НӘТИЖЕСІ ЖОҚ РЕФОРМАДАН ХАЛЫҚ ӘБДЕН ШАРШАДЫ?

Өткен аптаның еншісіне жағымды бір ақпарат жазылды. Ол көптің көкейіндегі түйткілді мәселені шешіп тастамаса да, билік тарапынан Білім министрлігіне деген сыни көзқарастың бар екенін аңғартты.  Мұндай ащы пікірді президенттен кейінгі «екінші адам» саналатын ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы  бекер емес болар.

Елімізде орта білім беру саласы жиі реформалар жүргізілетін салалардың қатарына жатады. Оның жасырып – жабары жоқ.  Соған қарамастан бұл сала заман талабына сай жаңғыртылды деп айта алмамыз ба? Әрине жоқ. Өкінішке орай, жүргізілген реформалардың тиімділігі көрінетін кезең әлі байқалмайды.

Орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдауда  осыны сөз еткен сенат төрағасы :

«Біз әлі білім саласында нәтижелерге қол жеткізген жоқпыз. Мектептегі білім беру жүйесінде жасалған реформалар көп жағдайда қоғамды айтарлықтай толғандырады. Сондықтан осы саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар» деген ойын білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы реформалардың неліктен сәтсіз жүргілізіп жатқанына былай деп баға берді. «Оның себептері – түсіндіру шараларының жеткіліксіз деңгейде жүргізілуінде, білім беру жүйесіндегі жаңалықтардың тиісті деңгейде жүзеге аспауында және педагог мамандардың сапасына тікелей байланысты болып отыр».

ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Білім министрі қатысқан жиында сөзін былай түйіндеді: «Мүмкін бұл саладағы маңызды реформалардың үздіксіз жүргізілуін тоқтата тұру қажет шығар деген ойымды қайталағым келіп тұр. Қандай жетістікке жеттік, қайда келдік, неге қол жеткіздік?» алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды».

Сенатор көп нәрседен хабардар болса керек, сапасыз оқулықтар жайлы да ашық айтты. «Мектептердің көздегені ҰБТ-дан жоғары бал жинау. Яғни, ұстаздар рейтинг қуып жүр. Негізгі білім беру мәселесі екінші орында қалды. Оқулықтардағы қателерге қатысты ата-аналардың  да наразылығы орынды. Қайта-қайта қате шығатын кітаптарды сараптамадан өткізу керек».

Демек, сенат төрағасының ойын биліктің ұстанымы деп айтуға толық негіз бар. 14 министрді  қолғапша ауыстырған білім саласын алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Алайда биліктің назары түскені жақсылық нышаны!

 

Дайындаған: Нағашыбай Қабылбек