Шымкентте халықаралық талаптарға сай алғашқы бокс мектебі пайдалануға берілді

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қаладағы балалар мен жасөспірімдерге арналған ел аумағындағы халықаралық талаптарға сай келетін алғашқы бокс мектебінің ашылу салтанатына қатысты.

Енді №5-ші спорт мектебі әлемдік кеңістіктегі спорттық шараларды қабылдау мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұған дейін ел аумағында мұндай мүмкіндікке Астана және Алматы қалалары ғана ие болып келген еді.

Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған бокс мектебі оңтүстік өңірі жас боксшыларының тыңғылықты дайындалуына арналған басты спорттық база болып табылатынын айтқан өңір басшысы кешен ел аумағындағы халықаралық талаптарға сай алғашқы бокс мектебі екенін атап өтті.

«Спорт пен дене шынықтыру – қашанда мемлекеттік мәні зор әлеуметтік сала болып табылады. Елбасымыз дені сау, ойы сергек халық қана әлемдік бәсекеге қабілетті болатынын сан мәрте айтып келеді. Бұл ретте Президентіміз 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды тапсырған болатын. Ұрпағымыздың рухы биік, денсаулығы мықты болуы үшін бұқаралық спортты барынша кең насихаттап, жастардың спортпен шұғылдануына өзіміз бастамашы болғанымыз дұрыс»,-деді Ж.Түймебаев.

Жаңа ғимаратта спортшылар үшін бокстың әдіс-тәсілдеріне машықтануы үшін толық жағдай жасалған. Нысанда соңғы үлгідегі заманауи оқу сыныптары, жаттығу бөлмелері, жанға жайлы қонақүй, медицина кабинеті, монша, арнайы кәсіпқой бокс кешені және 220 көрерменге лайықталған аренасы бар.

Сонымен қатар, мұнда жас өскіндердің біліктілік қабілетін арттыру мақсатында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен ұлттық құрама мүшелерінен дәріс алуына жағдай жасалған. Бұл спорт мектебінде қазіргі таңда 700-ге таяу тәлімгер жаттығуда.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі