Үкімет жанармай тапшылығын халыққа түсіндіруі керек
Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев: «Бензиннің неге жоқ екенін анықтау керек. Алматыда да, Астанада да бензин тапшылығы бар. Еліміздің басқа өңірлерін де бұл мәселе айналып өтпесе керек.Ендеше, үкімет осындай жағдай неліктен болып отырғанын нақты айтып, халыққа түсіндіруі керек. Әлемдік нарықта мұнай бағасы айтарлықтай тұрақталғанда, мұндай жағдай болмауы тиіс еді. Жалпы алғанда, бұл баға біздің өндірушілер үшін табыстың белгілі бір деңгейін сақтауға жеткілікті. Біздің мұнай өңдеу зауыттарымыз жұмыс істеп тұрған кезде бензин тапшылығының неге туындағанын түсіндіру қиын шығар. Сондықтан үкімет өзінің нақты дәлелдерін келтіруі керек. Мен бұл жағдайдың объективті себептерін көріп тұрған жоқпын. Бәлкім, менің айтқаным дұрыс емес шығар. Бұл жерде субъективті себептер бар секілді. Табысты арттыру мақсаты болуы мүмкін. Бұл ретте үкімет жағдайдың мән-жайын анықтауы керек. Бұл маңызды мәселе. Егер сәрсенбіге дейін үкімет жағдайдың мән-жайын анықтап, түсіндірмесе, менің әріптестерім бұл мәселені көтеретініне сенімдімін», — деп түйді сөзін.
Бензинге қойылған шектеу қашан алынады?
ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов (енді экс): «Біздің жұмысшылар жанар-жағармай құю станцияларын аралап, бағаға мониторинг жасап шықты. Бензин Helios-та — 150, Nomad-та – 153, Sinooil-да — 152, ГазПромНефть-те – 156, «ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекеттерінде бензин 152 теңгеге сатылып жатыр. Бірақ бензинге шектеу бар, 20 литрден артық берілмейді. Алдағы уақытта жанар-жағармайдың жаңа қоры келуі керек. Содан кейін бензинге деген шектеу алынады»,— деп мәлімдеді. Ал, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі: «Біздің орган мұнай өнімдерінің тапшылығына және олардың бағаларының өсуіне байланысты ЖЖМ нарығындағы жағдайды тексеріп, бізге келіп түскен мәліметтерге байланысты тиісті мекелемерге сауал жолдады. Соның нәтижесінде арнайы талдау жасалады. ҚР Кәсіпкерлік кодексін бұзу белгілері, қолдан тапшылық жасау, ЖЖМ арналған бағаны негіссіз көтеру, бағаларды белгілеу және ұстап тұру (бағалық сөз байласу), тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеу бөлігінде бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттерді жасау, сондай-ақ нарық субъектілерінің өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактілері анықталған жағдайда, олардың әрекеті ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабы бойынша сараланып, соған сәйкес осы заң аясында ондайлардың монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірісі тәркiленіп, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне кірістің (түсiмнiң) — 3 %-ы, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 5 %-ы мөлшерiнде айыппұл салынады»,— деп жазылған. Әкімшілік істер сот инстанцияларына қарауға жіберіледі.
Ермек Назым