Қазақстан Қытайға газ экспорттай бастады
Астанадағы газ операторының Бірыңғай диспетчерлік орталығында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды құбырынан «Орталық Азия – Қытай» трансұлттық құбырына газ жіберу рәсімі өтті. Шымкент маңында орналасқан «Ақбұлақ» газ өлшеу станциясы онлайн-байланысқа шықты. Салтанатты рәсім кезінде Қазақстан Қытайға газ экспорттауды бастады. Шараға ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Қайрат Шәріпбаев, «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Рустам Сүлейманов қатысты. Осыған дейін Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында 5 млрд текше метр қазақстандық газды экспорттау туралы келісімшарт бекітілген болатын. Онда «ҚазТрансГаз» АҚ мен «PetroChina International Company Limited» компаниясы арасында сатып алу-сату шартына қол қойылды. Газдың ресурстық базасы ретінде еліміздің батысындағы кен орындары мен «ҚазТрансГаз» АҚ басқаруындағы жерасты газ қоймаларында жинақталған газ қоры айқындалып отыр. Қытай тарапының газ қабылдау пункті ретінде «Қорғас» шекара бекеті белгіленді. Қазақстан аумағындағы табиғи газды экспорттау маршруты 3 мың шақырымды құрайды, тасымалдау процесіне 10-нан астам компрессорлық станция жұмылдырылған. Отандық газды тасымалдау мен экспорттаудың жаңа дәуірін ашқан тарихи келісімге қол жеткізу жолында еліміздің газ тасымалдау жүйесі толықтай техникалық қайта жарақтандырудан өткізіліп, дипломатиялық менеджмент тұрғысынан да орасан жұмыс атқарылды. «ҚазТрансГаз» компаниясының тобы және газды өндіретін жер қойнауын пайдаланушы компаниялар экспортқа шығатын 5 млрд куб газ үшін қосымша 900 млн доллар пайда табады. Биыл елімізде 40 млрд-тан астам газ өндіріліп, оның 16 млрды экспортқа бағытталады. Ал 13-14 млрд куб газ ішкі нарықта пайдаланылады.