Рухани жаңғыру, Тобыштың текті тарланы Қараш Еділұлының туғанына 400 жыл
Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің әрбір азаматына терең ой салып, рухани азық болғаны белгілі. «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықлым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» -деді, Президентіміз Н.Назарбаев. Аталған мақала еліміздің әрбір азаматына тың серпін, рухани күш, ерекше қуатты сезім берді.
Рухани жаңғыруды қуаттап, соның бір айғағы ретінде жақында Жаңаөзен қаласында Адайдың сегіз арысының бірі Тобыштың ұрпағы Еділұлы Қараш Атаның 400 жылдығына арналған алқалы ас, меркелік шара өтті.
Еділұлы Қараштың туралы сөз қозғасақ, Адай-Келімберді- Тобыш,Тобыштан- Ораз, Бегей, Көпес деген ұлдары болған. Тобыштың үш ұлы елдің сом алтынға бағалайтын азаматы болып өседі. Ораз-бай, Бегей-батыр, Көпес –өте ақылды, әрі от жалынды арыстай азамат еді. Үшеуі де арыстандай айбатты, қажырлы да қайратты ер болады.
Көпес жаугершілікке аттанып, ауыр шайқаста қаза болады. Артында он бір жастағы ұлы Еділ қалады.
Қазақ халқының тарихына үңілсек, ата-бабаларымыз елі мен жерін қорғап, ұрпағын сақтап қалу үшін, ғасырлар бойы жаулармен шайқасып, ерлікпен қаза болғаны туралы аңыз бен ақиқаттың ізі тереңге кетсе де, шындық пен шежіренің көзі келешектің күніне жарық төгетін сияқты. Содан болар қазақ жұртында «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөзі терең мағынаға ие болып, ұрпақ өзінің тамыры мен діңгегін үнемі жадында сақтап өскен. Ата-бабаларымыздың өмірі мен тұрмыс тіршілігіндегі елеулі оқиғаларды, өткен тарихымызды жеткізуші кәріқұлақ карияларымыздың даналығы мен өсиет- өнегесі сандықта сақталған бағалы қазынадай ұрпаққа жетті.
Қараш Еділұлы ағымдағы жылы төрт ғасырдың белдеуінен белең алып, мезгіл шеңберінде өзінің тұлғасымен асқақтап тұрғандай. Ол туралы Ыбырайым ахун Құлбайұлының «Алтынды орда қонған жер» шығармасында жан-жақты айтылады.
Қараштың әкесі Көпесұлы Еділ жас кезінен ақ қатарынан озық, соғыс өнерін жақсы меңгерген, қару-жарағын сайлаған батыр тұлғалы ер жігіт болып өседі. Сонымен қатар, әрі сұлу сымбатты, өнерлі, сері болған екен. Оны көрген қыздар сырттай ынтық көрінеді.. Еділ бір тойда Тама руының қызы Айбаршаны кездестіріп, екі жас бірі-бірін ұнатады. Бегей батыр кіші жүз Тама ауылының беделді ақсақалы Нұрмағанбеттің қызы Айбаршаға құда түсіп, қалың малын беріп, Еділді үйлендіреді.
Cол кезеңде Адайлар Сауран айналып, Еділ, Жайық бойына қоныстана бастайды.
Қазақ мемлекетін «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған Есім хан билеген уақыт болса керек. Білегіне қуат, бойында ерлік пен батырлықтың буы балқыған, нағыз жаужүрек батыл саясаткер, буыны жаңа бекіп келе жатқан Есімхан Қазақ мемлекетін қорғап, күшейту мақсатында қанын да, жанын да аяған жоқ. Шығысында қалмақтармен, солтүстік батысында Бухара хандығымен үздіксіз шайқасады.
Ал, Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ойраттардың ноғайлармен айқасып, шапқыншылық жасауы, екінші жағынан орыс қамалдарының қорғанда тұрған әскери бөлімдерімен қақтығысуы, ел тыныштығын бұзып, жаугершілікті күшейте түседі. Көрші жатқан қазақ ауылдарын үнемі талан — таражға салып, ұлдарын құл, қыздарын күң етуге ұмтылған қалмақтардың бетін қайтару да қазақ жауынгерлерінің ар-намыс алдындығы борышы болатын.
Бүгінгі таңға дейін бізге жеткен деректерде Көпесұлы Еділ Айбарша сұлға үйленген соң, арада көп ұзамай қалмақтардың ел шетіне шапқын жасағаны туралы суық хабар келеді.
Туған жерін жаудан қорғау үшін бес қаруын сайлап, жау-жарағын асынып барлық азаматтар түгел жорыққа аттанады. Олардың қатарында Көпесұлы Еділ де бар еді. Қоштасарда сүйген жары Айбарша жүкті болатын. Ол Еділге:
Асыл жарым Еділім,
Асылымсың елімнің
Аққуымсың көлімнің,
Енді маған болар ма
Сені қайта көруім.
Тәңірден менің тілегім,
Сенің аман келуің.
Бойымдағы сәбиді
Өз көзіңмен көруің.
Өте жаман түс көрдім,
Мүмкін мені көрмеуің,
Менің тәңірден тілегім,
Сен жаудан өлмеуің-деп, егіліп жылайды.
Еділ сонда:
Алаштан алған асылым,
Зылихадай ашығым,
Қайғы-мұңды көп айттың,
Неге осылай жасыдың.
Он сегізге сен келдің,
Жиырмаға мен келдім,
Мұнан бір жыл бұрын да
Аттанып жауға келгенмін.
Қаншама айқаста жеңгенмін
… Ұзамай мен де келермін,
Жауды қуып елімнен,-деп қоштасады. («Қышқаша Тобыш, Қараш тегі» толғау-дастан С.Амандықов)
Жауға кеткен сарбаздарынан көпке дейін анық хабар-ошар болмайды. Қалмақтармен соғыс, шапқыншылық пен жорық жуық арада аяқталмайды. Сондықтан да елдің қабырғасы қайысып, қайғыға батып, уайым мен мұңның қара бұлты арылмайды. Айбаршаның да көңілінен кірбің кетпейді. Жүрегіне ұялаған күдіктен арылмай Еділді асыға күтеді.
Айы- күні жетіп толғағы келіп, қайта-қайта есінен танып, қатты қиналып жатқанда да, «Қарашы, қарашы, Еділ келе жатқан жоқ па?» деген сөзді, босанғанша айтумен, жарын көргенше асық болады. Толғағы ауыр болып торсық шеке ұлды 2-3 күн толғатып, қиналып босанғаннан кейін де, соңғы демі үзілгенше «Қарашы, қарашы» деп көз жұмады.
Айбарша өмірден кеткен кезде, жаугершілікте жүрген Еділ қалмақтармен кескілескен шайқаста ерлікпен қаза болды деген хабар келеді. Ел ақсақалдары кеңесіп, анасы Айбарша сұлудың соңғы айтқан сөзі «Қараш» еді ғой деп тірі қалған нәрестеге Қараш есімін береді.
Тобыш ауылы Қарашты Еділ мен Айбаршаның көзі, тұлпардың тұяғы, сом алтынның сынығы деп еркелетіп, еркін өсіреді. Шегем деген ағайыны оны өз баласынан кем қылмай тәрбиелейді.
Қараш ата шамамен 1625 жылы жоғары Адайлардың қонысы Еділ, Жайық өзені бойында өмірге келген. Анасының жатырында жатқанда әкесінен айырылып, ал жарық дүниеге келіп, көзін ашпай жатып шешесінен айырылса да, Тобыш бабаның, оның балалары Ораз бен Бегейдің, бауырлары Жайық пен Шегемнің аялы алақанында болады. Олардың адамгершілігі мен мейрімділігі, шынайы қамқорлығы мен кеңпейілді ниеті, адал ақ көңілі, кіршіксіз шынайы сүйіспеншілігінің нәтижесінде алаңсыз, еркін, нағыз азамат болып ержетеді. Күні бүгінге дейін Тобыш бабадан үлгі алған Қараштардың бір-біріне деген татулығы, ауызбірлігі, азаматтық келбеті мен парасаттылығы, адамгершілігі, қайырымдылығы мен мейірімділігі, әсіресе бауырмалдығы сонау бір тау шыңынан аққан кәусар бұлақтың суындай мөлдіреп тап-таза күйінде ұрпақтарына жалғасып келеді.
Қараш ірі денелі, жауырыны қақпақтай тұлғалы, білегінде қуаты бар, жүрегінде оты бар, айбарлы да қайратты жігіт болып өседі. Ер жеткен соң, өзінің қамқорлығын аямаған ағайыны Шегем оны көрші ауылағы Әлім елінен қыз айттырып, үйлендіреді. Сөйтіп, Тобыш ауылы жақсыдан қалған көзінің қарышығы Еділдің шаңырағын қайтадан көтердік деп қуанып, ұлан-асыр той жасап, Қарашты бөлек отау етіп қондырады. Шынында олардың қуанышы ұзағынан болды.
Қараштан Елтүзер, Өтеп деген екі бала дүниеге келеді. Елтүзерден Меңдібай, Елібақ, Жайыл, ал Өтептен Ақсақал, Байсақал, Жәдік туылады.
Елтүзердің Меңдібайынан Тойғұлы, Шақат, екінші ұлы Елібақтан Толыбай, Жәнібек, Кенжебай, Елтүзердің кенжесі Жайылдан Әйтімбет, Көшімбет туылған. Ал Өтептің Ақсақалы мен Байсақалынан орын жоқ делінеді. Ел аузында «Қараш болды бір ауыл, кіші емес, ірі ауыл» деген мағыналы да маңызы жоғары сөз бар. Айтса айтқандай бүгіндері Қараштың ұрпақтары өз алдына ірі рулы ел болғанын мақтанышпен айтады.
Қараштың ұрпақтары батыр, қажырлы да қайратты, он саусағынан өнері тамған шебер, ақылды да дана ойлы данышпан, тілге шешен, сөзге бай, сахилығы мен жомарттығы елден асқан, қызыр көріп, қыдыр дарыған, атақты да беделді болып қалың елге танылды.
Қараш Атаның есімін ұлықтап 400 жылдығын атап өту туралы бастаманы ел ағасы Қосай Едігеұлы көтерген болатын Содан кейін Қозыбай Насыров, Муфтулла Керимов, басқа да жүрегінде оты бар, жігерлі азаматтар ағайынның басын қосып, ақылдасып, кеңесіп, жан-жаққа хабарласып, ас беруді жоспарлап қыркүйекте өткізуді ұйғарады.
Қараш Атаға арналған аста, ұлттық ою-өрнегімен көркемделіп, көздің жауын алып, қаз-қатар тігілген ақ боз үйлер тігілді. Әрине шаңырағы күннің сәулесіне бөленген ағаш үйлер халқымыздың асыл мұрасын, салт- дәстүрі мен өнерін, тыныс-тіршілігі мен мәдениетін ұрпағына мирас етіп, сүйіспеншілік сезімді бойыңа ұялатады. Көшпелі ата-бабаларымыздың ауылын көз алдыңа әкеліп, мақтанышқа бөлейді. Көк аспанның кемпірқосағындай ілінген түрлі-түсті шарлар мен қызылды-жасылды жалаушалар көз тартарлықтай сән береді. Сахна төріндеі нақышты өрнекпен әсемделіп жазылған «Еділ ұлы Қараш» сөзінің өзі кез келген адамды өзіне жақын тартып, бауырына басатын сияқты. Ал, сахнадағы эстетикалық талғамға сай безендірілген композициалық суретте жаугершілікке аттануға дайын тұрған, қару-жарағын сайлаған, батырдың тұлғасы қалың елін,туған жерін сырт жаудан қорғайтын ерлікті, елдікті, бейнелейді. Батырдың қасындағы ту алтын күннің сары түсі мен тап-таза бұлтсыз, ашық аспанның көк түсімен біте қабысып, «Қараш болды бір ауыл, кіші емес, ірі ауыл»деген толқынды сөзімен алдыңғы өткен бабалар мен бүгінгі келген балалардың өсіп-өнген өркениеті өмірін, келешектің келбетін көрсетеді. Тудағы Адайдың таңбасы, қазақтың ұлттық ою- өрнегі, биік көтерген шаңырақтың суреті де құс жолындай дараланып, Темірқазықтың бағытын беріп тұрғандай әсерде қалдырады.
