Жансейіт Қансейітұлының бастамасы Шардарада жүзеге асты

Ерте көктемде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі шаруаларға мол өнім алуды тапсырған болатын. Өңір басшысы сонымен бірге, дихандардың тәжірибе алмасуын негізгі табыс көзі екенін айтқан.

Шардаралық дихандар сол талаптың үдесінен шыққан секілді. Өйткені, олар біраз жылдан бері мақтаны жаңа технологиямен өсіруде. Мысалы, сол шаруашылықтың бірі Жаушықұм ауылындағы  «Иiржарагро» серiктестiгi. Аталмыш серіктестік 240 гектар алқапқа шит сеуiп келеді. Тамшылатып суарудың арқасында  шаруашылық әр гектардан 45-50 центнерден өнiм алып отыр.

Жуырда «Иiржарагро» шаруашылығының басында жиын өтті. Оған аудан әкiмiнiң орынбасары Қайрат Жолдыбай, ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы Талғат Әлiмқұл мен шаруа қожалық төрағалары қатысты. Басқосуда «Мырзакент» холдингiнiң президентi Салдар Жамалов аудан диқандарына жаңа технологиялық әдiстiң тиiмдiлiгiн түсiндiрді. Дайындалған жерге шиттi өзi сеуiп, оның үстiнен пленканы жауып және тамшылатып суаратын құбыр жүйесiн қоса төсеп кететiн жұмысты бiр ғана техникамен атқарып шығатын технологиялық әдiстiң пайдасы орасан. Ең бастысы, ала жаздай шабық шабу, жегене жасау, кетпендi көтерiп күндiз-түнi егiстiктi суару сияқты тiрлiктiң бәрi автоматты түрде жасалады. Көктемгi егiс кезiнде әр гектарына 150 мың теңгенiң көлемiнде шығын кетедi. Былайғы диқандар да гектарына бұдан көп қаржы жұмсамаса, аз шығынданбады. Есесiне, тамшылатып суару әдiсiмен еккен алқаптың өнiмдiлiгi бiрнеше есе жоғары болуда.

Осындай жағдайларды салыстыра отырып айтып берген холдинг президенті алдағы жылы қол ұшын беруге дайын екендiгін жеткiздi.

Осылайша өңір басшысының бастамасы Шардарада жүзеге асуда. Енді оның жемісін көретін күн алыс емес.

                                                                                      Т.БОРАЛДАЙ.