МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВ: ТӘУЕЛСІЗДІК КЕЛЕШЕК ҰРПАҚТЫҢ СҮЙЕГІНЕ СІҢГЕНДЕ ҒАНА БАЯНДЫ БОЛАДЫ
Бұл сыр-сұхбатты жазарда алдыма үш мұрат қойдым. Біріншісі – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы айтулы жетістіктерін ұлық оқырманға қарапайым тілмен жеткізгім келді. Екіншісі – ұлт руханиятына еңбегі сіңген, ұзақ жылдар лауазымды қызметтерді атқарған тұлғаны, саясаттың серкесін іздедім. Үшіншісі – ел тәуелсіздігі мен Ұлт көшбасшысының біртұтас ұғымға айналғанын көрсетіп, жас ұрпаққа тәуелсіздіктің қадірін бәрінен биік қоюға ой салғым келді. Көп ойланбастан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, әдебиетші-ғалым Мырзатай Жолдасбековты іздеп-таптым. Ұлттық академиялық кітапханадағы Мырзағаңның мемориалдық кітап коллекциясы залында ашық әңгіме-дүкен құрдық. Екеуара әсерлі әңгімеміз «Назарбаев моделінің» қалай пайда болып, жүзеге асырылғанынан өрбіді.
ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАСАҒАНЫНА ЕРТЕГІЛЕР ЖЕТЕ АЛМАЙ ҚАЛДЫ
— Қадірлі Мырзаға, Сіз еліміздің саяси, рухани өміріне етене араласып, қиын кезеңдерде жоғары лауазымды қызметтерді атқардыңыз. Елбасының жанында жүріп, ішкі тебіреністері мен күйзелістеріне куә болдыңыз. Бұл жөнінде: «Елбасының мазасыз күндері мен ұйқысыз түндерінің куәсімін» деген сұхбат та бердіңіз. Қазіргі кезде күллі әлем мойындаған «Назарбаев моделінің», «Қазақстан жолының» өміршеңдігі неде деп ойлайсыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
— Бүгінгі ұрпақтың пешенесіне жазылған теңдесі жоқ үлкен бақыт, ол – Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің алдында бұралаңы мен құйтырқысы көп ең қиын кезеңдерден өттік. Неше түрлі әдіске салған саясаттарды көрдік. Түптеп келгенде, оның бәрінің мақсаты ұлтты жою еді ғой. Сол кезеңде және Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасының жанында жүрдім. Өзің айтқандай, жан-дүниесін сездім, сыртқа білінбейтін ішткі тебіреністерінің бәріне куә болдым. Тәуелсіздігімізді алған күннен бастап-ақ Нұрсұлтан Назарбаев азат мемлекетті түбегейлі орнықтыру жолына көшті. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – тыныштық еді. Бәріміз білетіндей, Тәуелсіздіктің алтын тұғыры етіп елімізді мекендеген халықтардың ынтымақ, бірлігін алды. Бұл туралы қазақта мақал-мәтел жетіп жатыр. Менің ойымша бізде ынтымақ, бірлік болмаса, бақ-береке де болмас еді. Бүгінгідей жағдайда жете алмас едік. Тәуелсіздік орнағалы бері Елбасымыздың жасағанына, айтқанының шындыққа айналғанына бұрынғы халқымыз шығарған таңғажайып ертегілер жете алмай қалды! Адам айтса нанғысыз!
Сөйтіп Президент бұрынғы аты бар, заты жоқ, ешкім біле бермейтін Қазақстанды әлемге танытуға, мойындатуға білек сыбанып кірісті. «Алдымен экономика, сосын саясат. Мына халықты киіндіріп, тамағын тойындырып алмай бізде ешқандай саясат болмайды» деді. Ол тәуелсіздіктің таңы атқаннан-ақ Қазақстанның өз даму жолын іздеді. Тыным таппай, шарқ ұрып әлемді аралады. Шынтуайтына келсек, «Елім үшін!» деп бұ кісінің жарты өмірі аспанда өтіп келеді. Өзі барған мемлекеттің бұрынғысын да, бүгінгісін де түгел зерттейді. Дүние жүзіндегі дамыған елдердің бәрінде болды. Азия елдеріне көбірек барды. Соның ішінде, Қытай мен Малайзияға жиі ат басын бұрды. Кезінде артта қалған малайлардың қалайша алдыңғы қатарлы мемлекетке айналғанын зерттеді. Малай елінің басшысымен өте жақсы қарым-қатынас жасап, малайлардың даму жолын тереңірек білуге ұмтылды. Бірақ басқа бір ұлттың өткен жолы бізге келмеуі мүмкін ғой. Менталитет, тарих, дәстүр, жол басқа деген сияқты. Бірақ Нұрекең: «Қайтсек те өз даму жолымызды табамыз» деген алдына мақсат қойды. Көп ұзамай «Қазақстан жолын» тапты. Шынтуайтына келсек, ешкім мін таға алмайтын, күмәнданбайтын, бұралаңы жоқ, қиындығы көп, келешегі зор осы даңғыл жолды таңдадық. «Назарбаев моделінің» дұрыстығын, даралығын, өміршеңдігін қазір бүкіл әлем мойындап отыр.
БІЗДІҢ ҚОҒАМ АУЫРЫП САУЫҚТЫ
— Чех жазушысы Юлиус Фучиктің: «Сын сағатта ел, қоғам мүддесі үшін жасалуға тиістіні жасайтын адам – нағыз ер» деген сөзі бар. Өзіңіз айтып жүргендей, «ұзына бойы тарихымызда небір қиямет-қиындықтарды басымыздан кешкен» елміз. Алайда сын сағатта батылдыққа барып, тәуекелге бел буудың нәтижесінде өз даму жолымызды тауып, бүгінгі дәрежеге жеттік. Бірақ бұл жолға бірден түсе салған жоқпыз ғой?
— Иә, шуу дегеннен бәрі бір күнде бола салған жоқ. Бәрі есімде… Елбасының батылдығын айтайын. Бір кездері колхоз-совхоздарды таратып жіберді. Жасыратыны жоқ, құрыдық деп ойладық. Совхозда жүріп тұрған тракторды бес үй бөліп алды: төрт дөңгелегін төрт үйдің, қаңқасы бір үйдің алдында қалды. Қора-қора мал баққан қойшыларға шабуыл жасалды. Бұрын «пәленше атақты шопан» атанған, қонақ күтетін бөлек ордасы бар, шалқып отырған қойшылар бір күнде қайыршының күйін кешті. Неше түрле алаяқтар автомат асынып, мәшинемен келіп, қорасындағы қойларын түгел тиеп әкетті. Ол кезде Иранда елші қызметін атқарып жүрген едім. Сыртта жүргенде өз еліңнің жақсылығын да, кемшілігін де анығырақ көресің. Айтпақшы, «Ел тағдыры – ер тағдыры» деген кітабымда осының бәрін жаздым. «Тотықұс» деген ән де шығардым. Ол кезде қатынайтын не ұшақ, не пойыз жоқ. Тура торға түскен тотықұстың күйін кештім. Үйдегі екі тотықұсқа зарымды айтты. «Сендерде торда тұрсыңдар, мен де торға түстім, елім де торға қамалды» дедім. Неше түрлі қиын кезеңдерді бастан өткердік. Қылмыс қаптады. Сөрелері жылан жалағандай болған дүкендер бір кездері араққа толды. Неше түрлі арақ шығарушылар, «самопал» арақты ішіп уланғандар көбейді. Қатты таң қалатыным, Президент осының бәрін алдын-ала сезген.
Елге келгенде Елбасымен әңгімелесеміз. Сонда: «Нұреке, мұның аяғы не болады?» деп сұрадым. Елбасы маған: «Кез-келген қоғам жаңа форматқа, жаңа сапаға өтерде ауырады. Талай ел осыдан өткен. Біз де өтуіміз керек. Қоғам ауырып сауығуы тиіс»,- деп жауап қайыратын еді. Жасыратыны жоқ, жаңаға ұмтылсақ та, бұрынғы салтымыздан айрылмаймыз деген кейбір елдер дағдарып қалды. Қырғыз бен тәжік осындай күйге түсті. Тәуелсіздік алғанда «атамыз бен анамыз бір; қазақ пен өзбектің базары да, мазары да бір»,- деп жүрген Ислам Кәрімов бауырымыз қызғаныштан теріс айналды. Түркіменбашы Сапармұрат Ниязов та тасада қалды. Түркімендер Құдай берген байлықтың арқасында айтарлықтай тығырыққа тірелген жоқ. Сол кезде Нұрекең: «Біз бүгінге дейін тек шикізат өндіріп, соны сыртқа шығаратын ел болып келдік. Өзіміз өндіріп, дайын тауар шығармасақ, көсегеміз көгермейді. Мысалы, қойдың жүнін алайық. Оны қырқып, өңдеп, фабрикаға жеткізіп, мата жасап, сол матадан кәстөм тігуіміз керек. Сөйтсек қана байимыз»,- деп шегелеп айтып жүрді. «Назарбаев моделі» көп ұзамай ел сенімін ақтады. Кезінде: «Тәуелсіздік парады басталды» деп Ресейде миығынан күліп жүрген өзіміздің ағайындардың: «Қазақстан қалай тез дамып кетті?»,- деп сүмеңдеп тәжірибе іздеп, елге оралғанын көзімізбен көрдік.
ЕЛБАСЫ ИДЕЯЛАРЫНЫҢ ОРЫНДАЛМАЙ ҚАЛҒАНЫ ЖОҚ
— Елбасының тәуелсіздік жылдарында айтқан идеялары мен көтерген бастамалары өте көп. Олардың санынан жаңылатынымыз рас. Тәуелсіз Қазақстанның биылғы үлкен жетістіктерінің бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тұңғыш саммиті. Алқалы жиынға қатысқан 83 делегацияның 15-ін мемлекет басшылары бастап келді. Дамыған елдердің өзіне мұндай ауқымды басқосу өткізу қиынға соғады. Кейбір сарапшылар: «Бұл саммит өзінің маңызы жөнінен ЕҚЫҰ-ның саммитінен де асып түсті»,- деген баға берді. Мемлекет басшысы саммитте ғылым, инновациялар, ислам әлемін дамытуға қатысты ұтымды ұсыныстар жасады. Бұл бастамалар ислам әлемін жетілдіруге қаншалықты ықпал етеді?
— Нұрсұлтан Назарбаевтың көкейінен, ақылынан, аузынан шыққан идеяларының орындалмай қалғаны жоқ. Идея демекші, Еуразия идеясының көтерілгеніне 1 ғасырдан астам уақыт өтті. Заманында орыс тарихшылары да осыны қолға алған. Президент Еуразия экономикалық одағын құру идеясын 1994 жылы МГУ-дің студенттері арасында сөйлеген сөзінде жария етті. Ол кісіге МГУ-дің құрметті ғылым докторы атағын берді. Көп кешікпей Жапонияға барғанда: «Сіз осы идеяны айттыңыз. Іске асатынына өзіңіз сенесіз бе?»,- деген сұрақ қойылды. Сонда Елбасы: «Өзім сенбесем, айтпас едім»,- деп жауап қатты. Шыны керек, алғашында жұрттың көбі осы идеядан қорқып жүрді. Ал қазір дұрыстығына көзіміз жете бастады. Қазақстанның ұлан-байтақ жері болғанмен, теңіз бен мұхитқа шығатын жолы жоқ. Бүгін біз Ресей арқылы шығып отырмыз. Ертеден бір-бірімен қатынасып келген, көршілес жатқан, шаруашылығы да, кәсібі де жақын елдер құрған экономикалық одақтың қажеттілігін уақыттың өзі дәлелдеді. Бүгінде Еуразия экономикалық одағына мүше болуға ұмтылған елдер көбеюде. Есімнен кетпейтіні, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізер алдында: «Ойпырым-ай, мұны қалай өткізеді? Шақырған елдер келе ме, келмей ме?»,- деген уайыммен жүрдім. Ал саммиттің алдында мемлекет басшылары кезекке тұрып, Елбасымыздың қолын алып жатқанда көзімнен жас шығып кетті! Бұл зор бақыт емей, немене?!. Біздің Ұлы Далада талай мемлекет болған. Хандарымыз алтын тақта да отырған, алтын сарайларда да тұрған. Басынан небір дәурен өткен. Бірақ қазақ қазақ болғалы мұндай бақытты ешбір ұрпақ басынан кешкен жоқ.
Биыл Нұрекеңнің тағы бір жаңа бастамасына таңдай қақтым. ЕҚЫҰ өз алдына, бір замандарда ат тонымызды ала қашып жүрген Ислам мемлекеттерінің түгел басын қосып, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының саммитін өткізді. Менің білуімше, осы уақытқа дейін араб мемлекеттері дүниежүзілік соғысқа қатысқан жоқ. Оны бастамаған. Бағзы замандарда араб мәдениетін, ғылымын дамытқан жалғыз арабтар емес. Оған біздің Әл-Фараби және т.б. бабаларымыз да үлес қосты. Бүгінде тағдыры аянышты күйге түскен, кешегі біздің ертегімізге айналған Бағдат, Мысыр, Шам – бұлар өркениеттің де, мәдениеттің де, ғылымның да озық, даңғыл жолдары еді. Соның бәрі қаусап қалды. Менің көкейімнен кетпейтін сұрақтың бірі – Ислам мемлекеттерінің ауызбіршілігінің байқалмайтыны. Мысалы, бір кездері Ирактың астанасы Бағдат қирады. Сол Бағдатты талқандап жатқанда басқа араб мемлекеттері үн-түнсіз отырды. Ол өмірі аңызға айналған Мысырмен қатар аталатын мұсылман әлемінің қасиетті қаласы емес пе еді? Неге араб әлемі бірігіп, бір-біріне қорған болмайды? Осы сауалға көп бас қатырушы едім. Елбасы Ислам әлемінің төрт көзін түгел жиып, мәжіліс өткізгенде сұрағыма жауап тапқандай болдым. Саммитте Президент ғылым мен инновация, бірлік пен қауіпсіздік мәселесін көтерді. Ислам әлемін жетілдіру жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды. 83 елдің өкілдері бүгінгі күннің ең маңызды мәселелерін ашық талқылады. Астанада қабылданған құжат күллі ислам әлемін дамытуға жасалған шынайы қадам деп түсінемін. Идеялар да іске асатынына еш күмәнім жоқ. Елбасымыздың бастамаларының іске асқанын, Алланың рақымы болса, біз де көрерміз, біз көрмесек ұрпақ көреді, сендер көресіңдер.
НҰРСҰЛТАННЫҢ ЖАН-ДҮНИЕСІН ЕШКІМ АШЫП ЖАЗА АЛҒАН ЖОҚ
— Мырзаға, «Кісілік кітабы» атты еңбегіңізде: «Патшаның әр күні өзіне азап, халқына той», «Президенттің досы да, туысы да болмайды. Халқы болады»,- деп жазыпсыз. Тәуелсіз санасы бар бүгінгі ұрпақ өзіңіз айтқандай, «елінің есіктегі басын төрге шығарған» Елбасына еліктейді, туған халқының үміті мен сенімін ақтағысы келеді. Осы орайда Елбасының әлі айтылмаған, жазылмаған қырлары, өн-бойындағы асыл қасиеттері туралы әңгімелеп берсеңіз.
— Білген нәрсенің бәрін айта бермейсің ғой. Елбасының әлі айтылмаған қырлары өте көп. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары лауазымды қызметке тағайындаған адамдарды өте жиі ауыстырып жатты. Бір күні біреуді қызметінен алды. Әңгімелесіп отырғанда маған: «Мырзеке, кейбіреулер Назарбаевқа бәрібір деп ойлайды. Өзінің ойына келгенін істейді дейді. Бірақ мен біреуді өзім қызметке қойып, орнынан алсам, сол күні ұйықтай алмай шығамын»,- дегені бар. Бұл – асқан жанашырлығы, кісілігі. Нұрекеңнің керемет қасиетінің бірі – дастарханның гүлі, ажары. Ел үшін ең бір қиын кезеңдерде қатар жүрдік. Ахуал ауыр. Сол кезде биліктегі адамдар, жанындағы серіктері бір дастарханға жиналамыз. Нұрекең дастарханның төрінде отырып, әңгіме айтқанда қайғының бәрін ұмытып кетесің. Ол кісі әзіл-қалжыңның қамбасы! Кез-келген оқиғаға байланысты қалжың айтатын. Нұрекеңді дастархан басында тыңдау бір ғанибет! Әзіл-қалжыңды ғажап айтатын екі адамды білемін: бірі – Нұрекең, екіншісі – 16 жыл ҚазМУ-дың ректоры болған марқұм Өмірбек Жолдасбеков. Ал Димекеңде ондай қасиет болған жоқ.
Тағы бір таң қаларлық қасиеті – қазақ тарихының терең білгірі. Тарихшыларымыздың көңіліне келмесін, қазіргі кезде елде жүрген адамдардың ішінде қазақ тарихын Нұрсұлтан Назарбаевтан терең, артық білетін жан жоқ. Мені қайран қалдыратын енді бір қасиеті — еске сақтау қабілетінің күштілігі, жадының кереметтігі. Айтқанын ешқашан ұмытпайды. Елімізде болып жатқан оқиғалардың сандарының бәрі басында ғой! Кісі қызығарлық қасиетінің бірі – домбыра тартып, ән салатынын жұрт біледі. Оған қоса, қазақтың халық әндерінің бәрінің сөзін жатқа білетініне таң қаламын. Әншілердің ішінен Ақан Әбдуәлиевті тыңдағанды жақсы көретін. Сол Ақанның айтқан әнінің сөзін түзетіп беретін. Өз халқының бар қадір-қасиетін бойына жиған, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін адам ғана осындай деңгейге жетеді. Кейде жұрт басқаша ойлайды. Қазақтың жерінде біреудің кішкентай баласы шетінесе де Президенттің қабырғасына батады. Елбасы 70-ке толғанда кемеңгер деп атап, мақала жаздым. Бұл Ұлы далада небір хандар да, көсемдер де, шешендер де, даналар да, жыраулар да, билер де, батырлар да, игі жақсылар да өткен. Бірақ өз халқын сан мың жылдар іздеген мұратына жеткізген, қирандыдан тәуелсіз мемлекет құрып, оны дамытып, әлемге танытқан хан да, патша да болған жоқ. Қазір жұрт Елбасы туралы жазып жүр. Бірақ ешкім Нұрсұлтанның жан-дүниесін ашып жаза алған жоқ! Бұл – келешектің сыбағасы деп ойлаймын.
ТІЛ ӘРКІМНІҢ ҚОЛЖАУЛЫҒЫ ЕМЕС!
— Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасының бастамасына: «Бұл қазақтың жарқын келешегін айқындап берген стратегиялық құжат»,- деген баға бердіңіз. Бұл бастамаға шын жүрегіңізбен тілекші екеніңізді білемін. Бірақ елдің көкейіндегі сұрақ мынау: Біз латын әліпбиіне қашан көшеміз? Қандай нұсқаны таңдаймыз? Парламентте таныстырылып, дүйім жұрттың қарсылығына тап болған әліпбидің нұсқасы қабылданып кетпей ме?
— Мемлекет басшысы 2050 Стратегиясын жариялаған кезде: «2025 жылы Қазақстан халқы түгел мемлекеттік тілде сөйлейді. Екіншіден, біз латын әліпбиіне көшеміз, үшіншіден, Қазақстан Қазақ Елі деп аталады»,- деді. 2025-інші жылға дейін 8 жыл қалды. Дегенмен Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы Үкіметке тапсырма берді. Латын біз білмейтін әліпби емес. Бұрын қолдандық. Мысалы, мен мектепке барардан екі жыл бұрын кирилл әліпбиі енгізілді. Бірақ бұрынғы еңбектерді төте жазуда, латында өзімізше оқып жүрдік. Әлі есімде, тәуелсіздік алғаннан кейін көп кешікпей Тіл институтының директоры Әбдуәли Қайдаров ағамыз бастаған бірнеше тіл мамандары келді. «Тәуелсіздік алдық. Құлдықтан құтыламыз десек, кириллицаға байланбай, латынға көшуіміз керек»,- десті олар. Жасыратын несі бар, әбден шекемізге тигеннен осыдан құтылсақ пәледен құтыламыз дегендей сол идеяны жақтадым. Әліппе жасауға тапсырма бердім. Арада қанша уақыт өткенін білмедім, бір күні Әбдуәли аға әліпбиді алып келді. Бірден Елбасына кіргіздік. Нұрекең оны қолына алып қарап отырып: «Бәрі дұрыс! Бірақ бұған асықпаңдар. Уақыты келеді»,- деп айтты. Ол 1992 жыл болатын. Енді міне, арада ширек ғасыр өткенде жариялап отыр. Алдыңғы жылы БҰҰ-ның биік мінбесінен қазақ тілінде сөз сөйледі. Соның бәрі дайындық екен.
Уақыты келген бұл бастаманы жан-тәніммен қабылдаймын. Біз латынға көшуіміз керек. Бұл бірақ қазақтың кешегі көктемде жайлауға көшіп, күзде киіз үйін жинап, қайта қыстауға көшетіндей нәрсе емес. Түптеп келгенде, бұл – ұлттың келешегі. Ұлтымыздың тағдыры осының ішінде тұр. Қазақта «Асыққан шайтанның ісі» деген мақал бар. Бұған асықпауымыз керек. Әлгі диграф деген бар. 8 әріптің мәселесіне уақыт қажет. Халықтың күмәнданып отырғаны да осы нәрсе деп ойлаймын. Көз үйренгенше қиын болуы мүмкін. Жұрт қазір қабылдаса, жазып кетеді. Алайда түптеп келгенде, бұл әліпби дүние жүзіндегі ең бай тіл – қазақ тілінің келешегіне қандай ықпал жасайды. Осыны ойлауымыз керек. Ана тілімізге нұқсан келтірмеуіміз керек. Тіл әдебиет емес. Тіл математика сияқты нақты ғылым. Өзінің даму заңдылықтары (айтылуы, жазылуы) бар. Осы заңдылықтарды бұзып, тілімізге қиянат жасауға қақымыз жоқ. Біздің қоғамда бір жаман әдет қалыптасты. Елбасының аузынан бір сөз шықса, жұрттың бәрі соған үн қосып, данышпан бола қалады. Депутаттар да түгелдей жамырасып сөйлейді. Кім болса сол мақала жазады. Әй, ол жұрттың бәрінің өресі жететін мәселе емес қой! Бұл – биік ұлттық мәселе! Ұлттың тағдырын шешетін мәселеге келгенде асықпаған абзал. Шибөрінің артындай жан-жақтан шулаудың керегі жоқ. Сайып келгенде, бұл лингвистер шешетін мәселе. Мұның