ОҚО-да «Қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» республикалық диспут-форумы өтті

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Қоғамды жаңғыртудағы медиацияның рөлі» тақырыбында республикалық диспут-форум өтті. Жиынға қатысқан ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев форумның халықаралық форматта ұлттық құндылықтардың қайнары болған Оңтүстік Қазақстан облысында өткізіліп отырғандығын үлкен жетістікке балады.

 «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көненің көзіндей болған ұлттық құндылықтарды заман ағымына сай қайта түлетуді міндеттеген еді. Медиация баяғы «Жеті жарғының» бүгінгі жалғасы ретінде халықтың байырғы мәмілегершілік дәстүрін жалғастырып отыр. Ол сондай-ақ, дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелейді», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Республикалық форумға ҚР Президенті әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Жоғарғы Сотының судьялары, ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің өкілдері, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері, барлық облыстардағы медиация орталықтарының  жетекшілері мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің  жанындағы медиация кабинеттері меңгерушілері қатысты.

Іс-шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтауды, 2011 жылы қабылданған ҚР «Медиация туралы» Заңының орындалуын саралап, алдағы міндеттерді белгілеуді, бітімгершілікке негізделген халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан бүгінгі медиация желісін дамытуды, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты пайымды парасаттылықпен іске асыруды көздейді.

Форумда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай баяндама жасады. Сондай ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Әбдірайымның, ҚР Судьялар Одағының төрағасы Э.Алимбековтың, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі М.Тұрсынбекованың және Шығыс Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Э.Төлеубековтың, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақовтың, Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы С.Саталиеваның, Сайрам ауданындағы кәсіби емес медиатор С.Юсановтың хабарламалары тыңдалды.

Форум аясында ҚХА жанындағы Медиация кеңесі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің, ҚХА жанындағы Медиация кеңесі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетерлігі, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында медиация желісін дамытуды ассамблеяға жүктеген болатын. Бұл бағытта ҚХА жанында Медиация кеңесі құрылып, өңірлердегі Достық үйлерінде 17 медиация кабинеттері ашылды. Елімізде қызмет ететін 640 кәсіби, 3583 кәсіби емес медиаторлардың дерекқоры жасалды. ҚХА мен ҚР Жоғарғы Сотының арасында түзілген өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2017 жылы арнайы пилоттық жоба қолға алынып, нәтижесінде жыл басынан бері 13974 іс медиация тәртібімен шешілді.

 Ал, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде ашылған медиация кабинетінде 600-ге жуық азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Облыстағы 4 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатып, өңірде қызмет атқаратын 44 кәсіби, 546 кәсіби емес медиаторлардың дерекқоры түзілді. Өңірдегі медиаторлардың ықпалымен былтырғы жылы 4 мыңнан астам іс бойынша тараптар ортақ мәмілеге келсе, биылғы жылдың 8 айында 3207 іс сотқа дейінгі тәртіппен шешілді.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі