ОҚО әкімі «Phoenix Global» компаниясының өкілдерімен кездесті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Phoenix Global» компаниясының ТМД және Орта Азия елдері бойынша аймақтық директоры Ашил Каул бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашалығы саласын дамыту бағытында әңгіме өрбітті.
Кездесуде сөз алған Ашил Каул мырза өңір басшысына компанияның ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы атқарып отырған жұмыстарын баяндап берді.
«Біздің компания алдағы уақытта жеміс-жидек және көкөніс кластерін дамытуға ерекше мән беріп отыр. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы потенциалы қызықтыруда. Біздің компания 2016 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп, өнімді сақтау әрі алғашқы өңдеуден өткізу ісімен айналысып келеді. Қазақстанда 42 мың 204 гектарға жуық жеріміз бар. Онда негізінен бидай, арпа егіліп, жем-шөп азықтарын дайындау саласына басымдық беріліп отыр», — деді «Phoenix Global» компаниясының аумақтық директоры Ашил Каул мырза.
Аталған компанияның әлемдік ауыл шаруашылығын дамытуда да қосып отырған үлесі орасан. Тек қана бидай егу ғана емес, күріш өсіру, өсімдік майын өндіру ісімен де айналысады. Сондай-ақ фермерлік шаруашылықты дамытып, бау-бақша, гүл өсіру ісінде де жеткен жетістіктері аз емес екен.
Компанияның мүмкіндіктеріне қаныққан өңір басшысы қонақтарға облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші секторларды әңгімелеп берді. Сондай-ақ алдағы уақытта ынтымақтастық негізде бірлесе жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді.
«Оңтүстік Қазақстан облысы — аграрлы өңір. Өңірде суармалы егістік көлемі 466 мың гектарға жуықтайды. Осы ретте сіздердің компанияларыңыздың әлеуеті көңіл қуантып отыр. Алдағы уақытта облыс әкімдігі мен компания ынтымақтастықты арттырып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болатынына сенім мол», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Кездесу соңында тараптар естелікке суретке түсіп, сый-сияпат алмасты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі