел алдында жүретін азамттар «Екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қойып жүргені дұрыс – ау. Әйтпесе бастарынан дау-дамай арыла қоймас.

Күні кеше Мәжілісте өткен үкімет сағатында вице-спикер Владимир Божко ауыл жастарының қалаға келуіне шектеу қою керектігін айтамын деп әлеуметтік желінің «қан қысымын» көтеріп жіберді. Айтар ойын дұрыс жеткізе алмай қалды ма, әйтеуір, көптің қарсылығына тап болды.

Парламентте өткен Үкімет сағатындағы Владимир мырзаның мына сөзін көпшілік жүректеріне ауыр алып қалды. «Виртуалды кеңістікте зұлымдықтың, экстремизм мен радикализмнің, өтіріктің тілі басымдық алып отыр. Мәселен, «Абу-Даби Плаза» кешенінде болған жағдай бізді ойландырып қойды. Әрине, бұл жағдай ІІМ, ҰҚК өкілдері мен Астана әкімдігінің дер кезінде әрекет етіп, уақытылы ақпарат таратып отыруының арқасында ауыздықталды. Бірақ, осымен қатар әлеуметтік желілерде ойдан құралған жалған ақпарат тартып, жағдайды ушықтырғысы келетіндер саны көп болды. Бұл ақпараттарға ауылдан қалаға жұмыс істеуге келген жастар бірінші болып үн қатты», — деді ол.

Бажко мырза мұнымен тоқтамай, осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадағы «Артем» базарындағы оқиғаны еске түсірді.  Бір әйелдің жалған ақпаратының соңы жаппай төбелеске ұласқанын әңгімеледі.

Сосын ойын былай өрбітті. «Бұл жағдайлар бізге алдын алу керектігін көрсетіп отыр. Ең алдымен ауылдан қалаға келіп жатқан жастардың санына шектеу қою керек. Жастардың қалаға келуіне себеп болып отырған ауылдағы жұмыссыздықты жою керек ең алдымен. Ауыл жастары лайықты өмір сүруі үшін олар жұмыспен, баспанамен, заманауи әлеуметтік-мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі керек», — деп нақтылауды да ұмытпады.

Депутаттың осы мәлімдемесіне қарсы жазылған әлеуметтік желідегі ашу-ызаға толы пікірлерді көшіріп басуды қолай көрмедік. Өйткені онда жеке басқа қатысты, ұлт араздықты тудыратын сөйлемдер көп. Оны кез келген адам сол жерден оқи алады.

Әрине, депутат,  ауыл да жастарды ұстап қалу үшін әлеуметтік проблемалардың шешілуі керектігін  айтып отыр. Бірақ өзі сол ауыл жастарының жұмыссыз жүргендігін алға тартып, олардың келешегінің қандай болатынына жүрегі ауырып,  тым болмаса Үкіметке бір рет депутаттық сауал жолдамағанын ұмытып кеткені қалай?  Ауылда жастарды ұстап қалатын небір керемет бағдарламалардың іске аспай жатуына кінәліні іздестірсе оған кім қой депті! Содан кейін құрылыста табан ақы маңдай терімен жұмыс жасап, отбасыларын асырап отырғандарға да бір сәт көңіл бөлсе қанекей.   Қолында білдей бір депутаттық мандаты бар адам кез келген министрлікті тарыдай қуырып жіберуге қауқарлы емес пе?.

Сосын депутат мырза мынаны да есте ұстағаны абзал. Кешегі кеңес заманында қазақтарды қалаға есеппен орналастыруға байланысты жасырын қаулы да болыпты. Соның зардабын тартқан адамдар ортамызда жүр.

Белгілі саясаткер Мурат Абенов депутат Бажконың осы мәлімдемесіне әлеуметтік желіде былайша тіл қатты.  «Ауыл жастарына қарсы шықты ма Божко?

Эй мынау депутат не дейді? Қай елге қай халаққа қызмет жасайды өзі?

Ауылдың жастарының қалаға келүін азайту керек деген ұсыныс баяғы СССР ды аңсау ма сонда. Ол кезде ауыл тұрғындарын қалаға көшуді «прописка» арқылы шектеп, тек басқа республикардан келгендерге жағдай жасалған еді. Дәл соны қайтадан жасамақшы ма сонда?

Абу Даби төбілесінен кейін қазақстан жастарын ауылдан шығармай, барлық жағдайды шетелдіктерге жасаумыз керек екен ғой?

Ел басы «Серпін» бағдарламасы арқылы жастарды ауылдан қалаға көшір деп қайта қайта тапсырма бергенде, Божко керісінше қаладан қайту керек ауылға деген ұсынысы мемлекеттік саясатқа қарсы емес пе? Керісінше аулдың жастарын көбірек көшіріп жақдайын жасау керек деудің орнына, бүкіл Қазақ елінің ақшасына салған қалаларды өз азаматтарымызға қимаймыз ба?

Бұл ұсынысын Конституцияға сәйкестігін тексеру керек. Ата заңымыздын 14 бабына сәйкес бір де бір азамат тұратын жері бойынша дикриминацияға ұшырамау керек делінген.

Сонда депутаттың бұл ұсынысы ауыл жастарын құқығын шектеу болып табылмай ма?

 

Нағашыбай Қабылбек