Қоғалжынның қоқиқазын тамашалап, киелі орындарын араладық
Облыстық ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар орталығының ұйымдастыруымен Қоғалжын ауданында пресс тур өтті. Қорғалжын ауданы байырғы қазақтар мекені. Жергілікті ұлт басым тұратын, 10 мыңға жетер, жетпес халқы бар, шағын аудан.
Сапар аудан орталығына кіреберістегі достықтың, махаббатың симболы болған, ел ортасына кең тараған «Дударай» әнінің құрметіне қойылған ескерткіштен басталды. Ескерткіщтен алыс емес, Нұра өзенінің сол жақ жағасында Қорғалжыннан үш шақырымдай жерде орналасқан Бытығай кесенесі тұр.
Орталықтағы «Қорғалжын қорығы» атты мұражай кешенін тамашаладық. Онда қорықтың жалпы аумағы, ондағы жан жануарлар түрі, табиғаты, көрнекті құралдармен бейнеленіп, тарихы жайлы мәліметтер қойылыпты.
Қорғалжын қорығы Астана қаласының оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым. Қорғалжын шұңқырында орналасқан қорықтың ауданы 259,9 мың гектар, оның 198 мыңы акватории. Оған Теңіз және Қорғалжын көлі кіреді. . Теңіз көлінің ұзындығы 85 км, ені 35 км. Қорық «Тірі көлдер» ұйымына, әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» және Юнеско тізіміне кірген. Қорықта Қызыл Кітапқа енген құстардың 32, жан-жануарлардың 40 түрі мекендейді. Ең атаулысы қорық брендісіне айналған қызғылт қоқиқаз/ фламинго/. Қорғалжынның атын ел аумағына танытып отырғанда осы — Фламинго. Латынша «Flame» жалын деген сөз. Бұл өте сәнді құс.
Ол «артемия салина» деп аталатын құртпен көректенеді. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал, Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Қоқиқаздар өте сақ келеді. . Қасына бару түгілі, маңына жақындау мүмкін емес. Күн жылына келіп, балапан басып, салқын түсе жылы жаққа ауады. Қорғалжын қорығының бетке ұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Бұл жолы біз де әдейі барған соң қоқиқазды көзбен көруге тырыстық. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесіне келіп, қорықты тамашалауға келген германиялық туристерге кезіктік. Жолбасшы арқылы Сандықпайсор және Кіші теңіз көлінің жағасында қоқиқаздарды тамашаладық. Бірге жүрген шетелдік туристер Қорғалжынның әсем табиғатымен, көл бетіндегі құстарды тамашалап мәз мәйрам.
Александр Лоренц есімді турист,келгендеріне өте қуанышты екен.
Ол: – Мен Берлиннен келдім. Бұнда бірінші рет. Қызмет бабымен «ЭКСПО-2017» көрмесінде технологиялық форум өткізудеміз. Осындай қорықтың барын естіп,уақыт бөліп қоқиқазды көзбен көруге келдік. Германияда мұндайды көру мүмкін емес. Келешекте тағы келу ойымда тұр – деді, журналистер сауалына.
Қорықтың ұйымдастыру орталығының жетекшісі Нәзира Зұлханова төмендегі мәліметтерді таныстырды. Оның айтуынша, жыл сайын шетелдік туристерді қосқанда барлығы 3-5 мың адам келсе, биыл 300 шетелдік 2,5 мың қазақстандық турист келіпті. Қорықта тамашалайтын басты нәрселер, көл бетіндегі құстардың түрі, тыныс тіршілігі және табиғаты.
Дахан Шөкшірұлы