Екі күнге созылған аста алыс-жақыннан, шет елден, Ираннан, Ресейден, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қараш ағайындар мен қонақтар жан-жақтан ағылып, бірінен соң бірі тоқтаусыз келді. Оларды Қозыбағар Насырұлы, Қосай Едігеев, Ибайдулла Әмелов, Ілесбай Мырзағұлов, Мақсат Бердиев, Муфтулла Керимов сияқты азаматтардың басшылығында Қараштың сайдың тасындай сайланған, құлжа сақасындай асығы алшасынан түскен, елдің жүгін арқалар азаматтары ақ жүрегімен, кең пейілімен қарсы алды. Арнайы дайындалған ағаш үйлерге кіргізіп, қазақы қонақжайлық дәстүрдің үлгісімен дастархан төріне шақырып, сахилығы мен мырзалығын танытты.
Алтын зермен оюланған бешпет пен қажікей, қамзол, кестелеп тіккен ілмелі жаулық пен шашақты орамал тартып, жарасымды көйлек киген Қараштың инабатты қыздары мен иіліп сәлем салған әдепті әйелдері, ибалы келіндері ұлттық әдет ғұрып, салт-дәстүрге лайық, үлкенге құрмет, кішіге ізетпен қонақтарға ашық жарқын жүздерімен сый-құрметін көрсетіп, ұлттық тағамдардан ауыз тигізді. Әрине қонақ күтудің үлгісімен тәрбиелеген Қараштың үлкен әжелері мен бәйбіше аналарымыздың да үлесі бар екенін айтып кеткен жөн.
Алты шақырым тай жарысы мен он бес шақырым ошақ бәйгесіннен кейін кешкі қонақасы берілді.
Дүниеден өткендерге, Көпесұлы Еділ аталарына, Еділ ұлы Қараштың рухына арнайы дұға етіп, 9 құран-хатым бағышталды. Аят-сүреледі 6 молда кезекпен, бірінен кейін бірі оқыды. Ата-бабалырымыздың рухы еске алынып, әке алдындағы перзенттік парыз бен қалың елдің құрметі көрсетілді.
Асқа келген көпшілік әлеумет кешке қарай жаңөзендік өнер жұлдыздарының бұлбұлдай сайрап, тамылжытып салған әнін, жыраулардың таңды-таңға қосып жырлайған батырлар жырын, күйшлердің шалқыған шабытпен күмбірлеткен адуынды күйін,, термешілердің қоңыр үнді дауысымен айтқан өнегелі өсиетін,өмірдің шынайы болмысын насихаттайтын жырау-ақындардың өлеңдерін, бишілердің аққудай мың бұралған билерін, сазгерлердің ән шашуын тыңдап тамашалады. Көрмендердің көптігінен аяқ басар жер қалмады. Олардың шынайы ниеті мен ықласынан болар сахнаның алды жас баладан бастап, үлкенді -кішілі адамдардан бір сәтке де бос болмады.
Өнерпаздардың концертінен кейін, түн ортасында бейбіт аспанның жұдыздарымен таласқан түрлі-түсті отшашулар да асқа келгендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олардың жүздерінен қуаныштың табы кетпей, тапжылмай тұрып күмбезді аспанның астындағы керемет шашудың от ұшқынын тамашалады.
Алыстан ат арылтып, жан-жақтан келген ағайындар, бір-бірімен көрісіп, амандасып, хал-жағдайын сұрап, көптен көрмеген тумаластарымен қауышып, кең ағаш үйде жайылған мол дастархан басында дайындалған дәмді тағамнан ауыз тиіп әңгіме дүкен құрды. Өткен-кеткенді еске алып, аңыз бен ақиқаттың, шежіре мен тарихтың бізге жеткен деректерінен естігендері мен көргендері туралы ой бөлісіп, көңілдің түймесін кең ағытып отырды.
