Жолбарыс адам
Шер-ағаға, Шерхан Мұртазаға осынау мерей тойында Халық қаһарманы атағын берсек жарасып тұрар еді-ау, шіркін!
Сартта сұрт шайқастарда,
Сан атылған
Көп жұртан көш ілгері дара туған,
Мен болсам, иір бұтақ осы кісі
Қазақтың намысынан жаратылған!
Өстіп Темірхан шайыр жыр толғаған Шер-ағаң менің де ұстазым. Бұл сырттай айтылған мезіреті емес. Ол кісінің қарамағында істеп, оның тәрбие тезінен өткен, сөйтіп Намыс атты қасиетті сөзді мәңгі бақиға жүрегіме ұялатуға әсер еткен алып та абзал жан туралы қалам тербемесем маған сын. Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала «Қазақ әдебиеті» газетіне «жер ауып» келдім. Газетшілердің ең ауыр учаскесі секретариатқа топ ете түстім. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті ұлттық мәселелерді бірінен соң бірін көтеріп, дүрілдеп тұрған кезі. Шер-ағаң бас сардар, марқұм Оралхан Бөкей ағам орынбасар. Жауапты хатшы марқұм Тұтқабай Иманбеков көкем. Әсіресе қазақ тіліміздің мүшкіл жағдайын қақырата көтеріп, Колбин мырзаның берекесін қашырып, жағасынан алып жатқан газетті зиялы қауым, тіл жанашырлары ту етіп көтеріп тұрған ұлтымыздың шамырқанған шағы еді ол. «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп Рахымжан Отарбаевтің циклді мақалалары жарқ-жұрқ шығып жатты. Не керек Шер-ағаң басқарған газет «Желтоқсан» көтерілісінен кейін жаншылған бүкіл ұлттың рухын көтеріп, ерекше бетбұрыс жасады…
Жалпы Шер-ағаң қай баспасөзге барса да осылай бетбұрыс жасайтын. Қандай сиқыры бар ол кісінің сонда? Мәселен футбол әлемінде де бас бапкердің рөлі күшті ғой. Аузыменен құс тістеген футбол командаларының басында үнемі атақты бапкерлер тұрады. Меніңше баспасөз де солай. Алдымен Шер-ағаңның өзінің сөзін тыңдап алайық. «От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді. Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса сол нағыз бас редактор.»
Иә-ә, Кеңес үкіметі кезінде ұлт мәселесін көтере білу ол ерлікке парапар болатын. Шер-ағаңның сиқырының басты сыры оның үш көзі бар көреген кісі. Шындықты астарлап жеткізсе де, басқа да әдістермен батыл түрде бадырайтып жеткізсе де ол журналистік қызметінің өзегінде соны үнемі ұстап тұратын. Ұстараның жүзімен жүре білді. Жанының жараланатынын, сәл мүлт кетсе құрдымға кететінін сезді, бірақ ол сол Шындық жолынан тайқымады.
«Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние-дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам құдайды да алдауды үйренді.»
Осы сөздерді ақтарылып айтқан Шер-ағаң да ет пен сүйектен жаралған пенде. Ол да қорқады. Бірақ ол, менің ұстазым құдайдың үнемі өзін бақылап, қарап тұрғанын терең ұққан иманды да, салиқалы адам. Құдайға сиынса әлгі ұстараның жүзінен тайдырмайтынын, құрдымға құламайтынын шын жүрегімен сезінді. Кеңес үкіметінде журналистерді «Төртінші билік» деп еркелетпейтін. Бірақ мемлекет те, халық та журналистердің әрбір жазған шындығының бір әрпін түсірмей әспеттейтін, көңіл аударатын. Билік баспасөзден өлердей қорқатын. Себебі сол биліктің өзі журналистің жазған сынын ту етіп көтеріп, қалай болғанда да бір қорытынды шығаратын.
Тәуелсіздік алғанда баспасөзге «Төртінші билік» деп өтірік ен таққан билік журналистердің жазғанын елемейтін болды. Шер-ағаң, Жолбарыс адам осы кезде тағы да шамырқанды:
«Жалпы журналист еңбегі – ең қиын денсаулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де қазан құлағын ұстап отырған «шөмішшілер» бұл еңбекті бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.»
Менің ұстазымның көңіл жанарынан қоғамдағы қандай жағдай болсын қағыс қалған емес. Қазір тереңге тамырын жайып кеткен жемқорлық жайлы сона-ау тоқсаныншы жылдары-ақ дабыл қағып үкіметтің құлағына жеткізген.
«Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық-қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі. Қайда барып оңамыз? Жетім мен жесірдің ақысын жеме! – деді салтымыз. Әсіресе әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.»
Қандай тақырыпта әңгіме айтсын, мейлі, Шер-ағаң жолбарыстай ақырып айтады, туырлығын таспадай тіліп, қақыратып жеткізеді. Айызың қанып, рахаттанып отырасың. Жан-жағындағы, қоғамдағы бей-берекет тірлікті көріп ашынып тұрып айтқаны:
«Пифагор деген әулие: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен. Бізде не көп, заң көп. Бірақ соның қайсысы орындалып жатыр. Ал әдет-ғұрып, салт-сана, міне, замандар легінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда біз содан айрылдық қой.»
Көлденең көк аттылар байып, дарынсыздар елді басқарып жатқанын көріп тұрып үндемей қалу Шер-ағаңа тән емес. Бұл жөнінде де қалам тартып, бетің бар, жүзің бар демей шыншылдықпен жеріне жеткізе жазған мақал-мәтелге айналған көрікті ойларын сіз де оқып көріңіз:
«Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңыздықпен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай, байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол – құдай о баста пешенеңе берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады. Талант пен дарын тана сүтінен емес, ана сүтінен дариды.»
