Cәл шалыс кетсе құрдымға кететінін біліп тұрып қылмысқа бармас
Мемлекеттік қаржыны жымқырған адам жайлы мақтап жазғаны несі деп, бəзбіреулер мені сөгетін де болар бəлкім. Сонда да болса, айтқым келіп отырғаны. Әңгіме Талғат Ермегияев деген азамат жайында. Азамат дейтінім, оның шын мәнісінде азаматтық қасиеттерін білем. Сол үшін сыйлаймын да құрметтеймін.
Талғат кәсіби аңшы. Атасынан қалған кәсібі. Аңшылыққа жаны құмар. Тек ол қасқыр мен қабанды ондап, үйрек пен қоянды жүздеп атып, суретін әлеуметтік желіге салып мақтанатын, желігетін есерсоқ аңшы емес. Бірде жолдастарымызбен оның аңшылыққа жиналғанына куә болғанбыз.Дайындалып жатып, мылтық пен пышақ алды. Оған қоса екі түйір жуа, бір сіріңкенің қорабы мен тұз және екі ақ оқ дәрі салды қалтасына. Неге оқ дәріден екеуін ғана алдың деп сұрағанымызда, «екіншісі абайсызда мүлт кетсем қажет болады, одан артық керек те емес»- деген жауап естідік. Басқа ешнәрсе алған жоқ. Өзі жалғыз аңшылыққа шыққанда үнемі сөйтеді екен. Бір аңға екі оқ. Атып алған аңын жіліктейтін пышақ, от жағатын шырпы, асты дәмдеуге екі жуа мен тұз. Болды. Ал артық аң атуды жөн санамайды. Тек өз аңшылық инстинктін қанағаттандыру үшін ғана. Одан артыққа бармайды. Міне нағыз аңшы осындай болса керек. Адамның мінезін кейде осындай қарапайым детальдар ашады.
Талғатқа қатысты тағы бір факт есіме түсіп отыр. 1999 жылдың 10 қаңтарында Қорғалжыңда вертолет апаты болғаны жайлы біреудің есінде болса, біреудің есінде жоқ шығар. Сол жолы тік ұшақта екі үш шенеунікпен бірге Талғат Ермегияев та болғанын біраз ақпарат көздері жазды. Ол кезде ол жәй кәсіпкер болатын. Бәрін тізіп жазбай ақ қояйын, тек көпшілік БАҚ-тар білмейтін бір детальді айтып кете салайын. Сол күні тік ұшақ жерге құлағанда ішінен бәрі шығып үлгерді. Жалғыз Оразалі Ержанов деген жігіт қауіпсіздік белдемшесін ағыта алмай, отқа оранып ішінде қалып қойды. Үстіндегі нейлон курткасы лезде лап етіп, бүкіл денесін жалын алып кетті. Сол кезде, шыбын жандарын аман алып қалғанына бәрі тәубе деп тұрғанда, Талғат әні-міне жарылғалы тұрған вертолеттің ішіне қайта сүңгіп кетіп, тұла бойы өртеніп жатқан жолдасын, өртенген күйі иығына салып, далаға алып шыққан. 10-15 секундтан кейін вертолет те жарылады. Не деген жүрек жұтқандық!
Қайсымыз сондай көзсіз ерлікке бара аламыз? Айтыңыздаршы. Содан қойшы, одан әрі не істеу керек? Дала қақаған аяз. Қаңтар айындағы сары даланың суығы қандай болатынын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Арасында кәсіби аңшы жалғыз өзі болғандықтан, Талғат қалғандарына барар жолдарын сілтеп, көмек ертіп келіңдер деп жібереді де, өзі денесінің 75 пайызы күйіп кеткен жолдасының жанында қалады. Өлім мен өмірдің арасында жан тәсілім етуге сәл қалған досын қолда бар киіммен қымтап орайды да, қимылсыз жатқан оны айнала тоқтамай жүгіре береді. Содан денесі жылығанда досының жанына жата қалып, өзінің ет қызуымен оны жылытады. Қайта салқындай бастағанда қайта жүгіреді, қайта келіп жатады. Мұздағанда қайта жүгіреді. Сөйтіп 40 градустық аязда 12 сағат бойы досының өліп қалмауының қамын жасап барын салады. Кейін көмек те келеді. Отқа күйген досы да аман қалады. Міне осылай жігіттер мен қыздар. Нағыз достық дегеннің қандай болу керектігін осы Талғаттан үйрену керек шығар. Және айтарым, мен бұл әңгімені Талғаттан емес, жаңағы аман қалған жолдасының өз аузынан естіген едім. Ал Талғаттың бұл жағдайды белгілі бір ортада айтып мақтаныпты дегенді естіген емеспін.
Оның сотталуына келер болсақ, Сот кезінде де, жанында жұмыс істегендердің жапқан жаласынан бөтен дәлел мен дәйек табылмады.Оны бәрі біледі, бәрі көрді. Сондықтан, өз басым оның кінəлі екеніне сенбеймін, сенгім де келмейді. Себебі, 2013 жылы ол EХРО көрмесін дайындау жөніндегі акционерлік қоғамға басшы болып келгенде, мен оны жаңа қызметімен құттықтайын деп кіріп шыққам. Сондағы оның айтқан сөзі әлі есімде.
— Құттықтауың артықтау ма деп ойлаймын, Мұха, — деді ол маған. Содан біраз терезеге қадалып қарап тұрды да, — мен осы жерден не Президенттің тапсырмасын орындап абыроймен кетемін немесе түрмеден бірақ шығамын, — деп еді. Ал енді айтыңдаршы маған, сондай қыл үстінде тұрғанын сезіп, сәл шалыс кетсе құрдымға кететінін біліп тұрған адам, есі дұрыс болса, ұрлыққа бара ма?
Сотқа бәлкім осы айтқандарымның бәрі критерий емес шығар. Бірақ мен үшін критерий. Адамдықтың, азаматтықтың критериі. Сондықтан мен, Талғат Ермегияев амандық беріп, босап жатса, алғашқылардың бірі болып қолын қысамын. Ал енді менімен келіспегендерің пікір жазып әуре болмай ақ қойыңдар. Одан да бірден теріс айналып кете беріңдер. Мен өз пікірімде қаламын.