БАУКЕҢ ӨТЕ МЕЙІРІМДІ ЖАН ЕДІ (Жазушы Мамытбек Қалдыбаевтың естелігінен)
– Бауыржан аға өте сезімтал, жаны нәзік адам еді. О кісіні дөрекі дейтіндердің өздері дөрекі. Алла-Тағала неше қилы қасиеттерді үйіп берген табиғаттың таңғажайып перзенті-тін. Жан-жақты болатын. Оны сегіз қырлы емес, он алты қырлы десе де артық етпейді. Суретші… Музыкант… Биші… Мергендігі өз алдына. Тастаяқты қалай ойнайтын еді!
Сырт жұрт о кісіні қатал деп ойлауы мүмкін. Негізінде олай емес. «Мінезім бар көктемдей құбылмалы» деп өзі де айтып кеткендей, қайта өте мейірімді еді бұ кісі.
Ал кейдегі «қаталдығы» надандық пен жалғандыққа, көлгірлікке пен қулық-сұмдыққа жаны қастықтан туындап жататын. Сондай-ақ ондай мінезін қатыгездіктен емес, қамқорлықтан туған қаталдық деуге болады.
Менің ұлым қайтыс болғанда ауруханада жатқан-ды. Төрт күн бойы маған жаны ашып, қап, қиын болып қалды-ау саған деп қиналып, мені жұбатып жатты.
Сөйтіп менің ұлымнан кейін төрт күннен соң өзі де көз жұмды. Сонда қатты тебірендім.
Қ.М. «Ақ алмас» жинағы. 2016 ж.