Ұлтқа, тілге қауіп төндіргендерге атқа мініп, сөз-қылышын суырып, Шер-ағаң аянбай талай мәрте қарсы шыққан. Дер кезінде атойлап шығып, Махамбет сынды мірдің оғындай сөздерімен кесіп айтқан, жайпап өткен. 1995 жылы бір топ байшікештер Президентке ашық хат жазды. Өзгелер аңысын аңдып, бұғып қалғанда Жолбарыс адам оларды отты тілдерімен тапап тастады.
«Ал оларда Отан деген, ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді. Бұл топ үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жаңа паспортқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылу керек т. т…
Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл топтың анасы − ақша, атасы − сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне щеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиардтарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.»
Халықтың бұлттай шерін қайсар мінез, жалын жүрекпен жеткізе білген Шерағамыздың қадірін біліп жүрміз бе, осы? Әй, қайдам… Әйтпесе жоғарыдағы ұлтын, тілін қорғап айтқан түйдек-түйдек ойлары мен толғамдары үшін, Редактор деген қасиетті сөздің қадірін аспанға көтеріп зор үлгісін жасағаны үшін, қарапайым қазағының асыл да бай сөздерімен өріп тамаша шығармалар жазғаны үшін биыл 85 жасқа иек артқан Шер-ағамызға Халық қаһарманы атағы лайық-ау, сірә.
Жақында бір аста тәй-тәй басқан Шер-ағамды көрдім. Үнемі алшаң-алшаң басып жүретін, бүркіт қабағынан қайсарлық оты кетпейтін, от ауызды, орақ тілді ұстазымды тап осындай мүсәпір халде көргенімде жүрегім ауырды. Қайран қарттық па бұл? «От пен судан өттім. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді…»
Таудай-таудай толқындары жағалаудағы қасқиған шыңды соққылағаны көз алдыма келді. Сан жылдар бойына қиындықпен, ауыртпалықтармен арпалысқан өмір. Ұлтын шын сүйген жандар ұлтына бағытталған зәр мен уды өзіне қабылдай ма әлде… Бір кем дүние…
Қашанда тайғақ емес, мәрт шыдамы,
Күйінсе ойларынан өрт шығады.
Осы жан иілместен, бүгілместен,
Сынса да шамырқанып шарт сынады!
«Мені ұр, соқ, бірақ газетіме тиіспе!»
Ұстазымның өзінің сүйікті мамандығына тер төгіп, жұмыс істеп жүрген шаңырағына, нағыз редактор ретінде газетке деген шын жанашырлығын, махаббатын дәлелдейтін басымнан кешкен мына шағын екі оқиғаны баяндағым келеді.
1987 жылы «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа келгенімді айттым. Секретариатқа қызметке алды. Ол кезде газет жұмысы өте ауыр болатын. Суреттерді боямалап (ретуш) баспаханаға алдын ала жібереміз. Олардағы бейнелерді темірге бедерлеп (клише) болашақ газетке жапсырамыз. Міне менің алғашқы күнгі кезекшілігімде әлгі клишелер жоғалып кетті. Ал ол темір суреттерсіз газет шықпайды. Қайта жасау үшін бір күн керек. Сонымен түнде газет басылмады. Яғни газет оқырман қолына тимеді. Ол кезде мұндай оқиғалар жоғары жақтан кешірілмейтін. Таңертең бір ағамыз жоғалған суреттерді әкелді. Жігіттер оны қасақана жоғалтып жіберген адамды да тауып, жетектеп Шерағаңның алдына әкелді.
− Әй, пәленше! Мені ұр, соқ, тепкіле, жоқ қыл! Бірақ газетіме тиіспе!− деді Шерағаң жолбарыстай ақырып…
Екінші оқиға да бір аптадан соң болды.Секретариатта талантты суретші ағамыз болды. Газеттің макетін, оның безендіруін терең түсінетін жан болатын. Лездемеде сол суретші ағамыздың тағдыры талқыға түсті. Ұжым мүшелері байғұсты ортаға алып әбден сілкіледі, жамандады. Барлығы дерлік оны жұмыстан шығаратын болып, жардың жиегіне әкеліп қойды. Бір минөттей үнсіздік орнады. Жұмыстан шығару жөніндегі үкімді енді бас редактор Шер-ағаң айтуы тиіс. Кілең мүйізі қарағайдай-қарағайдай ағаларымның бұл күстанауларына мен түсінбедім. Жаңа келіп жатсам да мен де ойымды айтқым келіп қолымды көтердім.
− Шер-аға, мен ойымды айтсам бола ма?
− Айт, сары бала! – деп ол кісі гүр-р ете қалып.
− Шер-аға, сізге заманауи безендіруі бөлек тамаша газет керек пе? – дедім сауал тастап. Шер-ағаң мына оқыс сұрағыма мырс етіп күлді.
− Әрине керек!
− Ендеше ондай. газетті жасау осы ағамның қолынан келеді…
Тағы да шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады. Шер-ағаң ыңырана үн қатты.
− Әй, пәленше! Сенің жаныңды уақытша мына сары бала сақтап қалды. Жасаңдар, көрейік! Сендерге 3 ай мерзім беремін. Егер осы уақытта ондай газет шығара алмасаңдар екеуіңді де жұмыстан шығарамын!..
Біз тырыстық. Орта Азия бойынша безендіру жөнінен газійтіміз бірінші орын алдық. Сол үшін бүкіл ұжымға сыйақы берілді. Шер-ағаң ағам екеумізге жұрт алдында алғыс жариялады…
Ертай Айғалиұлы