Астана әкімі денсаулық саласына көңіл бөлді
18 сәуір күні Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков аппарат жиналысында қалалық денсаулық сақтау жүйесіндегі олқылықтарды сын тезіне алды. Оған себеп: Ақпан айында халыққа есеп беру кезінде Денсаулық сақтау басқармасына жедел жәрдем бригадасының шақыру бойынша жету уақытын 10 минутқа дейін азайту міндеті қойылған болатын. Жедел медициналық жәрдем қызметін модернизациялау жөніндегі кешенді жоспар аясында елорда әкімдігі барлық қолайлы жағдайды жасағанына қарамастан «жедел жәрдем» жұмысында кемшіліктер жетіп артылады. Жедел жәрдем қызметіне қатысты шағымдар әкімдікке күн құрғатпай түсіп жатқаны соның айғағы. Қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргізген журналисттер, жедел жәрдем көлігін көп күтуге тура келетінін анықтапты.
Осы жерде мынаны айта кеткеніміз дұрыс. Халыққа есеп беру кездесуінен кейін Қала басшысының тапсырмасымен Жедел медициналық жәрдем станциясының қызметіне талдау жүргізілген. Соның арқасында қызметкерлер шақырту түскен жерлерге бригадалармен бірге барып отырыпты. Талдау қорытындысы бойынша операторлардың ақпаратты кеш беруі мен кезекші ауруханаларда азаматтарды қабылдаудың сапасыз ұйымдастырылуы бойынша ескерту жасалыпты. Бұдан басқа да кемшіліктер қара көрсеткені байқалады. Сөйтсек, жедел жәрдем көлігінің кеш жетуіне объективті себептер де бар болып шыққан. Мысалы жолдағы кептеліс, «Bus Lane» бақыланбайтын жолақтары, тұрғын үйлер аумағында заңсыз орнатылған шлагбаумдар. Осыған байланысты, сәулет, тұрғын үй инспекциясы басқармаларына, аудан әкімдіктері мен жергілікті полиция қызметіне ескертулерді жою бойынша тиісті тапсырмалар берілгенінен көпшілік хабардар.
Отырыс барысында денсаулық сақтау саласы қала әкімдігі қызметінің басым бағыты болып қалатыны айтылды. Экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келе жатқаны нақтыланды. Елорда әкімі өзінің орынбасары Ермек Аманшаевқа барлық аурухана мен емханаға мұқият талдау жүргізуді және Жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысын бақылауға алуды тапсырды.
«Егер мәселелер бар болса, оларды айтып, шешу керек. Ештеңені де жасырмаңыздар», -деді Астана қаласы әкімі Ә. Жақсыбеков жиналағандарға.
«ЕлАна»