СПИРТ (Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы әңгімелерден)

 

1961 жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы он күндігі өтеді.

Білуімізше, бұл шараға Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев бастаған қырықтай ақын-жазушы қатысқан. Әлбетте, араларында Бауыржан Момышұлы да бар.

Алматыдан келген делегацияны қарсы алуға облыстағы лауазымды тұлғалармен бірге әйгілі ұшқыш, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан апай да шыққан екен. О кісі шығармашылық адамдармен есендескен соң Бауыржанмен арнайы амандасып:

– Бармысың, Бауыржан қайным! Соғыс алапатынан жауды жеңіп қайтқан даңқың әлі күнге дейін дүңкілдеп естіліп тұр. Абыройың артсын! Тек сол майдан даласында менің Нұркенім көзіңе түспеді ме? Қайтарыңда неге өзіңмен бірге ерте қайтпадың ініңді? Қияпат өрт ішіне неге тастап кеттіңдер баламды?! – деп көңілі қамығады.

Бір мезет не дерін білмей тосылған Баукең жеңгесін дереу құшақтай алып, маңдайынан сүйіп, көзі жасаурап:

– Сенің қыран ұлың оралады әлі, жеңеше! Ол өлген жоқ. Ол мәңгі жасайды. Күдеріңді үзбе. Ұлың келеді әлі, – деп жұбатады.

Сол сәт осынау тосын көрініске куә болған жұрт түгел тебіренген көрінеді.

Шахтерлер сарайында Баукең баяндама жасайды. Бірақ о тұстағы жағдай белгілі ғой, орысша сөйлеуге тура келгендей…

Керемет сөйлепті.

Ертесіне қонақ үйдегі нөмірінде жатса, батырға облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің редакторы Бейсенғали Тайкіманов хабарласып, бұйымтай айтады.

Мән-жайды түсініп, келісім берген соң Бауыржан жатқан бөлмеге қонақшылап ақындар Мұзафар Әлімбаев пен Тұманбай Молдағалиев барады. Батыр бұларға:
– Жігіттер, Қарағанды газеті менің кешегі сөзімнің қазақша нұсқасын баспақ ниетте. Редакторы аудармасын оқып беріп еді, кейбір селкеуліктерін аңдап қалдым. Қазір бір тілші жігіт газет гранкасын әкелмекші. Соны үшеулеп қарап, кейбір тұстарын жөндеп тастайық, – дейді.
Сөйтіп «қарт» офицерлер Мұзағаң екеуі үстел үстінде тұрған спиртті ортаға алып, енді отыра бергендерінде, версткасын ұстап журналист те келіп кіреді. Жас Тұманбай есік ашып, өзі құралпылас тілшіні құшақ жая қарсы алады.
Баукең жөн сұрасқан соң спирттен екі жүз грамдық қырлы стақанға әлгі жігітке де құйып беріп:
– Ал, бауырым, ниеттеріңе рахмет. Мақала жақсы шықсын. Кәне, кел, таныстығымыз үшін, тартып жібер мынаны! – дейді.
Анау дереу ішіп салады да, тұншығып, көзі алайып, екі бүктеліп барып, қылжиып құлай кетіпті. 96 градус реактификат оңай ма.
Оның мүшкіл халіне үрейленіп қалған Баукең су жұтқызып, арқасынан қағып, қатты әбігерленеді. Сөйтсе, әлгі өмірінде спирт түгілі, арақ татып көрмеген жан екен. Тек қаймығып, онысын айта алмай, қорыққанынан батырдың айтқанын қалай орындағанын өзі де аңғармай қалғандай. Сөйтіп, жедел жәрдем машинасымен ауруханадан бір-ақ шыққан.
Баукең ыңғайсызданып:
– Өй, бұл өзі қызық жігіт екен ғой. Ішпейтін едім десе аузына құям ба! Жөні түзу біреулеріңді жібермедіңдер ме… Журналиспін дегенге… Мен мұның шикіөкпе екенін қайдан білейін, – депті ошарылып.
(Осы әңгімені қарағандылық қаламгерлер күлкі қылып бертінге дейін айтып жүрді. Мұндағылар Баукеңнің алғашқы қосағы Бибіжамал апай Қарқаралының қызы болғандықтан, батырды жезде деп жақын тұтатын еді).
*
Спирт дегенде, әлдебір жас жазушылардың Бауыржан ағаларынан кейбір жекелеген ақындар туралы пікірін сұрағаны еске түседі.
– Аға, қалай ойлайсыз, сіздіңше бәленше ақынның деңгейі қандай? – дейді ғой. Баукең айтыпты:
– Е-е, ол шалап қой, әшейін!
– Түгенше ақынды қалай бағалар едіңіз?
– Дау жоқ, мойындауымыз керек, ол – шарап.
– Ал Қасым Аманжолов туралы пікіріңіз қандай?
– О-о-о! Ол туралы сөз басқа. Спирт қой ол! Спирт! – дейді батыр сұқ саусағымен көкті нұсқап.

Өзі де аса ұшқыр мінезді, «өлеңі өртке тиген дауылдай» сұрапыл екпінді, майдангер Қасым ақын да Бауыржанды әрдайым хан көтере құрметтеген. Жыр жолдарын арнаған. Солардың ең сүйектісі:

БОЙЫ БАР БІЗДЕН ГӨРІ БИІГІРЕК…

Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін!
Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып:
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.
Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн даусын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар!
Қан майдан қаталатып шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес, көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.
Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған жер жаратыпты оны ірірек.
Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.
Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.
Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.
Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға…
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.
«Батырым – Бауыржаным!» дейді халқым,
Алып ұш ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.
Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе – жаубүйректей етер жәукем.
Емендей ерегесер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!

Бұл өлең жазылған кезде Бауыржан отыз сегіз жаста екен.

Құлтөлеу Мұқаш,

«Ақ алмас» жинағынан