Сүт қабылдау орындары ашылмақ
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен көптеген игілікті істер қолға алынып жатыр. Соның нәтижесінде нарыққа шықпай жатқан өнімдердің кіріс көзіне айналатын түрі бар. Мысалы, ондай өнімдер шалғайдағы аудандарда көптеп саналады. Бұл жөнінде бізге Шардара аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Базарбай Тілеуімбетов айтып берді.
– Бүгінде тұрғындар қолда бар өнімді ұқсатып, сатып пайдасын көруі тиіс. Осы жөнінде өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы облыстағы кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлерге тапсырма берген болатын. Мысалы, ет және сүт бағытындағы қабылдау орындарын қарамағында кем дегенде 20 мүшесі бар кооперативтер аша алады. Ал кооперативтерге кейбір заттарды алу және құжаттық жұмыстар мен кәсіптік жолдарын өзіміз көрсетеміз. Сол мақсатта жақында өзім «Болашақ 2017», «Темірқазық» деп аталатын кооперативтерге сүт қабылдау танкерін алып бермекшіміз. Оның қаржылық мәселелерін «Ырыс» шағын қаржы ұйымы арқылы шешетін болдық. Жқында аталмыш кооперативтерге сүт сақтайтын танкерлерді апарған соң ауданда төрт жерде сүт қабылданбақ. Яғни, ауылдағы азаматтар үйінде отырып-ақ қолда барын қаражатқа айналдыра алады. Ал сүт қабылдаған кооперативтерде өнімді тиісті орындарға сатып,пайда көреді. Енді біз мұнымен тоқтап қалмай, түйе сүтін де табыс көзіне айналдырғанды жөн санап отырмыз. Бұл мақсатта аудандағы кооперативтерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түйе сүтін өтімді тауарға айналыру үшін ол құтыда сатылуы тиіс. Сондықтан түйе сүтінің құтыға құйылу жағын да ауданда қолға алынуын қарастырып жатырмыз. Сонда өңірдегі түйесі бар адамдар үшін де бұл үлкен қуаныш болмақ. Әйтпесе, «пәленшені түйесі көп» дегеннен не пайда бар? Демек, Шардараның нағыз нарықтық ортаға айналатын күні алыс емес, – деді директор.
Базарбай Тілеуімбетов кооперативтерге ет қабылдау орындарын ашқызу үшін де қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр екен. Егер ауданда ет қабылдау орындары ашылатын болса, онда сол өңірде мал бордақылаумен айналысатын, шалғайда отырып-ақ табыс табатын ауыл адамдарының артатыны жасырын емес.
С. САЙЛАУҰЛЫ.