Отырарда оңды істер көп

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар өңірінде аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Бұл сессия өзгеше болды десекте жарасады. Өйткені, сессияда халық қалаулыларының алдында аудан әкімі Ерлан Айтаханов есеп берді. Ол үстіміздегі жылы 8 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Әкім есебін тыңдаған депутаттар ауданда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Өйткені, игі нәтижелерді өңірде жүрген депутаттардың өздері де көріп жүр. Тіпті, кейбірі сол жетістіктерге атсалысуда.

Мәселен, экономика саласына зер салып, назар аударсақ. Биылғы жылдың 8 айында әлеуметтік – экономикалық саланың даму көрсеткіші көңіл көншітерлік. Ауданда өндірілген ішкі аймақтық өнім көлемі 29 млрд. 688,0 млн теңгені құраған. Бұл цифр қарқынды жұмысты көрсетеді. Өйткені, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 102,0 пайызға артты.

Отырарда алға қойған міндеттер мен индикаторлар межеден артық орындалып, бюджет жоспары 104,8, кәсіпкерлік саласы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 103,0 пайызға, жеке инвестиция бойынша 2,1 есеге артты.

Мүйізді ірі қара 107, уақ мал 114, жылқы 109, түйе 108, құс 102 пайызға көбейген.

Аудандағы құрылыс тұрғын-үй, жол, абаттандыру, білім, денсаулық, мәдениет және спорт салалары бойынша көрсеткіш жоғары.

                                                                    Т.БОРАЛДАЙ.