Ертеңінен Адайдың ұрпағы Қараш Еділұлының 400 жылдығына арналған салтанатты ашылу рәсімі Маңғыстау облысының әкімінің орынбасары және Жаңөзен қала әкімі Елубай Әбілов және ел ақсақалдары мен абыздардың қатысуымен басталды. Аталған шарада қала әкімі: “Шежіре қазақ халқының арасында атадан балаға ауызша жетіп, кейіннен қағазға түсіріліп, бірнеше ұрпақтың арасында аманат болып осы күнге жеткен. Сол аманаттың жүгін арқалаған, яғни қазіргі заманда қазақ, қала берді өз руының шежіресін білетін адамдардың қатары сиреген заманда өз ата-бабаларын ұлықтап, рухани жаңғырту аса мағызды дүние. Біздің ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына жеті атасының аты-жөнін, атамекен, өз руынан шыққан белгілі батыр, би, жақсылардың есімін айтып, үйретіп отырған. Бүгінгі батыр Адайдың ұрпағы Қараш Еділұлының туғанына 400 жыл толуына орай өтіп жатқан асы да жоғарыда айтқандарымыздың дәлелі. Елбасының сарабдал саясатын ұстанып, тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Еліміздің болашағын, яғни келер ұрпақтың баянды ғұмыр кешу үшін біздер әлі де талмай еңбек етуіміз керек. Қараш ұрпақтарының сан ғасырлар бойы рудың басын біріктіріп,, рухани негізін сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұшан теңіз екенін айта кетуіміз керек»-деді, Елубай Әбілов. Сонымен қатар, Н.Жантөрин атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрнияз Мұқанов, Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінде оқытушы. Шығыс әдебиетінің әйгілі туындыларының бірі «Тотынама» кітабын [(2005, көне түркі (Шағатай тілінен), Әбіш Қожаның қолжазбаларын (2005)] аударған, жоғары оқу орындарына арналған ағылшынша-қазақша сөздіктің (2006), ағылшынша-қазақша граматиканың (2007) авторы Нияз Тобыш, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Отыншы Раукен Сағызбайұлы тағы басқа алыстан келген көптеген қонақтар құттықтап, сөз сөйледі.
Раукен Сағызбайұлы өзінің атынан қараштың ел ағаларының жауапкершілікпен атқарған қызметтеріне ризашылығын білдіріп Қосай Едігеев, Ибрагим Сүндетов, Абілхайыр Бегебаевты арнайы құттықтап, марапаттап, омырауына төс белгі тақты
Содан кейін Еділұлы Қараштың өмірінен театрланған сахналық қойылым көрсетілді. . Көрермендердің аса қызығып тамашалаған көріністің сценариін жазған Орынкүл Смағұл, қоюшы режисері Ләзат Ерубаева. Өнер иелірінің қойған концертіне, ән мен жырдың, би мен күйдің орындалуына, бағдарламалардың ойдағыдай өтіп, көңілден шығуына Қараштың ұрпағы Орынкүл Смағұлдың қызметі мен еңбегінің айтарлықтай үлесі мол.
«Тобыштың текті тарланы Қараш Еділұлының туғанына 400 жыл» жазба ақындар мүшәйрасы байқауында «Текті тарлан» шығармасымен ақын Аманжол Абдуллаев бас жүлдеге ие болды. «Қараш Еділұлына» өлеңімен жаңөзендік талантты әрі дарынды ақын Тілеген Әли біріші орынды иемденді. «Еділұлы ер Қараш толғау-дастаны мен «Ас-толғау»шығармасымен қазақ халқының шежіреші ақыны Қаржаубай қажы Рейімбайұлы екінші орын, «Атағозы ерім еді Қараштың» толғауымен Қармыс Разбаев екінші орын, , «Бабакүлдік Маңғыстау» өлеңімен Асылбек Жаңбырбаев екінші орын алды. Сайран Құлкенов «Тарпаң текті тұлғалар» өлеңімен үшінші орын, «Тағзым» шығармасымен Ләззат Ерубаева үшінші орын, «Бабаларға тағзым» өлеңімен Бақыт Бөлекбаева үшінші орынға ие болды. Мүшәйраға қатысқан ақындар ақшалай сыйлық пен арнайы алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар 36 шақырым аламан бәйге, 9 шақырым құнан жарыс ұлттық спорттық ойындар, балуандар күресі, семіз қошқар көтеру, алтыбақан тербету басқа да дәстүрлі шаралар асқа келгендерді ішкен асын жерге қоятындай қызықтырып, есте қаларлықтай көңіл күй сыйлады. Көреремендердің қиқуы сәйгүліктерге шабыт беретін,аламан бәйгеге қатысқан отыз екі аттардың ішінен бейнеулік Сәндібек Қалымбектің «Ақбақай» атты тұлпары шашашына шаң жұқтырмай оқ бойы озық келді. Сөйтіп,Қараш Атаның «Лада Гранта» су жаңа авто көлігін қанжығасына байлады. Екінші орында Боранқұлдық Келдібай Ибраевтың «Лашын» сәйгүлігі келіп, бес жүз мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Атыраулық Өнербек Жанбаланың «Нарын» атты арғымағы үшінші болып мәреге жетіп, бағалы көгілдір телевизор сыйлығын алды
Құнан жарыста атыраулық Өнербек Жанбаланың «Қараторғай» аты бірінші орын, Теңге ауылының азаматы Құралбай Ақанның «Зариб» аты екінші орын, Сайын ауылының азаматы Алекен Бөлтековтың «Ақсұңқар» аты үшінші орын алып, бағалы әрі заттай сыйлықтармен марапатталды.
Қазақша күресте бірнеше дүркін «Қазақстан Барысы» сайысында елдің намысын қорғаған, ұлттық балуан күрес өнерін жетік меңгерген алып күш иесі бейнеулік Қараш жігіт Нұрдәулет Жарылғап бас жүлдеге ие болып, төрт түліктің төресі түйені сыйлыққа алды. Қазақтың ұлттық спорттық ойындары да өте қызықты өтті.
Қараш атаның 400 жылдығына араналған шараларға қатысқандардың қай-қайсысы да бағалы заттарға, ақшалай сыйлыққа, алғыс хаттар мен құрметті грамоталармен марапатталып мерейлері үстем болды.
Тобыштың текті тарланы Қараш Еділұлының туғанына 400 жыл дығына арналған шараға жеті мыңға жуық адамдар келді. Адайда өткен талай атақты астың көрінісінің бір куәсіндей болған осы алқалы асқа шет ел Иран, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан , Бесқала өлкесінен Астрахан, Орынбор, Шымкент, Шардара-Жетісай, Көкшетау, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал, Тараз өңірінен Қараш атаның ұрпақтарының барлығы келді. Маңғыстау елінің қалың адай жұрты мен Жаңаөзен тұрғындары бір кісідей қатысты. Екі күнге созылған шарада асқа тігілген үйлерде Қараштың келіндері қонақтарына сары самауырын, жез құмандарымен шайын беріп, қып-қызыл қуырдағымен, ас- дәмін ұсынып, қонақжайлық дәстүрімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Осыншама 6-7 мыңға жуық адамдарға өткен астың барлық жүгін көтерген жаңаөзендік Қараштар. Себебі жаңаөзендік Қараштың шаңырағындағы әрбір азамат пен қатепті қара нарды көтеретін қарулы жігіттер тікесінен тік тұрып қызмет жасады. табақ тартып, қолға су құйып, сорпасын әкеліп жүрген жас боз бала мен азматтарына да ел сырттай сүйсінд. Бұл Қараш ауылы азаматтарының бір біріне деген сыйластығы, татулығы, ауызбірлігі мен көпті көргенділігі, көпті бастаған көсемдігі мен сөз бастайтын шешендігі, бір басшыға, мың қосшының табылатын ынтымақтастығы, өнегелі де ұлағатты тәрбиенің, адамгершілік парасаты биік екенін көрсетеді.
Қараштар жиырма бес таңбалы кіші жүзге, сегіз арыс Адай ата ұрпақтарына, Бекет ата, Қосай ата, Тобыштың ұрпақтарына, елдің беделді азаматтарына , сонымен бірге алыстан келген ағайындарының барлығына сый құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты.
Ас соңында алты қанат ақ ордалы ағаш үйіне жиналған ұйымдастыру алқасының мүшелері Елбасының «Біз жаңғырту жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген сөзін жүзеге асыруды көздеп келешекте атқарылатын міндеттері туралы да ақыл-кеңес өткізді. Рухани жаңғыртуды жалғастыру мақсатында Қараш атаның шежірелік кітабын дайындауды, екіншіден Қараштар туралы кинофильм шығаруды, үшіншіден Маңғыстау өңіріне «Қараш бабаға тағзым» атты ескерткіш монумент салуды жоспарлады.
Қараш атаның 400 жылдығына арналған астан соң, сағынып көріскен ағайындар бірі бірімен қимай қоштасты, алда әлі атқарылар істер көп, ер мойнына артылар жүктің мол екендігін түсініп аттанды.
Маусымжан Диханбаева
Маңғыстау облысы
Суреттің авторы Мұратбай Ұлықпан