Арыстағы қызанақ өңдейтін зауыт енді томат пастасын шығаратын болады
Арыс қаласындағы «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нің қызанақ өңдейтін томат зауытында күніне 400-500 тонна қызанақ өңделіп, 70 тоннаға жуық томат концентраты дайындалуда. Алдағы уақытта өндіріс орны жұмыс көлемін кеңейтіп, томат концентратынан дайын өнім шығармақ. Жақын күндері кәсіпорын жаңа желіні іске қосып, томат пастасын жасайды. Бүгінде арнайы қондырғыларды алып, орнатып қойған.
Зауыт директоры Ерлан Ақжібековтың айтуынша, томат пастасын шығаратын желіні қарашаның екінші он күндігінде іске қосады. Өнім «Алтын дән» маркасымен үш түрлі көлемдегі шыны ыдыста шығарылатын болады. Табиғи дайын өнім Оңтүстік өңірінің сауда қатарларынан бөлек, еліміздің жеті облысында да саудаланады деп жоспарлануда.
Ақдала ауылдық округіндегі «Агрофирма Жаңа Ақдала» ЖШС-нің егістік алқабында тамшылатып суару әдісімен 400 гектарға жуық жерге қызанақ егілген. Бүгінде шаруалар төрт комбайнмен алқаптағы 200 гектар қызанақты жинап үлгеріп, одан 12 мың тонна өнім алған. Олардың айтуынша, биыл өнім мол болғандықтан гектары 630 цн құрап отыр екен. Маусым кезінде мұнда үш жүзден астам адам еңбек етеді. Ал тұрақты 229 азамат жұмыс жасайды.
Серіктестік үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2008 жылы іске қосылған. Саласы томат өнімдерін өсіру және өңдеу. Ал өндіретін өнімі томат пастасының концентраты. Кәсіпорындағы томат өндіретін зауыттың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 600 тонна.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі