ДОС (Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы әңгімелерден)
Бауыржан Момышұлының санаулы ғана достарының бірі – Кәрім Мыңбаев.
Бірақ, «Ер шекіспей бекіспейді» дегендей, батырдың осы адамды алғаш көруі де қызық. «Стенографисткалар менің сөзімді жазып отыр. Аудиторияда маймыл терісінен шуба киген өте реңді, келбетті әйел Қаныштың оң жағын ала жайғасыпты. Көзі бақырайған, жұпыны киімді, қошқар мұрын, алаңғасар қазақ сол әйелге қырындап қояды. Әйел де оған езу тарта жымия күліп жауап қатады. Екеуінің көзқарас, қарым-қатынасы менің сөз желісімді бұзды. Біраз шыдап көрдім. Бұлар қоймауға айналды. Мен шамдана бастадым.
– Объявляю перерыв на 20 минут. Хочу дать возможность некоторым бестактыным субъектам излить свои интимные чувства во время перерыва, – деп бұрылып шығып кеттім…
Сағат бесте мені Мұхаң үйге шығарып келе жатып:
– Мана мен де, Қаныш та қатты қысылдық. Әлгі жігітке Қаныш қатты сөздер айтты. Сен өзің ит екенсің дедім мен оған. Сазайын тартты ол…
– Ол кім еді?
– Былайша өте жақсы жігіт. Өзі жақында ғана фронттан келген ғалым. Ленинград блокадасының аштығын көріп, көтерем болып қайтқан Кәрім Мыңбаев жеген жігіт болады.
– Бұл жігіт әйел жағынан да ашыққандардың біреуі болуы керек дегенімде, Мұхаң күліп жіберіп:
– Жоқ, балалы-шағалы адам ғой. Бірақ та өзін-өзі ұстай білмегендігі болмаса», – деп әңгімелепті. (Бұл – Бауыржан Момышұлының 1943 жылы майданнан Алматыға келіп, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов сынды алыптардың алдында лекция оқып қайтқан сапарында болған жәйт).
Кейін, айтқандай-ақ, Баукең осы Кәріммен тіл табысып, етене араласып кетеді…
Кәрім де әуелгіде ақын-жазушы болуды діттеген екен. Қарағанды облысындағы Нұраның сағасында туған бала мектеп бітірген соң Алматыға келіп, Сәкен Сейфулинның үйіне түседі. (Сәкен – Кәрімнің жездесі. Анығырағы, күйеу бала. Себебі, Кәкеңнің жақын қарындасы Гүлбарам Батырбекқызы бұдан екі жастай кіші. 1908 жылғы).
Бірталай әңгімелесіп, жігіттің ыңғайын байқаған Сәкен мұның жазған өлеңдерін көріп, шығарған әндерімен танысып, дарынына ешқандай шәк келтірмейді. Халық ауыз әдебиеті мен әлемдік поэзиядан мол сусындапты, математикаға жүйрік екен. Жаратылыстану пәндерінен де хабардар екенін байқайды. Дегенмен, мұның да өзінің туған ағалары Тұрысбек пен Серік секілді елге әлеуметтік-тұрмыстық сала жағынан, ауыл шаруашылығы мен өндіріс тұрғысынан қызмет етуін құп көріп, талапкер жасқа:
– Өлең жазу деген мамандық емес, өнер ғой. Сондықтан бойдағы дарының ешқайда қашпайды. Поэзиямен халық шаруашылығының қай бағытында жүрсең де шұғылдана беруге болады. Мен алдымен сенің белгілі бір кәсіпті игергеніңді жөн көремін, – деп ақыл қосады.
Мұны қабыл алған жас ауылшаруашылығы техникумына түседі. Кейін Ташкенттегі Ортазиялық Мақта-ирригациялық политехникалық институтын түгесіп, агроном мамандығын алып шығады.
Соғыс басталғанда Ленинградта жүр екен. Майданда біраз уақыт автотанк батальонының саяси жетекшісі болады.
Бүкіл қала көшелеріне ілініп қойған Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» өлеңіне қатты масаттанып, ақынға ризалық сезіммен хат жазады.
Бір ғажабы, Кәрім Мыңбаевты Иосиф Сталин жақсы таныған. 1942 жылы көсем оны Кремльге шақырып, әңгіме өткізеді. Сонда Кәрімнен:
– Майор, Қазақстанда сен сияқты қанша ғалым бар? – деп сұрапты.
– Көп, жолдас Сталин.
– Жоқ, олай емес, жолдас Мыңбаев! Менің білуімше, сіздерде бар-жоғы бес қана ғылым докторы, он жеті ғылым кандидаты бар. Бұл көп емес. Біздің ойымызша сіз, Мыңбаев жолдас, Қазақстанға қайтуыңыз қажет. Бастаған ғылыми жұмыстарыңызды жалғастырыңыз. Соғыстан соң шаруашылықты өркендетуіміз керек! – деп аяқтайды сөзін Сталин.
