Рохиньялықтар сергелдеңінің талайға созылатын түрі бар
Әлем назарын аударған Мяньмадағы рохиньялық мұсылмандарының сергелдеңі әлі талайға созылатын түрі бар. 2012 жылдан бері күллі дүниеге таралған аянышты кадрлар, жұртты түршіктіргенімен де БҰҰ- қатарлы беделді ұйымдар, бұл мәселеге аса қатты зер салып кеткен жоқ. Халықаралық ұйымдардың көбі Мяньма елінен бұл мәселені «дұрыс бір жайлы етуді» талап етумен ғана шектеліп жатты. Ақпарат көздерінің мәліметіне сенсек, адам құқықтарын қорғаумен айналысатын тәуелсіз ұйымдардың Бангладеш аумағындағы босқындар лагеріне жеткізіп жатқан көмектерінің өзі қат-қабат кедергілерден өтіуді талап ететін көрінеді. Соңғы кездегі орын алған қанды қасап қырғыннан кейін ғана Түркия елі, рохинья мұсылмандарына қарата ашық мәлімдеме жасап, қомақты гуманитарлық көмек жөнелтті. Қазақстан да бұл мәселе төңірегінде өз көзқарасын мәлімдеді. Ал жұрт назарына іліккен бір жағдай Грознидағы шеру еді. «Мемлекеттің ішіндегі мемлекеттің» басшысы Рамазан Қадыров «қатаң мәлімдеме» жасады. Мұсылман бауырларына жанашырлық танытқан Қадыровтың бұл әрекетін біреулер саяси ұпай жинау деп бағаласа, екінші біреулері Путин мырзаның «тапсырмасы» деп түсінді… Ең өкініштісі- әлем елдерінің Мяньмағаға жасаған мәлімдемелерінің «шыбын шаққан құрлы» әсер етпеуі еді. Жұмыр жердің сақшысындай көрінетін АҚШ-та, іргесінде тұрған Қытай да «алаңдаушылық» білдіргеннен арыға барған жоқ.
2017 жылдың 30 қыркүйегінде «bbc.com» сайты Jonah Fisher атты журналистың аталмыш тақырып төңірегінде ой қозғаған мақаласын жариялады. Мақалада айтылуынша БҰҰ-ның ішкі істер саласы мен гуманитарлық көмек тобының адамдары жунралиске біраз сырдың бетін ашқан. Олардың сөзіне қарағанда осыдан 4 жыл бұрын мұсылмандар мен жергілікті буддистер арасында жанжал туғалы бері БҰҰ-ның Мяньма істері жөніндегі жұмыс тобының жауаптылары «керанау» қимылдап келеді. Осы қызметтің басында жүрген Renata Lok-Dessallien атты Каналық әйелдің «адам құқығын қорғау жөніндегі белсенділердің рохиньяға баруына кедергі келтіріп, бұл істі жылы жауып қойғысы келгендігін, БҰҰ- мінберінде, бұл тақырып туралы баяндағысы келген адамдары шетке қаққандығын» айтып наразылықтарын білдіріпті.
Мақалада бұдан ары гуманитарлық көмек тобының қызметкері Caroline Vandenabeele ханымның пікірлері келтірілген. Caroline Vandenabeele 1993-1994 жылдары Лугандадағы ұлт араздық қақтығысты реттеуге атсалысқан екен. Қазірге дейін Ауғаныстан, Пакстан, Сриланка, Луганда, Непал қатарлы көптеген қақтығыс ошақтарында қызмет атқарған Caroline Vandenabeele, 2013-2015 жылдар арасында БҰҰ-ның Мяньма істері жөніндегі үйлестірушісі болған. «Мен алғаш рет Мяньмаға келген кезімде жергілікті буддистердің мұсылмандарды қатты жек көретіндігін аңғардым. «Оларды қаңғыбас иттердің көзін құртқандай етіп, барлығын қырып салу керек» деп даурыққан адамдарды да көрдім. Осында қызмет істеген неше жылдан бері рохинья мәселесін шешуге ниетті Мяньмалық мансаптыны жане БҰҰ қызметкерін көргенім жоқ. Қазіргі таңда БҰҰ- да бұл істі бір шетке сырып қойды»- депті Caroline Vandenabeele. Оның сөзіне қарағанда БҰҰ жоғары кеңесінде рохиньялықтардың адамдық құқық мәселесі туралы сөз қозғау мүмкін емес. «Күллі дүние осы аймақта ұлт араздық қақтығыстың асқынып кетуінен алаңдап отыр. Алайда БҰҰ -ның жоғары кеңесі бұл істі «елегісі» келмейді. Осы төңіректе мәлімдеме жасағысы келетін қызметкерлерді жиналыстардан шеттетеді. Ондай белсенді қызметкерлердің Мяньмаға іссапарын бекітпейді. Сондықтан БҰҰ жоғары кеңесінің мәжілістерінде аталмыш мәселе туралы кеңінен талқылауға мүмкіндік болмай отыр»- деген. Мақалада тілге алынған тағы бір саяси тұлға, БҰҰ-ның Солтүстік Корейдегі адамдық құқық мәселелерін зерттеуші Tomas Quintana мырза. Ол 2008-2014 жылдар аралығында Мяньмада қызмет істеген. Кезінде Tomas мырзаға да «ақыл айтқан» әріптестері көп болыпты. «Олар