«Қалаулым» нені көксейді?

Арзан, түкке тұрғысыз үнді, түрік, өзбек телехикаяларынан құтыла алмай жүрген дүмбілез шақта телеарналарымыз текті тәрбие беруге тырысса игі еді. Жоқ, ол игіліктің нышаны аз болып тұр. Рейтинг қуалаған, айтар ойында салмақ жоқ «қаңбақ бағдарламалар» мен әсіреқызыл тілмен сайрайтын, маңыздылығы шамалы «жұлдызды» шоулар қазақты теріс тәрбиелеп жатыр. Шетелдің шатпақтаған телехикаяларын сағаттап сандырақтатып, ал таң ата оларды қайталап көрерменін «көзайым» етуден бір танбай-ақ келеді.

Сауабы мол, берері береке деп күттірген «Еуразия» телеарнасының реалити-шоуы «Қалаулым» қалың көрерменнің қазақы намысын қытықтап қояр емес. Алғашында аты құлаққа түрпідей тиіп, «қалаймыны несі» деп жатырқап қалған едік. Несі бар, Абай Бегей «аспанға қарап, жұлдызды санап, оны «қалап» ән салғанда шошынбап едік, қайтер дейсің деп ары қарай экранға телмірдік. Үш сағат тікелей эфирде өтетін бағдарлама жүргізушісі Аша Матай әнші өзін журналистік қырынан «жарқырата» көрсетті. Жұпыны сөз саптасын былай қойғанда, күрсіне, аһылап-үһілеп тіл қататыны көңіл төрінде көркем сөзді тербететін көкірегі ояу көрермендерді шамырқандырып тастады.  Жүргізушісі әнші болса, рейтинг те жер жарады деп күтілетіні белгісіз заңдылыққа айналып кеткені қашан? Сондықтан әнші Ашаның тележүргізуші болып, ақтарыла сөйлей алмай, кеңінен толғап тебірене алмай тұрғанын көргенде, аса таңырқаған да  жоқпыз. Бұл шоу қазақтың қазіргі кеселді кемік тұстарын тыр жалаңаш күйінде көрсеткендігімен ашындырып отыр. Сол кесапатты күйіктерімізді санап көрейік.

Біріншіден, қазақ әжелері отанасы болып отырған шағында телеарна арқылы немере қамын емес, қалаулысының қамын жегені бүгінгі қазақ әжелерінің төменшік сиқын аңдатты. Еуропалық қағиданы ұстанған бағдарлама ұраны мынау: «кез келген адам өз бақытын табуға хақылы». Иә, бақытты болсын! Бірақ қазақтың әжелері от кешкен зұлмат жылдарда да, одан қала берді «жұтты» жылдарда да азаматынан айырылса да, «жүрек қалауын» іздеп шарқ ұрмап еді. Сол биік шынардай сырбаз, сұлу күйінде қала беретін.  Қыранның ұябасарындай өз шаңырағын қызғыштай қорып, содан бақыт табатын. Ал бүгінгі кей әжелерімізге не жорық?!

Екіншіден, реалити-шоудың әр шығарылымына «жұлдыздар» қонаққа келеді. Қайсыбірінің өнеге етер өмірі де жоқ. Ақбота Керімбекова үш этаптан тұратын некелік өмірін күле отырып баян қылды. Марат Омаров ағамыз өмірлік жарын екінші рет «қателеспей» қалай дөп тапқанын сыр етті. Елдің ие болар ағалары да, құндыз бөрік жағалары да әншілер болды. Солардан лебіз естуге ынтыққан жастар жағы бағдарламаға бар шаруасын тастап жүгіре ме деген ойға қалдым. Өйткені шоу ашылғалы бері эфирден көріп жүрген сол жастар мызғымай әлі отыр. Олар үшін сол «тосын тағдырлы» жұлдыздар бақыттың бастауындай. Ал шындығында нағыз тәрбие өз ата-аналары, солардың ғибраты екенін естен шығарды. Жұлдыздар келсе, үлгілі отбасылық өмірімен келсе екен.

