Кешігуе де, асығуға да, қателесуге де болмайды!
Толыққанды қазақ латиницасын құрағанда, түзгенде, қазақ тілінің грамматикалық, үндестік заңдарына сай төл дыбыстарымыздың дұрыс берілуін қамтамасыз ететін қосалқы қазақ қаріптерін латынша белгілегенде, қателесуге ешқандай да құқымыз жоқ!
Қазақ тілінің мәртебесін іс жүзінде өз дәрежесіне көтеру үшін латын әліпбиіне көшу туралы бастама өте орынды, дәл уақытында көтеріліп отырған өзекті мәселе. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгеніне 27 жылдан астам уақыт өтсе де, өкінішке орай, туған тіліміз өз төріне өте алмай, босағада телміріп тұр. Оның басты себептерінің бірі кириллицаға тәуелділік екені рас. Қанша жерден қазақыландырсақ та, кириллдің көкесі — орыс тілінің өктемдігінен бір құтыла алмадық қой. Мысал керек пе? Күні бүгінге дейін компьютерлердің көпшілік пайдаланатын «виндоус» бағдарламасында қазақыланған кириллица әріптері ашылмайды, ашылған сәтте де қазақ қаріптердің орнына «?» белгілері шығады. Ал төлқұжаттарда аты-жөніміз, тегіміз тек қана орыс грамматикасына сай қаріптермен жазылады. Осы да әділеттілік пе, айтыңыздаршы! Бұл дегеніңіз өрескел қателік, ұлттық мүддемізге жасалып отырған кемсітушілік сияқты көрінеді маған. Мәселен, күні бүгінге дейін «Қайрат» сөзін «Кайрат», «Өмірбек» сөзін «Омирбек» деп, орыс грамматикасына сай жазып жүрміз. Әлемде дәл осындай өрескел әліпбиі бар ел кемде-кем шығар. Мұның басты себебі әу бастан күні бүгінге дейін пайдаланып жүрген 42 әріптік қазақ кирилицасы әліпбиіне «қазақ кириллица әліпбиі» деген ресми мәртебені дұрыс бекітпегеннен шығар деп ойлаймын. Егер осылай белгіленсе, «түрік латиницасы» деген сияқты, компьютердегі тілдердің тізімінде тұрар еді. Сонда әлемнің кез келген нүктесінде отырып, «қазақ кириллицасы» деген нұсқауды басып, қазақ қаріптерін шығаруға болар еді.
Мен мұны күні ертең латын әліпбиіне көшкен кезде болашақ жас ұрпақ өкілдері, біздердің немерелеріміз бен шөберелеріміз қазақ халқының өткен ғасырдағы рухани байлығынан ажырап қалмаулары үшін айтып отырмын. Латынға көшкен кезде, біздің өткен ғасырдағы тарихи, әдеби жазбаларымыздың ұшан-теңіз мол қорын ұрпақтарымыз ешқандай қиындықсыз, кедергісіз конвертациялау арқылы, қайтадан латын қаріптерімен жеңіл оқи алатындай жағдай жасауымыз керек. Міне, сол үшін де латын әліпбиінің қазіргі қолданыстағы қазақ тілінің төл дыбыстарын толық қамтитын нұсқасын жан-жақты талқылаудан өткізіп, арнаулы мамандандырылған комиссия бекіткен соң барып қабылдаған дұрыс!
Қыркүйектің басында Парламент отырысында ұсынылған латын әліпбиінің нұсқасы, менің түсінігімше, ағылшын тілі грамматикасының, фонетикасының негізінде, пернетақтадағы 26 ағылшын қаріптерінің санына сай жасала салған. Қай қазақты қосарланған қаріп арқылы дұрыс сөйлеуге үйретесіз? Ал тілі енді шығатын сәбилерге қазіргі ғалымдар ұсынған әліпби бойынша қазақ тілін үйрету ағылшын тілін үйретумен бірдей болмай ма?! Бұл арадағы басты қауіп — қазақ тілінің фонетикалық үндестігіне ендігі жерде ағылшындық фонетика заңдылықтары үстемдік ететін сияқты.
Әріптерді қосарлап беруде өте сақ болғанымыз жөн. Ағылшын тілінің әріптерді қосарлау арқылы дыбыс жасау, шығару әдісін қазақ тіліне қолданудың тиімсіз жақтарына қарапайым халық бірден алаңдаушылық білдірді. «Халық айтса, қалт айтпайды». Қазақ тілін пайдаланушылардың басым бөлігі қарапайым халық екенін ұмытпайық. Жұрттың бәрі Ербол Тілешов сияқты ғалым емес қой.
Мен ширек ғасыр бойы мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуы жолында шама-шарқымша атсалысып, тер төгіп жүрген қара нардай, қарапайым қазақ журналистерінің бірі болғандықтан да, осындай ұлтымыздың төл әліпбиін латын әліпбиі негізінде қайта жасау мәселесінде «Ура!» деп апай-төпей асығыстық болмауы үшін өзімнің азаматтық пікірімді білдіруді парызым деп санаймын. Тәуелсіздік алғаннан бері атқарылып жатқан шаралар, жеткен жеңістер аз емес, әрине! Өкінішке орай, орны толмас өкініштер де аз емес қой… Мәселен, ауыл шаруашылығы саласын сақтап қала алмауымыз, жекешелендіру процестерінің өте асығыс жүргізілуі т.т. толып жатыр. Тіпті, күні кеше ғана қоғамда үлкен резонанс туғызған жер мәселесі…
Ендеше, латын әліпбиіне көшуді жан-жақты талқылайтын мемлекеттік дәрежедегі арнаулы комиссия құрып, оның құрамына бірінші кезекте тіл мамандарын, лингвистерді, педагогтарды, жазушылар мен журналистерді, тіпті кез келген буын өкілдерін қатыстырып, әлеуметтік желілердегі қарапайым азаматтардың пікірлерін де жан-жақты қарап шығу керек. Қазақта «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Ең соңғы сөзді, нақты ұсынысты Тіл мамандары мен ғалымдарының ортақ шешімі негізінде жасаған абзал. Ал, Парламент осы айтылған ұсыныстардың негізінде ғана шешім қабылдауы керек. Міне, сонда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы тапсырмасы өте жоғары деңгейде жүзеге асатын болады. Біле білсек, әліпби ауыстырған сәтте жоғалып кетпей ме, тіліміздің түркілік, қазақы болмысы, қазаққа ғана тән әуезді дыбыстары өзгеріске ұшырап кетпей ме деген қорқыныш бүгінгі таңда әрбір қазақты мазалап отыр. Қазақ тілі — қазақ халқының ұлттық коды. Ал ол кодтың кілті латын қаріптері негізінде жасалатын төл әліпбиіміз болуы керек. Олай болса латын әліпбиіне көшу үрдісінде біздің асығуға да, кешігуге де, қателесуге құқымыз жоқ! Бұл Ұлы Далада ғасырлар бойы тәуелсіздігі жолында атой салған батыр бабаларымыздың біздерге қалдырған асыл аманаты екенін ұмытпайық! Ұлттық мүдде үшін бәріміз жауаптымыз. Ұлттық мүддеміздің басты атрибуттарының бірі болып саналатын әліпби мәселесін шешуде қателесуге құқымыз жоқ!
Жаңабек Тойбазаров,
журналист