Шәміл — күресте қайталанбайтын тұлға!
Күрес десе ішкен асын жерге қоятын қазақ жұрты үшін күрестегі дарабоз Шәміл Серіков — қайталанбас тұлға. Кезінде Кеңес Одағының білікті мамандары: «Шәміл Серіковтың әдіс-тәсілдерін оқу-жаттығу құралы етіп ұсынуға болады»,— десе, сол кездегі халықаралық күрес федерациясының өкілдері: «Шәміл — ғажайып құбылыс, фантастика! Мұндай дарынды балуанды көрерменге көрсетпеу күнә!»— депті. Бозкілем үстінде жасындай жарқылдап өнер көрсеткен Шәмілге қандай мақтау айтсақ та лайықты. Небір таланттар ауылдан шығады десек, Шәмілдің де күреске кездейсоқ келмегені анық. Оны да шыңдаған сол ауылдағы құрдастарымен күн сайын өткізген белдесулері десек, еш қателеспейміз. Енді еңбегі сіңген спорт шебері, КСРО, Еуропа, екі дүркін әлем және Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Шәмілдің спорттық мансабындағы өсу жолына сәл-пәл шолу жасасақ.
Шәміл Серіков 1956 жылы наурыздың 5-і күні дүниеге келген. Күреспен 1970 жылдан бастап қана шындап айналыса бастапты. Ол грек-рим күресінен 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. 1975 жылы КСРО спорт шебері дәрежесін алса, 1978 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1979 жылы еңбегі сіңген спорт шебері атағын алған. 1978 жылы КСРО чемпионы, 1979 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алды. 1978, 1979 жылдары әлем чемпионы болды (Мексика, АҚШ). 1980 жылы Олимпиада чемпионы атанды. (Мәскеу). 1980 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Бола 16 палуанды қатарынан жыққан…
Шәмілдің алғашқы бапкері — Аянбек Алдабергенов. Шәмілдің өзі көзі тірісінде: «Менің толағай жетістіктерге жетуіме бапкерім Аянбек ағайдың қосқан үлесі орасан зор. Ол он екі жасар мені секцияға жетектеп әкелді. Қашып кеткен кездерімде үйге іздеп келіп, ата-анамды менің спортшы ретіндегі болашағымның баянды болатынына сендірді. Әйтеуір менің қияс, қыңыр мінездерімді кешіріп, өзіне тарта біліп, менің бойыма күресті жан-тәніммен сүйетін қасиеттерді сіңірді. Сол үшін де оның алдында басымды иемін»,— деп кетсе, чемпионның анасы Сара апамыз: «Шәміл Алматыда туып-өсті. Мектептің бастауыш сыныбында оқып жүрген кезден-ақ күреске құмартты. Күнде сабақтан келген соң, иығына кішкентай сөмкесін асып алып, жаттығуға кететін. Шәміл кішкентай кезінде тым арық еді, «сенен қандай балуан шықсын» деп әзілдейтінмін. Бір күні жарыстан грамота жеңіп алып келді. Шәмілтайым үшін табыстың басы сол грамотадан басталды. Ол жасөспірімдер қатарында алты жыл жүріп, сол уақыт ішінде төрт рет Қазақстан чемпионы атанды»,— деп еске алыпты. Шәмілді біраз жаттықтырғаннан кейін Аянбек Алдабергенов Алматыдан көшетін болып, Серіковті Анатолий Жарковқа табыстап кетсе керек. Шәмілмен аралас-құралас жүрген тұрғыластары мен білікті мамандардың пікірінше, Шәмілдің жеңістеріне Анатолий Жарковтың да қосқан үлесі аз емес сынды. Өз шәкірті туралы ол бір сұхбатында: «Шәміл қашан да жеңіске құмартып тұратын. Рас, ол физикалық тұрғыдан соншалықты мықты болған жоқ, бірақ бұл оны ызаландырып, намысын жанитын қайрақ рөлін атқарды. Бапкер ретінде мен оның дәл осы қасиеттерін тиімді бағытта пайдаландым»,— деген болатын. Ал, білікті мамандар болса: «Шынында да, ұстаз бен шәкірттің елде жоқ әдіс-тәсілдері болды. Солардың ішінде Жарковтың белдесу алдында келесі қарсыласты зерттеуі кезінде Шәмілге көп көмектесті. Жарков Шәмілдің келесі айналымда кездесетін балуанының күресін сырттан қарап, оның әдіс-тәсілдерін мұқият зерттеп, сол балуанмен кездесер алдында Шәмілмен алдағы қарсыласы болып күресетін. Осындай алдын ала белдесулердің арқасында кездесу кезінде Шәміл қарсыласты зерттеу үшін босқа уақыт өткізбей, бірден шабуылға көшетін. Шәміл чемпион атанған Мәскеу Олимпиадасындағы әр белдесуінің алдында Жарков пен Серіков дәл осылай «күрескен» болатын»,— деген пікірде. Шәмілдің КСРО құрамасындағы басты бәсекелесі — ресейлік Виталий Константинов болатын. 1977 жылы Одақ чемпионатында Шәміл сәтсіз өнер көрсетіп, жүлдесіз қалды. Ал, Константинов чемпион атанды. Бірақ, сол кездегі құрама бапкері Вадим Псарев Шәмілге сенім артып, оған жаңа әдістерді үйретті. Кез келген нәрсені тез қағып алатын зерек Шәміл соның бәрін бойына сіңіріп, балуан ретінде тез өсе бастады. Көптеген халықаралық жарыстарды ұтты. Кіші Әлем чемпионаты саналатын Иван Поддубный Мемориалында бұған дейін әлем, олимпиада чемпионы болып үлгерген ульяновскілік Константиновты ұтып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Шәміл Серіковтің осы турнирді ұтқан тұңғыш қазақ балуаны ретіндегі орны да айырықша. Сол кезде Шәмілге шүбә келтіріп, Константиновты жақтаушылар да табылған. Бапкерлер мен білікті мамандардың: «Қос балуанның қайсысын таңдаған жөн?»— деген сауалына жауапты бірнеше айдан кейін өткен КСРО біріншілігінде Шәмілдің өзі берген. Ол алты қарсыласын да қапы қалдырып, соның бесеуін таза жеңсе, Константиновты 11:3 есебімен тізе бүктірген. Мұны енді кездейсоқтық деу мүмкін емес-тін, әлбетте. Мәскеу Олимпиадасы қарсаңында Шәміл барлық маңызды жарыстарды ұтты. 1978 жылы Мехикода (Мексика), 1979 жылы Сан-Диегода (АҚШ) өткен әлем чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, қазақтың ішінен грек-рим күресі бойынша әлемді алғаш мойындатқан да осы Шәміл болатын.
Олимпиада чемпионың қорлаған кім?
Мәскеу олимпиадасындағы жеңіс — оның спорттық мансабындағы ең жоғары жетістік болғаны анық. Ол сол байрақты бәсекеде барлық қарсыласын қирата жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысын бағындырды. Күллі әлем жұртшылығын таңдай қақтырған Шәмілдің өнеріне сүйсінген Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Рүстем Казаков сол кезде: «Серіков — жартылай жеңіл салмақтың жаңа жұлдызы»,— десе, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Валерий Рязанцев: «Бұл — қайталанбас балуан. Ол қандай қиын жағдайда да, ыңғайын тауып, шабуылдайды. Ол оңтайлы сәтін аңдып жүрмейді, Шәмілге шалт қимыл мен «жарылыс» тән»,— деген болатын. Бұл — құр мақтау емес, шынайы ақиқат-тын. Олимпиададан кейін Шәмілдің жарық жұлдызы көмескі тарта бастады. 1981 жылдың мамыр айында бір топ спортшы КСРО Орталық партия шешімімен БАМ-ға (Байкал Амур магистралі) аттанатын болды. Бұл бұйрық болса да, Шәміл үйімді жөндеймін деп бармай қалған. Олимпиададан кейін жүлдегерлерге үш бөлмелі жаңа пәтерден берілгенде, Шәмілге екі бөлмелі ескі үй тиіпті. БАМ-нан келген соң он күннен кейін бапкерлер Шәмілді құрамадан шығарды. Стипендия беруді де тоқтатты. Олимпиада чемпионы ай сайын 680 сом алатын. Ол кезде бір айлық асқанда 150-200 сом. Құрамадан шығарып қана қоймай, Шәмілді спорттың маңына да жуытпай қойды. Оған қоса Шәмілді тіпті Ауған соғысына да алып кете жаздаған. Ауған жеріне аттанудан бас тартқаны үшін Шәмілді қамауға да алған. Шәмілдің жары Светлана Серікова: «Шәміл Олимпиададан кейінгі уақытта жиі жарақат алатын болды. Жәй ғана жаттығу белдесуінің өзінен ол сүйегін сындырып келетін, бір күні қабырғасын, бір күні бұғанасын сындырып келеді. Ол кәдімгідей «шытынап сына» бастады. Ешқандай демалыс берілмеді, басшылықты тек жаңа нәтижелер қызықтырды. Шәміл: «Мен шаршадым, маған жай ғана бапкердің қызметін беріңіздерші, басқа ешнәрсенің керегі жоқ»,— деп бастықтарға сан рет айтты. Бірақ оның өтінішін елеген ешкім болған жоқ»,— деп еске алады. Жаны күйзеліп жүрген Шәмілге сол тұста жанашырлық танытқан бір-ақ жан болды, ол —сол кезде Қапшағайдағы спорт мектебінің директоры болған Тойлыбеков Орынбай. Сол кісі Шәмілді бапкерлік қызметке алды. Осы мектепте Шәміл үш жыл бойы жасырын жұмыс істеді. Шәміл Мәскеуге барған сапарында мемлекеттік спорт комитетінің төрағасы Александр Пархоменкомен кездеседі. Шәмілдің басындағы ауыр жағдайды білген ол оған қолынан келгенше көмектесуге тырысты. Құраманың бапкері қызметіне тағайындауға бұйрық та шығарды. Бірақ, біздің басшылар ол құжатын жинап әкеліп тапсырғанша бұл орынға басқа біреуді алып қойған еді. Тағы да балуанның жары Светлана: «Пархоменкоға звондап, мән-жайды түсіндіруді жалынып сұрадым, бірақ, ол оған телефон шалмай қойды. Бұл қазан айының соңы еді. Көп ұзамай 22-3 қараша күні Шәміл қайтыс болды. Бұл Шәмілдің шыдамының таусылған шағы болғандай. Содан да болар, ол сол кездері ішін жалмап бара жатқан ренішті басамын деп қатты ішіп те кетті. Шәміл өз шәкірттерінің жетістігін көріп кетуді армандап еді, бірақ, оған бұл бақыт бұйырмады. Спорттан кеткен соң Шәмілдің істемеген жұмысы жоқ. Отбасын асырау үшін кәуап та сатты, жеміс те тасыды. Көкөніс өсіретін жұмысшылардың бригадирі болып, қарбыз өсіруге кеткені бар. 1989 жыл толығымен сонда жұмыс істеді. Кәрістермен бірге де жүрді. Оның қолынан кез келген шаруа келетін. Және мұнда ұятты ешнәрсесі де жоқ дейтін»,— деп еске алады. Әлемнің үздік балуандарының бірі Александр Медведьтің: «Шәмілде осал жер жоқ. Оның ең үлкен қаупі де осы осалдығының болмауы. Шәміл осы бабында болса, бір дүркіннің орнына неше дүркін деген абыройдың асқар биігінен көріне жатар»,— дегені бар. Алайда, Олимп шыңына қайта шығу Шәмілдің маңдайына жазылмапты. 1988 жылдың 22-қарашасында Шәміл Серіков жарық дүниемен қоштасты.
Түйін: Бүгіндері жекелеген жанашырлардың көмегімен Шәміл Серіковті еске алуға арналған турнир өткізілуде. Алматыдағы Алатау ауданының «Дархан» ықшам ауданындағы бір көшеге Шәміл есімі берілген. Шәміл Серіков атындағы турнирдің алғашқы екеуі чемпионның жұмыс істеген жері ретінде Қапшағай қаласында ұйымдастырылды. Үшінші турнир Алматыда жоғары деңгейде өтті. Бұл игі шараны ұйымдастыруда Шәміл ағаның достарының үлесі зор. Шәмілдің артында отбасы қалды. Үлкен ұлы Тимур бапкер болса, Елдар — музыкант. Бар жоғы 33 жасында өмірден озған Шәміл артында өшпестей із қалдырды. Оның спортшы ретіндегі, қарапайым ұлт өкілі ретіндегі жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталарын күмәнсіз. Қазақ: «Өлі разы болмай, тірі байымайды»,— дейді. Ендеше өмірден ерте озған қазақтың біртуар ұлдарының аруағына тәу етіп, анда-санда болса да құран бағыштауды ұмытпайық, ағайын!
Дайындаған — Ермек Сахариев