Сауда соғысындағы АҚШ-Қытай текетіресі
Билік басына келгенше «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып көрінуге тырысып, сайлаушыларынын көңілін аулаған Дональд Трамп Ақ үй қожайыны тағына отырысымен, өзінің нағыз келбетін ашып көрсете бастады. Президент ретіндегі алғашқы шетелдік сапарын Сауд Арабиясына, сосын Израильге ат басын бұруы арқылы АҚШ-тың Таяу Шығыста кімдерге үміт артатындығын паш еткендей болды. Алғашында мұсылман елдеріне қырғидай тиген Трамптың назары енді Қытайға да ауған сияқты. Соның дәлелі Трамптың АҚШ-тың сауда-саттық өкілі Роберт Лайтхайзерге Қытайдың американдық технологияларды ұрлау фактісі төңірегінде зерттеу жүргізуге тапсырма бергендігі болса керек. Сарапшылар айтуына қарағанда, Вашингтон зерттеу нәтижелері аясында Қытайды жазаға тарту үшін Әлемдік сауда ұйымына жүгінбек сынды. Халықаралық заңдылықтарды белінен басып әдеттеніп қалған АҚШ әлгі ұйымның шешімін тоспастан, Қытаймен арадағы сауда-саттық мәселесінде өз тарапынан шектеулер қоюы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Осы мәселеге қатысты отандық саясаткерлер пікірі бір арнада тоғысқан. Мәселен, олардың айтуына сенсек: «АҚШ ә дегенде өз еліне Қытайдан келетін импорттық тауарлар тарифін көтереді-мыс». Бейжін билігі де талаптар қатаңдатылса қол қусырып қарап қалмайтындықтарын жеткізсе, ҚХР СІМ өкілі Хуа Чуньин Вашингтонның мұндай әрекеттері екі ел арасындағы сауда соғысына әкелетінін мәлімдеді. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда дефициті 2016 жылы 347 миллиард АҚШ долларын құрады. Трамп Қытайдан импортталатын тауарлардың көлемі экспортталатын тауарларға қарағанда едәуір көп екенін айтып, наразылығын білдірді»,— дейді.
Дегенмен, базбір сарапшылар: «Егер АҚШ Қытай тауарларына баж салығының көлемін ұлғайтса, бұл әрекетімен қытайлық компанияларға ғана емес, өз елінің компанияларына да зардап келтіреді. Есесіне Қытайдың «ауыр» саласының экономикасы бұл қиындықтан еш зардап шекпейді. Мәселен, Қытайдың АҚШ-қа экспорттайтын болаттың көлемі жалпы экспорттың 3 пайызға жетпейтін бөлігін құрайды. Сауда соғысы нәтижесінде американдық бизнес Қытай нарығына өтімін жоғалтып алады. ҚХР-дың халық санының көптігі мен әлемдік нарықтағы рөлін, күннен-күнге өсіп, дамып келе жатқан тұтынушы нарығын есепке алғанда, бұл соғыста бір жақтың жеңіп шығуы екіталай. Бұдан екі мемлекет те ұтылып, жеңіліс табуы мүмкін. Оның үстіне Қытаймен сауда-саттық көлемін шектеу Америка үшін осыдан біраз жыл бұрын ғана өзекті болатын. Себебі, ол кездері ҚХР-дың экономикалық көрсеткіші енді-енді ғана өсе бастаған. Ал, қазіргі уақытта Қытай экономикасының интеграцияланып, әлемдік нарыққа, соның ішінде американдық нарыққа енгені соншалық, одан АҚШ бизнесіне зиян әкелмей бас тарту, шеттеу, қысқарту мүмкін емес»,— дейді. Қалай болғанда да, бұл әлемдік экономиканың лидері рөлі мен атағын алу үшін орын алатын бақталастық мәселесі болып табылатындықтан, одан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» еш зардапсыз, аман-есен шығуға болады дегенге сену қиын, әлбетте.
Керек дерек: Өткен ғасырдың 1974 жылдары юаньнің шетелдік валюталарына қатысты бағамы көп жағдайда фунт стерлинг, гонконг доллары арқылы белгіленді. Осы жылдың тамызынан бастап юаньнің АҚШ доллары мен басқа валюта себеті базасындағы валюталарға қатысты айырбас бағамы белгіленді. 1994 жылдан бастап қытайлық билік юань бағамын 1 долларға 8,27 юань деп белгіледі. Бірақ, соңғы кездері Қытай ЕО, Жапония, әсіресе АҚШ тарапынан юаньнің бағамын либеразизациялауды талап еткен қатаң қысымға ұшырап отыр. Олардың пікірінше, юань бағамы әдейі төмендетілген, соның салдарынан қытайлық тауарлар қосымша бәсекелестік артықшылыққа ие болады. Мысалы, соның салдарынан АҚШ-тың Қытаймен саудасы 2004 жылы 162 мииллиард доллар шығынға батса, 2005 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тағы да 40 пайызға артқан. АҚШ қайта-қайта мазасын ала бергесін Қытай 2005 жылдың 21 шілдесінде юаньді долларға телуден бас тартып, ұлттық валютаның бағамын 2 пайызға көтерді. Осы кезден бастап юаньнің бағамы валюталық себетке жататын «стандартты» АҚШ доллары, еуро, британиялық фунт, жапондық иена, жеке сауда серіктестері — ресейлік рубль, австралиялық, канадалық, сингапурлық доллар мен тайлық бат, оңтүстіккореялық вонаға қатысты айқындалатын болды. Қытай сарапшыларының пікірінше, юаньді валюталық себетке телу оны әлемдік экономикалық коньюктурада сезімтал етіп, елдің қаражат жүйесінің тұрақтылығына қатер төндірмейді. 2015 жылдың 30-ы қарашасында Халықаралық валюта қорының Атқарушы кеңесі юаньді «стандартты» (SDR) резервтік валюта себетіне енгізу туралы шешім қабылдады. Бірақ, юань әзірше бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Өйткені, ондай мәртебеге ие болу үшін валюта траншекаралық сауда-саттықта белсенді қолданылып, оның үлесі орталық банктертердің резервінде жоғары болуы керек. Тағы бір маңызды сәт — валютаны қаржылық дағдарыс кезінде пайдалануға болатындығы. Қазіргі таңда резервтік валюта мәртебесіне бес валюта ие, олар: АҚШ доллары, еуро, фунт стерлинг, иена, швейцариялық франк. Соңғысы ресми түрде резервтік деп саналмағанмен, Халықаралық валюта қоры оны жетекші әлемдік орталық банктердің резервтік статистикасында есепке алады. Бұлар еркін айырбасталатын валюталар деп саналып, олардың тұрақтылығын сақтау үшін еркін жүзудегі валюта бағамы тәртібі пайдаланылады. 2016-ы жыл бойынша Қытайдың валюталық резерві 320 млрд доллардан 3,011 триллион долларға дейін құлдырап кетті.
Ермек Сахариев