маған Ракхайн штатына бармай-ақ қой дейтін. Себебін сұрасам мардымды жауап айтпайды. Олардың бұл мәселе төңірегіндегі ұстанымдарының Мяньма билігіне «әуре тауып» бермеу екендігін түсіндім. Бұл мен үшін БҰҰ-ның ұстанымы сияқты әсер етті»-дейді Tomas. Тілшіге сұхбат берген екі қызметкер де, БҰҰ-ның рохинья мұсылмандарының тағдырына әлі де болса салғырт қарап отырғандығын сынға алыпты. Шынымен де Ракхайндағы тәртіпсіздікті реттеуге қарата, құрғақ мәлімдеме жасаудан ары аса алмаған халықаралық ұйымдардың ұстанымы, кісіні алуан ойға жетелейтіні сөзсіз. Мүмкін бұл аймақта алпауыттар мүддесі сынға түспейтін де шығар…
Мяньма еліндегі мұсылмандар күні бүгінге дейін саяси текдікке қолдары жетпей келе жатқан адамдар есептеледі. Ресми билік рохиньялықтарды елден аластауды көздейтіндіктерін жасырған емес. Сондықтан да бұл жерде қақтығыстар жиі орын алып отырады. 1978 жылы туылған тәртіпсіздіктер кезінде мөлшермен 200 мыңдай рохиньялықтар Мяньмадан қашып Бангладешке өткен. Бангладеш елі келген босқындарға гуманитарлық көмек көрсетіп уақыттық баспаналармен қамтамасыз еткен. 1991-1992 жылдары Мяньманың Ракхайн штатынан 250 мыңдай рохиньялық тағы да Бангладешке бас сауғалаған. Бангладеш үкіметі тағы да көмек қолдарын созып Кокс базар жане Бандарбан деген жерлерден 20 босқындар лагерін тұрғызған. Сонымен қатар БҰҰ-ның назарын аудартып, оларға гуманитарлық көмек жеткізілуіне себепкер болады. Бангладеш үкіметі оымен қатар дипломатиялық келіссөздер арқылы Мяньмамен келісімге келіп, бас сауғалап келген рохиньялықтарды Мяньмаға кері көшірді. Алайда осы оқиғадан кейін-ақ Бангладештің майданы өзгеріп шыққан. Ендігі жерде рохиньялықтарыды «босқын» ретінде емес, «заңсыз қоныс аударушылар» ретінде қарай бастаған. Ал 1997 жылы рохиньялықтар тағы да Бангладешті паналамақшы болған кезде, олардың үміт артқан «дін қарындастары» сырт айналып шыға келген. 2008-2009 жылдары Бангладеш үкіметі елде жүрген рохиньялықтарды «ептеп жылыстатып» жіберу жұмысын қолға алады. 2012 жылы Ракхайн штатында тағы да мұсылмандар мен буддистер арасында жанжал туылады. Бангладеш шекара қорғанысын көшейтіп, босқындардың ел аумағына көптеп кіруіне тосқындық жасайды. Бұл жағдай қазірде жалғасып жатыр. Яғни Бангладеш босқындарды шекара түбінде ғана «қарсы алуда».
Қытайдың Фудан университеті халықаралық қатынастар институтының зерттеушісі Лин Мин Уаң мырза, Бангладештың рохинья мұсылмандарын қабылдағысы келмей отыруының 3 түрлі себебін айтыпты. «Біріншісі, келген босқындар Бангладешке экономикалық салмақ салып отыр. Қазіргі таңда Кокс базар мен Бандарбандағы босқындар лагерінде ресми тіркелген 32000 босқын тұрып жатқса, тіркелмеген босқындардың саны 50000 ның төңірегінде деп болжануда. Екінші себеп, рохиньялықтар Бангладеш аумағында түрлі қылмыстық арекеттердің өршуіне себепкер болып отыр. Мемлекеттік қаупсіздік органдарының мәліметіне қарағанда Бангладеш аумағында жүрген рохиньялықтар, ел іші-сыртындағы түрлі радикалды топтарға қосылып жатыр. Олардың кейбіреулері жалған төлқұжаттармен Орта шығыс елдеріндегі лаңкестердің қатырына барып қосылған. Үшінші себеп, келген босқындар Бангладеш экологиясына зянын тигізіп жатыр»- деп түйген. Бұл саясаттанушының жеке пікірі. Алайда Қытай билігі де «бейбітшілікті сақтау» туралы мәлімдемеден өзге ештеңе деген жоқ. Ғаламтор қолданушылар болса, «есіктен кіріп алып төр менікі» деген рохиньялықтарды кінәлі санайды. Ракхайндағы жанжалдар туралы жазылған дүниелерге коментари жазушылардың басым бөлігі, буддистердің арекетін жөн санайтындықтарын жасырмай жазып жатыр. Ал Мяньма үкіметі болса рохиньялықтар мәселесінің оң шешім табуына асығар емес. Кейбір сарапшылар болса, «үй ішіне үй тігіп кеткен» Англияны кіналап отыр. Рохинья мұсылмандарының сергелеңге толы өмірлері қашан тыныштық табатыны әзірге белгісіз күйде қалып барады.
Ерқазы Сейтқали