тағдырын соларға сеніп тапсырып, арына салған жөн. Өйткені қазір елдің бәрі бетін қалқып жатыр, әншейін. Тереңдеп бара алмайды. Көбінің ойы – Президентке жағыну. Көзге түсіп қалғысы келеді. Бірақ шынтуайтына келгенде байыбына бармайды. Түнеукүні Парламентте таныстырылған әліпбидің бір данасы мен де бар. Өткенде мысалдар келтірдім. Шыңның басы деген сөзді жаздым. «Ш»-да екі дыбыс, «Ң»-да екі дыбыс бар, басым ауырып кетті. Кезінде біз көрген әліпбиде «Ә» әрпі бар болатын. Одан неге қашамыз? Осы мәселені «Нұр Отанда» да талқыға салдық. Әлімхан Жүнісбаев деген мықты фонетик маманымыз бар. Сондай мамандарға сенуіміз керек. Әлгі жиында Әлімхан мына жерде отыр деді. Әліпби нұсқасымен мысал келтіріп: «Әй, Әлімхан сені көзім үйренгенше Әйелімхан деп, Әлібекті Әйелібек деп оқимын. Сенің әйелің хан, оның әйелі бек»,- деп қалжыңдап едім, жұрт ду күлді. Бұл мазмұндама, шығарма емес. Бұл – тілдің заңы. Түсіне білсек, бұл әліпби кез-келгеніміздің жанымыз, рухымыз, құдіретіміз, сенеріміз. Осы әліпбиді дұрыстап жазсақ, қазақ тілі сақталып қалады. Осыны түсіну керек халық. Өз басым босқа лағып сөйлегендерді жақтырмаймын.
МӘҢГІЛІК ЕЛ – МЕМЛЕКЕТТІК ИДЕОЛОГИЯ
— Осыдан үш жыл бұрын Ұлт көшбасшысы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жария етті. Менің түсінігімде, бұл көсегесі көгерген ел деген ұғымды білдіреді. Ұлы Далада мұндай ұстаным ежелден бар емес пе?
— Иә, дұрыс айтасың. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» деген идеяны көктен, жерден алып отырған жоқ. Ұлы Даланың тарихында мұндай идея болған. Оны алғаш көтерген Түрк қағанатын орнатқан Бумын, Естеми бабаларымыз. «Сендер таққа кіріптарсыңдар, сендер алауызсыңдар, әке мен баланың ымырасыздығынан, аға мен інінің дауласқанынан, екі халықтың жауласқанынан, сен ханыңнан айрылдың, сен қағандығыңнан айрылдың, сонда сен не болдың! Біресе ілгері шаптың, біресе кейін шаптың, барған жерден не пайда таптың? Бек ұлдарың құл болды, бақ қыздарың күң болды. Отыкен жайлауын жайлап отырсың, сен мәңгілік ел құрар едің» деген жазу Күлтегінде тұр. Әлгінде Елбасының қазақ тарихының терең білгірі дедім емес пе?!. Осыны терең біліп отыр. Ұлы Даланың реформаторлары бұл идеяны осыдан 1300 жылдан астам уақыт бұрын көтерген. Арада осыншама уақыт өткенде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Далада оны қайта көтеріп отыр. Мемлекетке идеология керек. «Мәңгілік Ел» — мемлекеттік идеология. Шынтуайтына келсек, мәңгілік тек Алла ғана ғой. Алладан басқа мәңгі ештеңе жоқтығы «Құранда» да жазылған. Келешек замандарда не болатынын қайдан білеміз. Десек те осындай идеология қазаққа керек. Бұл көсегесі көгерген ел, тәуелсіздігі баянды болған ел деген де ұғымды береді. Асанқайғы бабамыздың іздеген Жерұйығы ғой.
ТУҒАН ЖЕРІҢЕ ТУЫҢДЫ ТІК
— «Әркімнің туған жері Мысыршәрі» дейді қазақ. Тәуелсіздік жылдарында Президент аузынан тастамай айтып келе жатқан жұрттың көкейіндегі идеяның бірі – Туған жер. Сіздің ойыңызша, бұл идеяны жас ұрпаққа қалай түсіндіруіміз керек? Шынайы патриоттық сезімі бар әрбір қазақ баласы осы бастаманы іске асыруға қалай үлес қоса алады?
— Мектепте оқып жүргенде біз сонау Африкадағы өзендердің атын білдік. Бангладеш деген мемлекеттің атауын оқыдық. Алты құрлықтың бәрінің атын жаттадық. Ал үйдің іргесіндегі төбенің атын білмедік. Бұл – ұлттық қасиетімізді, болмысымызды жадымыздан түгел өшіріп, жоқ қылудың амалы еді. Империя заманында туған жерден, ата тарихымыздан, салт-дәстүрімізден, мәдениетімізден, тілімізден, дінімізден, ділімізден жұрдай бола жаздадық. Өткенде бір жолыққанымда Ілия Жақанов маған: «Мырзеке, сенің ауылың тұнып тұрған тарих қой, Соны неге жазбайсың?»,- деген сауал қойды. Сол сөз қамшы болып, бірден ойыма Мұхтар Әуезов сап ете қалды. Мұхаң «Абай жолында» өзінің туған жері — Бөріліні пейіштің төріндей етіп суреттейді. Бөріліге барсаң, бөрі ұлып тұрған, жылан жалағандай тақыр жер. «Күндерімнің куәсі» деген кітабымда туған ауылымның төңірегіндегі жер атауларын, оларда қандай қасиет барын түгел жаздым. Туған жерге жер жетпейді. Туған жердің қадірін сыртта жүргенде білесің. Туған жер туралы бұрыннан бері бабаларымыз, көсемдеріміз, шешендеріміз, ақын-жырауларымыз жағы талғанша жырлады. Бірақ осының қадіріне жетпедік.
Университет бітірген кезімдегі бір оқиға есімнен кетпейді. Біздің ауылдың (алақандай Ақтөбе деген ауылда тудым) төңірегі аттылы адам түсіп кетсе көрінбейтін қалың ши болатын. Шидің түбіне көктемде қаулап жуа өсетін еді. Ол уақытта нан жоқ, біз сол жуаны жинап алып, айранға турап жеуші едік. Көктемде ауылдың малы өріске шығады. Кешкілік өрістен қайтқан малдың аузынан жуаның исі аңқып тұратын-ды. Баяғыда совхозға директор болып келген біреу жер жетпегендей «егіс егемін» деп сол шидің тас-талқанын шығарды. Оталған ши 50-100 жыл өтпей қалпына келмейді екен. Қыста әр шидің түбі бір-бір малға пана еді. Бір күнде-ақ жылан жалағандай азынап шыға келді. Жердің қадірін бағаламағанның бір мысалы осындай.
Әркімнің өз ауылы бар. Сол ауылда ата-бабаларымыздың туып-өскен жері жатыр. Сол жердің әрқайсының тарихы бар. Қазақ Елінің тарихы Ұлы Даланың төсіндегі әрбір тастан, шөптен, жусаннан, сексеуілден, төбеден, таудан, өзеннен құралады. Туған жерді жан-жүрегімізбен сүюіміз керек. Қолыңнан келсе, туған жеріңе туыңды тік. Қолыңнан келмесе, сол жерді қастерлеуге міндеттісің. Қызғыштай қорғауға тиіссің. Құдайға тәубә, бізде дәулеттілер жетеді. Мен біреудің қалтасындағы байлығын қызғанбаймын. Бірақ жайшылықта талтаңдап, болмас жерге мал-дүниесін шашып жүрген кейбіреулердің ауылы жарып отыр дей алмаймын. Елбасының мына сөзінен кейін солар аттың басын елге бұруы керек. Жаппай мешіт, мазар салу да мұрат емес. Сол мешіттердің көбі қаңырап бос тұр. Кейде бір ауылда бірнеше мешіт салып, тыныш отырған қазақты ру-руға, ата-атаға бөліп жіберуде. Бұл жағынан өте сақ болу керекпіз деп ойлаймын.
ТӘУЕЛСІЗДІК – ТӘҢІРДІҢ БЕРГЕН ТӘТТІ СЫЙЫ
— Өз заманының заңғар тұлғасы, қазақ халқының кемеңгер жазушысы марқұм Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың: «Тәуелсіздікке жеткенге дейінгі ғұмыр оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді мұрат етеді»,- деген сөзі бар. Сіздің ойыңызша, Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін оны қалай қадірлейміз?
