«Серпінге» артқан сенім мол

Павлодар облысындағы кәсіптік және техникалық білім беру колледждеріне «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша төрт жылда 610 студент қабылданған. Қазір біздің өңірдегі орта арнаулы оқу орындарында осы бағдарламамен келген 505 студент білім алуда.

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Қарамбаев бүгінгі «Қоғам келісім» мекемесінде өткен жиында мәлім етті. Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оңтүстік пен батыстан келген іні-қарындастарымыз облысымыздағы жеті колледжге қабылданған. Атап айтар болсақ, Павлодар технологиялық колледжі, Павлодар бизес колледжі, Көлік және коммуникация колледжі, Химия-механикалық колледжі, Красноармейка аграрлық-техникалық колледжі, Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжі және Баянауыл аграрлық-техникалық колледжі. Мұнда оқитын ізденушілердің барлығы жатақханамен қамтамасыз етілген, сонымен қатар, үш уақыт тамағы да бар.

— Оңтүстік пен батыс өңірінің жастары біздің облысқа 2014 жылдан бастап келді. Алғашқы кезеңде 50 бала келген болатын. Одан кейін 2015 жылы 175 студент оқуға түссе, 2016 жылы 185, 2017 жылы 200 баланы қабылдадық. Сонымен барлығы 505 болды. Нақтысын айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысынан 258, Қызылордадан 209, Жамбылдан 32, Алматы облысынан төрт және Маңғыстау облысынан екі студент келді. «Серпінмен» келген жастардың алғашқы легі биыл жазда бітіріп, 65 түлек қолдарына диплом алды, — дейді Жомарт Қарамбаев.

Аталмыш басқарманың кәсіптік және техникалық білім беру бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, биыл бітірген түлектердің жартысы жұмыс бабымен осы жақты мекен етіп қалды. Атап айтқанда, облысымыздағы «Сүт» АҚ, «Сағып» ЖШС, Мойылды санаториясы секілді жеке кәсіпорындар мен бірнеше мейрамханада өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Сонымен қатар, білімдерін жоғарылату мақсатында университететке қайта түскендері де бар.

Ал, Павлодарға колледждерден басқа жоғарғы оқу орындарына түскендердің қатары бұдан екі-үш есеге артық. Облыстық жастар саясатын дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» инсекторы Ғабит Хабиздің сөзінше, биыл С.Торайғыров атындағы ПМУ, ИнЕУ жане ПМПИ-ға 400-дей студент келіп түскен. Ал, оған бұрынғы жылдары келгендерді қосатын болсақ,1500-ге жақындап қалады.

Иә, «Серпін» бағдарламасы жұрттың сенімінен шықты. Бұл ең біріншіден өңіріміздегі мамандар тапшылығын жойып, сирек кездесетін мамандықтардың орынын толтырады. Екіншіден, Оңтүістік Қазақстан және Қызылорда секілді таза қазақы ортада тәрбиеленген жастарды өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірлерге тартуда. Осы арқылы жергілікті ұлттың үлес салмағын арттырып, мемлекеттік тілдің дамуына зор ықпал етуде. Бұдан ұтарымыз көп болмаса, ұтылар жеріміз жоқ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына келген бір сапарында осы «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқып жатқан жастарымен де кездескен болатын. Сонда: «Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Мен оқыған кезде осы тектес жатақханалар болған жоқ. Сіздерге қолайлы жағдай жасалған, оқыңыздар» — деп бір жігерлендіріп тастаған еді.

«Серпін» мемлекеттік бағдарламасын  кейбір саясаткерлер орысы көп облыстардағы тілдік ахуалды оңалтудың оңтайлы жолы деп жүр.  Белгілі қоған қайраткері, тіл жанашыры Дос Көшімнің пікірінше, осы бағдарлама бойынша солтүстікке барған студенттердің барлығын болмаса да жартысын сол өңірге қалдыру жағын қарастыру керек.

— Мысалы оңтүстіктен келген 600 студенттің ең кем дегенде 200-і үйлі баранды болып, осы жақты мекен етіп қалатын болса, бағдарлама нәтижелі болар еді. Екінші бір мәселе, осы жобамен оқуға түскендерге «Серпіннің» негізгі мақсатын да қоса түсіндірген дұрыс. Мысалы, елге белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастырып, білім алумен қатар, сол өңірдің қазақылануына да үлесін қосыңдар дегенді «құлақтарына құйып» жіберу керек. Егер, сол оңтүстіктен келген қазақ жастарының барлығы екі жылдан кейін «орыс болып» кетсе онда «Серпіннен» ешқандай пайда жоқ, — дейді саясаткер.

 

Тілеуберді Сахаба, Павлодар облысы.