Үшіншіден, жалпы шоудың құрылымы қазақы менталитетке мүлде жат. Танысқан қыз бен жігітті «Шай ішу» деп аталатын оңаша бөлмеге кіргізіп, сосын олардан «нәтиже» күту жабайы батыстың дәстүріне саяды. Және эфирден тыс кезде жолыққан жұптар ертеңіне күллі елге өздерінің суреттерін көрсетіп, Аша ханымның сөзімен айтсақ, «не қатынас» жасағандарын әңгімелейді. Бұл қатысушылардың тарапынан жасанды қылықтар, тым артық мақтан сөздерге алып келді. Әрқайсысы өзінше жұлдыз болып танылуға жандарын салып бағуда. «Егер мені қалаулым деп тапсаңыз, маған хабарласыңыз» деп ара-тұра жарнама кезін «ұтымды» пайдаланып, өзін жарнамалайтындар және бар. Жарнамасы жер жарған қайсыбір жігіттерге «қалаймын» деп қыздар келсе, шоқтығы биіктеп, сол ортада «даралана» түсетіндей бір ау-жай аңғарылады. Ал қазақ ұғымында «ел мақтаған жігітті қыз жақтаған».

Төртіншіден, балықтың басынан шіритіні сияқты, жүргізуші көркем сөзге кедей болған соң, қатысушылар да одан қалыс қалмады. Жыр жырлап, термелетіп сөйлейтін қатысушы саусақпен санарлықтай. Ал негізгі құрам бос сөзге әуес, жел сөзге жақын. Эфирді тұтас ел тамашалайтынын естен шығарған «батырлар» жұдырықтасып та алады. Оларын өздерінің «жігіттіктерімен» түсіндіреді. Апырау, нағыз жігіт болса, мәселені жұдырықпен шешуге ұмтылар ма еді? Жігіттің төресі бір ауыз сөзіне дүйім жұртты ұйытып қоймай ма? Осы тұста қазақ жігітінің ұсақтап, арзандап бара жатқаны жүректі сыздатады. «Болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер» деген қазекем. Сол азаматтар бірін-бірі әдепсіз сөзбен түрткілегенше, ірі мінез, асқақ айбын көрсетпейді? Өзімен танысуға келген қыздың кемшілігін байқаса, соны тікелей эфирге жая салатын жігіттерді осы бағдарламадан көріп аң-таң қалдым. Ұнатпаса, екеуара әңгіме кезінде неге айтпайды? Өзін «қалап» келген қыздың кейінгі абыройы сол азаматты мүлде толғандырмайды. Неге? Азамат ретінде әдемі қоштасу қолдарынан келмей ме? Ал қазақ жігіті — қыз қадірлей білген ер.

Бесіншіден, осы «Қалаулым» арқылы біз қазіргі қазақтың кейбір жастарының жасық мінездерін байқадық. Елдің алдында бір шымшыма сөзге еңірей салатын қыздар мен «эмоциям шығып кетті» деп сезім нөсерін төге салатын жігіттерді де көрдік. Қыран кейіпті қазақ жастарының бағзыбірінің қашан күйкентай болып кеткенін кім тап басып айта алады? Иә, қыран жастарымыз баршылық. Бірақ мына жастар да сол қырандай тектілік таныта алмай, жылап-еңіреуге жақын, сезімнің ғана «серкелері» болып ел көзіне сүйелдей басылғаны несі? Мағжан бабамыз сенген арыстандай һәм жолбарыстай жастарымыздың әлденеше бөлігі бір жүрегінің не қалайтынын білмей, етегін жасқа толтырып отырса, ел басына күн туар қысылтаяң заман орнаса, олардан не қайыр? Міне, бір бағдарламаның болмысы бүгінгі өз қоғамымыздың көлеңкелі  кейпін бүкпесіз көрсетті.

Діңкелеген қазақ демографиясын «Қалаулым» тәрізді арзан бағдарламалардың құтқара алмасы анық. Одан да осы шоу арқылы көзге ұрып, көңілді жылатқан  дімкәс халімізді ойлайықшы. Ойлап қана қоймай, әрекетке көшейік. Барлығының алтын тамыры қазақы тәрбиеде екенін мойындап, сол айналайын темірқазықтан айырылмастай етіп ұстайық. Әйтпесе қазақы болмысқа тым жат «Қалаулым» тәрізділер іштен бүлдіріп, жастарымызды біржолата құр сайрайтын, іші қуыс қуыршаққа айналдырып бітпесін!

 

Айзат Рақыш