— Мысалы Қазақ Елінің биылғы ең үлкен жетістіктерінің бірі – ЭКСПО көрмесі. Ол адам айтса нанғысыз ұлы оқиға болды. Тәуелсіздігіміздің жылнамасына, ЭКСПО көрмелер тарихына жазылды. ЭКСПО-ның алдында: «Көрмені өткізе аламыз ба? Ел жалаң бұт қалмай ма? «Ит қорыған жерге өш» дегендей осындай жерге бүлікшілер көп келуші еді, ел ішіне бүлік салып, осы бақытымыздан айрылып қалмаймыз ба?»,- деген қорқыныш болғаны рас. Құдайға шүкір, Алланың жазуымен, Нұрекеңнің арқасында ұлы оқиғаны абыроймен өткіздік. Бұл көрме Қазақстанға енді қашан қайтып оралатынын бір Алла ғана біледі. Бүгінге дейін жетістіктердің бәріне Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз. Алшаң басып жүргеніміз де, жүзіміздің жарқын болып жүргені де, мерейіміздің тасып, аңқылдап ашық сөйлеп жүргеніміз де, өзге көршілерімізден шоқтығымыздың биік болуы да Тәуелсіздіктің арқасы. Жамбыл деген баланы өзім қолынан жетектеп алып шығып едім. Сол балам: «Тәуелсіздік – Тәңірдің берген тәтті сыйы»,- дейді. Әлі есімде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ТӘУЕЛСІЗДІК деген сөздің өзіне, ұғымына, рухына деген көзқарас, пиғыл, пейіл басқаша болатын. Біз бүгін ТӘУЕЛСІЗДІККЕ кішкене суыса бастаған сияқтымыз. Ешқашан бұл ұғымның қадір-қасиетін ұмытуға болмайды. Менің ұғымымда ТӘУЕЛСІЗДІКТІ біз жыл сайын, ай сайын, апта сайын, күн сайын, сағат сайын қадірлей беруге тиіспіз. Тәуелсіздіктің қадіріне жетпесек, кәріне ұшыраймыз. Өйткені, ол бізге қан төгусіз, табан астында келген жоқ. Азаттықтың жолында мыңдаған жылдар бойы қазақтың небір хандарының, батырларының басы кетті. Небір даналарымыз бостандықтың жолына басын тікті. Бұл аз ба? Сондықтан жас ұрпақ Тәуелсіздікке деген сүйіспеншілігін арттыра беруі керек. Тәуелсіздік туралы жаза беруіміз керек. Ұлы ұғымды жас ұрпақтың санасына сіңіре берген абзал. Тәуелсіздік келешек ұрпақтың қанына, сүйегіне сіңгенде ғана баянды болады.
Бір таң қалатыным, ертеде не ұшақ, не пойыз, не мәшине жоқ кезде ұланғайыр Ұлы Даланың шетіне жау тисе, ұлтарақтай жерді қорғауға қазақ түгел жиналып отырды. Ұлытауда үш рет бас қосты. Абылай алаңында да үш рет жиылды. Қазақ өзі бөрі сияқты. Бөрілер бір төбенің үстінде тұрып, келесі бір төбеге ұлиды екен. Марқұм Ақселеу айтатын еді: «Бөрілер жердің белбеуі арқылы өзінің ақпаратын 15 минутта жеткізеді екен»,- деп… Біздің бөрілі байрақ, бөрі текті ел болып жүргеніміз тегін емес. Менің ойымша, осындай ұлан-ғайыр даласы бар; ақылмандарының соңы – Бәйдібектей бабасы бар; кешегі Фараби, Қожа Ахмет Яссауидей данасы бар; Нұрсұлтандай панасы бар; Мәңгілік Ел болам дейтін шамасы бар мемлекеттің бақыты зор болады!
Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ,
арнайы «ELANA.KZ» сайты үшін.
***
Нұрекеңнің керемет қасиетінің бірі – дастарханның гүлі, ажары. Ел үшін ең бір қиын кезеңдерде қатар жүрдік. Ахуал ауыр. Сол кезде биліктегі адамдар, жанындағы серіктері бір дастарханға жиналамыз. Нұрекең дастарханның төрінде отырып, әңгіме айтқанда қайғының бәрін ұмытып кетесің. Ол кісі әзіл-қалжыңның қамбасы! Кез-келген оқиғаға байланысты қалжың айтатын.
***
Тағы бір таң қаларлық қасиеті – қазақ тарихының терең білгірі. Тарихшыларымыздың көңіліне келмесін, қазіргі кезде елде жүрген адамдардың ішінде қазақ тарихын Нұрсұлтан Назарбаевтан терең, артық білетін жан жоқ. Мені қайран қалдыратын енді бір қасиеті — еске сақтау қабілетінің күштілігі, жадының кереметтігі. Айтқанын ешқашан ұмытпайды. Елімізде болып жатқан оқиғалардың сандарының бәрі басында ғой!
***
Біздің қоғамда бір жаман әдет қалыптасты. Елбасының аузынан бір сөз шықса, жұрттың бәрі соған үн қосып, данышпан бола қалады. Депутаттар да түгелдей жамырасып сөйлейді. Кім болса сол мақала жазады. Әй, ол жұрттың бәрінің өресі жететін мәселе емес қой! Латынға көшу – биік ұлттық мәселе! Ұлттың тағдырын шешетін мәселеге келгенде асықпаған абзал. Шибөрінің артындай жан-жақтан шулаудың керегі жоқ. Сайып келгенде, бұл лингвистер шешетін мәселе. Мұның тағдырын соларға сеніп тапсырып, арына салған жөн. Өйткені қазір елдің бәрі бетін қалқып жатыр, әншейін. Тереңдеп бара алмайды. Көбінің ойы – Президентке жағыну. Көзге түсіп қалғысы келеді.