Жалпы, еңбек жолында, ғылымы бағытында айрықша алғырлық танытқан Кәрім білікті маман ретінде отыз жастан аса бере-ақ Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті болады. Республика Мемлекеттік Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясы (ВАСХНИЛ) Қазақ филиалының президиум төрағасы қызметтерін атқарған.
Өкінішке қарай, көрнекті ғалым қырық екі жасында ұшақ апатынан қаза табады… делінеді.
Баукең бұл жағдайға қатты қайғырыпты.
Осыған қатысты бірер сөзді Бақытжан Момышұлының аузынан естіген едік:
– 1948 жылы сабақ басталған соң бірталай өткенде қатты сырқаттанып ауруханаға түстім. Сол кезде әкемнің досы, ірі ғалым Кәрім Мыңбаев келіп: «Ресейге, академик Трофим Лысенконың 50 жылдығына барайық деп жатырмыз. Сен де бізбен бірге жүр» деп қолқалапты. Әкем: «Бара алмаймын, балам ауырып жатыр» деп бас тартқан. Артынша Кәрім ағалар отырған ұшақ апатқа ұшырап, ішіндегі адамдар түгелдей қайтыс болыпты…
Көз жұмғандар арасында Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен
Наурызбаев, Федор Солодников сияқты ғалымдар бар.
Оқиға бір күннен кейін хабарланады. Бір топ ғалым мінген аталмыш
самолет Балқаш әуежайынан көтерілгеннен кейін арада он бес минут өткенде көлге құлапты-мыс…
Бұлайша күмәндануымыздың себебі, арада бір жылдай өткенде,
яғни, 1949 жылы тамыз айының орта тұсында Қытай Компартиясының жетекшісі Мао Цзедуннің тікелей шақыруымен Бейжіңде өткізілмекші саяси құрылтайға Алматы, Мәскеу, Иркутск арқылы ұшқан Шығыс Түркістан Республикасының серкелері Ахметжан Қасыми, Ысқабек Мұнынов, Дәлелхан Сүгірбаев, Әбдікерім Абасов бастаған өзге де бірқатар жетекші кадрлар, тура жоғарыда аталған жағдайдағыдай, Байкал көліне құлап мерт болғаны туралы ақпарат таратылады.
Бұлар отырған «Ил-12» ұшағының да апаты бірнеше күннен соң ғана
жарияланады. Қытай астанасында өтетін жиынға Совет Одағы арқылы ұшудың мәнісі Шығыс Түркістан Республикасы басшыларының Мәскеуде Шынжаң дербестігін пысықтауға ниеттенгені себебімен түсіндіріліпті. Апат орнының біресе Иркутск төңірегі, біресе Чита түбі, яки Байкал көлі деп, осы күнге дейін нақты айтылмауының өзі-ақ күдік туғызар еді.
Тегінде, ұшақ көлге құлады деп лақап тарату көкейге әбден қонады. Себебі, ол апатты ешкім көрмеген, білмеген; сөйтіп, «су аяғы – құрдым», істің арты із-түзсіз жабылады.
Шығыс Түркістан Республикасы жетекшілерінің ажалы туралы конспирологиялық болжам күні кешеге дейін айтылып келді. Онда бұл «апат» әшейін көзбояу, ал адамдар күнібұрын қасақана өлтірілген деп долбарланды.
Кейін ұйғыр халқының өкілі, тарихшы Сәбит Әбдірахман: «Бұл – Кеңес коммунистері мен Қытай коммунистері бірігіп жасаған қылмыс. Мұны осы күнге дейін әлем халықтары білмесін деп құпия ұстап отыр. Бірақ бәрібір біздің басшыларымызды Мәскеудің Любянск түрмесінде өлтіргендігі туралы деректер табылды. Бес-ақ жыл өмір сүрсе де, Шығыс Түркістан Республикасы Қытай мен Кеңес Одағына үлкен қауіп төндірген еді. Біздің көшбасшыларымыздың жұмбақ жағдайда өлтірілуінің басты себебі осы» деп мәлімдеген. Тарихшының айтуынша, «ұшақ апаты» қасақана ұйымдастырылған. Ел серкелері белгілі бір мақсатқа пайдаланылағаннан кейін, қалайда, көзі жойылуға тиіс екен. Өйткені, ұлттың санасы оянбауы керек.
Осы секілді, Кәрім Мыңбаев сынды көрнекті тұлғалардың да кенеттен мерт болғаны туралы ақпаратқа әлі де сену қиын. Бірақ, осынау екі оқиғаның бір ғана «сценарий» арқылы жасалғанын іш сезеді. (Егер түртпектеп іздей берсе, мұндай мысалдар бұрынғы одақтас республикалар ішінен де табылатындығы анық).
Баукең де досының ажалына байланысты сонау істің мәнісіне кейінірек көз жеткізгендей…
Қ.М. «Ақ алмас» жинағы. 2016 ж.